ФИФА президенті Джанни Инфантино алдағы уақытта футболдан әлем чемпионатына қатысатын құрамалар саны 48-ге жетуі мүмкін екенін мәлім етті. Бұл мәселе 13-14 қазандағы ФИФА жиналысында қаралады, бірақ нақты шешім келесі жылы қабылдануға тиіс.
— Менің ойымша, финалдық сынға 48 құрама қатысса, жаңа мүмкіндіктер ашыла түсер еді. Бірақ біз аспанда шарықтай бермей, жерге түсіп, чемпионатты бірігіп ұйымдастыру мәселесін талқылауымыз керек. Өз басым 2008 жылы — Швейцария мен Австрия, 2012 жылы Украина мен Польша бірігіп өткізген Еуропа чемпионаттарының ұйымдастыру жұмысына араластым. Бұл жоба өте табысты болды, — дейді Инфантино.
Футболдан әлем чемпионаттары 1930 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Алғаш Уругвайда өткен доп додасына 13 құрама еш іріктеусіз қатысса, одан кейін 1982 жылғы дейін 16 құрама іріктеуден өтіп барып қатысып жүрді. 1938 жылы — Австрия саяси жағдайға, 1950 жылы Үндістан, Түркия және Шотландия өздері бас тартуына байланысты қатысушылар саны азайды.
1982-1994 жылдар аралығында әлемдік доданың финалдық кезеңіне 24 құрама қатысты.
1998 жылдан бері 32 команда бақ сынап келеді.
2018 жылы Ресейде өтетін мундиальға да 32 үздік құрама шығады.
Әлем чемпионы атағын ең көп жеңіп алған құрама — Бразилия (5 рет, 1958, 1962, 1970, 1994, 2002).
Әлем чемпионаттарының барлық финалдық кезеңіне қатысқан жалғыз құрама — Бразилия.
Финалға ең көп шыққан құрама — Германия (4 жеңіс, 4 жеңіліс).
Бүгінге дейін әлем чемпионаттарының іріктеу кезеңдеріне 207 құрама қатысты.
24 құрама үздік төрттікке ілінді, 12 құрама финалда өнер көрсетті.
8 құрама әлем чемпионы атанды.
Еуропа құрамалары әлем чемпионатын — 11 рет, оңтүстікамерикалықтар 9 рет ұтып алды.