Чемпиондар лигасының ІІ турында назар аударған деректер

  • G тобы. «Лестер» өз алаңында «Портуды» 1:0 есебімен ұтып, Чемпиондар лигасындағы алғашқы екі матчында да жеңіске жетті. І турда Англия чемпиондары сырт алаңда «Брюггені» 3:0 есебімен ойсырата ұтқан болатын. «Лестер» клубтар арасындағы ең беделді жарыстың топтық турнирінде алғашқы екі матчында жеңген бірінші ағылшын командасы болып отыр.
  • «Копенгаген» «Брюггені» 4:0 есебімен ұтып, Лига тарихында өз алаңындағы ең ірі жеңісіне қол жеткізді. Ең қызығы, осыдан екі жыл бұрын, 6 қарашада бұл екі ұжым Еуропа лигасының топтық турнирінде Дания астанасында кездесіп, бельгиялықтар 4:0 есебімен жеңіп кеткен еді. Қарымта Чемпиондар лигасында қайтты.
  • D тобы. «Ростов» (Ресей) өз алаңында ПСВ-мен жолығып, 2:2 есебімен тең ойнады. Сөйтіп, өзінің Лигадағы ең алғашқы ұпайына қол жеткізді. І турда «Ростов» сырт алаңда «Бавариядан» 0:5 есебімен жеңілген еді.
  • «Ростовтың» қақпасына ПСВ-ның екінші голын соққан шабуылшы Люк де Йонг өз командасының тамаша жетістігін тіркеді. Оның осы дәл соққысы ПСВ-ның Чемпиондар лигасындағы 100-добы екен. Бұған дейін Голландия клубтары ішінен «Аякс» қана Лигада 100-ден асыра гол енгізген. Қазір амстердамдықтардың көрсеткіші — 129 гол.
  • С тобы. «Селтик» — «Манчестер Сити» — 3:3. Бұл матчта «қалалықтардың» жартылай қорғаушысы Рақым Стерлинг 20 минутта — өз қақпасына, 28 минутта қарсыластар қақпасына гол соқты. Оған дейін ағылшын ойыншыларының ешбірі «мергендіктің» мұндай сипатын көрсете алмапты. Чемпиондар лигасының тарихында өз қақпасына және қарсыластар қақпасына бір матчта гол соққан 12 футболшы бар екен.
  • F тобы. «Боруссия» Д — «Реал» матчының (2:2) 17 минутында есеп ашқан Криштиану Роналду өзінің футболдағы негізгі бәсекелесі Лионель Мессиді артта қалдырды. Ол Лиганың топтық турнирлерінде соққан голдарының санын 51-ге жеткізді. Мессидің еншісінде — «небары» 50 гол.