Еуропа лигасы. Топтық турнир 

6 тур. В тобы

«Янг Бойз» — «Астана» — 3:0 (Фрай, 63, Оаро, 66, Шик, 71)

— «Астана» қатарынан екінші жыл еурокубоктардың топтық турниріне шықты;

— «Астана» қатарынан екінші жыл еурокубоктардың топтық турнирінде соңғы орында қалды (2015 — Чемпиондар лигасы, 2016 — Еуропа лигасы):

— «Астана» еурокубоктардың топтық турниріндегі ұпай санын жыл сайын арттырып келе жатыр (2015 — 4 ұпай, 2016 — 5). 2013 жылы Қазақстан атынан Еуропа лигасының топтық турниріне тұңғыш рет шыққан «Шахтер» (Қарағанды) 2 ұпай жинаған-ды;

— «Астана» осы екі жылда да соңғы тур алдында ІІІ орын алу мүмкіндігін жоғалтқан жоқ;

— Топтық турнирде 5 ұпай жинап, «Астана» өзінің былтырғы рекордын жаңартты (4 ұпай);

— 2015 жылы Чемпиондар лигасының топтық турнирінде сырт алаңнан 1 ұпай («Галатасарай» — 1:1) иеленіп еді. Биыл Еуропа лигасында қонақта өткізген 3 кездесуде де ұтылды (АПОЭЛ — 1:2, «Олимпиакос — 1:4, «Янг Бойз» — 0:3);

— 2015 жылы «Астана» Чемпиондар лигасының топтық турнирінде 1 ойында ғана («Атлетико» — 0:4) ірі есеппен есе жіберіп еді. Биылғы айқын ұтылысының саны — екеу («Олимпиакос» — 1:4, «Янг Бойз» — 0:3);

— «Астана» доп айырмасы бойынша былтырғы көрсеткішін дәл қайталады. Былтыр да, биыл да топтық турнирде елордалықтар 5 гол соғып, 11 гол жіберіп алды. 2013 жылы Еуропа лигасының топтық турниріне алғаш рет қатысқан «Шахтер»  2 ұпай ғана жинаса да, доп айырмасы тәуірлеу болатын (5:10);

— Қазақстан клубтары қатысқан топтық турнирлерде бас мергендеріміз 2 голдан асырып гол соғып көрген жоқ. 2013 ж — Р.Каньяс, А.Финонченко, 2015 ж — Твумаси, 2016 ж Д.Деспотович қарсыластар қақпасына 2 голдан енгізді;

— Өкінішке қарай, «Астана» сапында Чемпиондар лигасының топтық турнирінде де, Еуропа лигасының топтық турнирінде де ешбір қазақстандық ойыншы гол соққан жоқ;

— «Астана» екі топтық турнирде де бір-бір рет «құрғақ» матч өткізді, яғни, өз қақпасына гол соққызған жоқ. Екі матч та Астанада өтті. 2015 жыл — «Атлетико» (0:0), 2016 жыл — «Янг Бойз» (0:0). 2013 жылы «Шахтер» 6 кездесуде де гол жіберіп алған еді.