Сергей Хижниченконың Польша құрамасына соққан қос голы Қазақстан құрамасы тарихындағы он сегізінші дубль болды.
Ең алғашқы дубльді 1992 жылдың 26 қазанында екібастұздық шабуылшы Николай Курганский жасады. Ол халықаралық турнирде Қырғызстан құрамасының қақпасына небары 2 минут ішінде (34 және 35 минуттарда) екі гол тоғытты.
Ең жылдам дубль авторы — осы Н.Курганский.
Екінші жылдам дубльді қорғаушы Юрий Логвиненко 2014 жылдың 13 қазанында Чехия қақпасына (Қазақстан — Чехия — 2:4) 7 минут ішінде соқты. Ол 84 және 90+1 минуттарда баспен дәл соққылар жасап, есеп айырмасын қысқартты.
С.Хижниченко да Польшамен ойында 7 минутта (51 және 58 минуттарда) мергендік танытып, Логвиненко көрсеткішін қайталады.
Сонымен қатар, С.Хижниченко Қазақстан құрамасы сапында дубль жасаудан бірінші орынға шықты. Ол бұған дейін Андорра және Қырғызстан құрамаларының қақпасын 2 реттен дәл көздеген болатын. Демек, ол осы жолы үшінші дублін жылнамаларға тіркеп отыр.
Хижниченкодан кейін Р.Балтиев тұр. Ол екі жолдастық кездесуде (БАӘ — Қазақстан — 5:2, Қазақстан — Эстония — 2:0) дубль жасады.