Голландияның «Утрехт» командасының шабуылшысы Ришайро Живкович кеше түнде футбол тарихындағы керемет жетістікке қол жеткізді.
Ол Голландия кубогының І кезеңінде «Твенте» командасының қақпасына қос доп тоғытып қана қоймай (3:1), жылдамдығымен де ерекше көзге түсті. «Твентенің» қақпашысы Ник Марсман ойынның соңғы минуттарында қарсыластың айып алаңына келіп, есепті теңестіруге үлес қоспақ болған-ды. Алайда «Утрехт» қорғаушылары допты тез алыстатып, алға пас шығарды. Живкович үш қарсыласын басып озып допқа бірінші жетті де, ашық қақпаға гол соқты. Ол осы сәтте 100 метрлік қашықтықты 10,96 секундта жүгіріп өтіпті.
Биылғы тамыз айында жасалған рейтинг бойынша Эктор Бельерин («Арсенал», 35 ш/сағ жылдамдықпен жүгіре алады), Гарет Бейл («Реал», 35,1 ш/сағ), Хуан Куадрадо («Челси», 34,7 ш/сағ) ең жүйрік футболшылар болып танылды. Живковичтің ерекшелігі — ол ойынның соңғы минуттарында, яғни, күші сарқыла бастаған кезде 100 метрді құйындай ұшып өтті..
20 жастағы Ришайро «Утрехт» командасына жалға берілген. Оның құқығына ие клуб — Амстердамның «Аяксы».
(Живковичтің бұл жетістігін «Күннің видеосы» айдарынан көруге болады).