Қазақстан премьер-лигасы
32 тур. «Ертіс» — «Астана» — 0:0
«Астана» командасы үшінші жыл қатарынан Қазақстан чемпионы атанып отыр. Соңғы тур алдында елордалықтар кейінге қалдырылған кездесуде «Оқжетпеспен» тең ойнап, «Қайраттан» қол жетпес қашықтыққа ұзап кетті. Сондықтан 32 тур «Ертістің» қола жүлдеге сапарын аяқтау жолында ғана мәнді болды десек қателеспейміз.
«Астана» 3 жыл бойы Қазақстанның үздік командасы атану көрсеткіші бойынша «Ақтөбенің» рекордын қайталады.
«Ақтөбе» 2007, 2008 және 2009 жылдары қатарынан 3 жыл чемпиондықты ешкімге берген жоқ.
«Астана» 2014, 2015 және 2016 жылдары Қазақстан үздігі атанды.
Екі команданы да қатарынан 3 рет чемпиондық атаққа 2 маман жеткізді.
«Ақтөбе» ресейлік Владимир Мухановтың жетекшілігімен 3 чемпиондық тәрелкені иеленсе, «Астана» болгариялық Станимир Стойловтың басшылығымен соңғы 3 жылда ешбір команданы шаңына ілестірер емес.
Қазақстан чемпионы атағына 3 және одан да көп рет қол жеткізген командалар арасында осы «Ақтөбе» мен «Астананың» табысы ғана үздіксіз.
«Астана-1964» — 2000 және 2001 жылдары, «Ертіс» 2002 және 2003 жылдары қатарынан мәреге бірінші жетті. Бірақ олар «чемпиондық дубльден» аса алған жоқ.