Журналист Серік Қантайдың олимпиадалардағы қазақ балуандарының нәтижесі туралы сараптауын ұсынамыз.

Тарихқа көз жіберетін болсақ, күрес түрлерінен Атланта олимпиадасынан бастап Қазақстан төрт жылдықтың басты додасына 54 балуан апарып, 77 мүмкіндіктің тек 17-сінде ғана жүлде алып, 60 сәтті қолдан шығарып алған.  Біз бүгін Атлантадан бастап Риоға дейінгі балуандардың жолдарын саралап көрмекпіз.


Афинадан бастап олимпиялық бағдараламаға енген қыздар күресінен Саржан Жақсыбеков жаттықтырған алғашқы Бейжің олимпиадасында төрт салмаққа да Қазақстан балуан апарды. Ал ірі жетістікке Қайрат Сағадиев Рио олимпиадасында қол жеткізді. 2016 жылы 6 салмақтың төртеуіне балуан апарған Сағадиев екі қола, бір күміспен елге оралды. Үш қызы жұбаныш белдесу арқылы қолаға күрессе (Екатерина Ларионова, Эльмира Сыздықова жеңіп қола алды, ал Жұлдыз Ешімова жеңілді), Гүзел Манюрова финалда канадалық Эрика Уибеге ұтылып күміс алды.
Осы уақытқа дейін олимпиадаға еркін күрестен 6 балуан апарып келген құрама Сергей Белоглазовтың бапкерлігімен Риоға тек бес балуан апарды, бесеуі де жүлдесіз оралды. Жүлдеге шақ қалғаны Ғалымжан Өсербаев (74 келі): ол қола медаль үшін белдесіп, түрік Сонер Теміртасқа есе жіберді.  2012 жылы Лондон олимпиадасында Алтай Танабевтың бапкерлігімен еркін күрес құрамасы 7 салмаққа да балуан апарды. Соның үшеуі қолаға күресіп, ішінен тек Ақжүрек Таңатаров жүлде алған еді.
Бес Олимпиадада бес балуаннан кем апармаған грек-рим күресінің балуандары Риоға бар болғаны үш азаматты ғана жарысқа қосты. Өкінішке қарай, үшеуі де жүлдесіз! Өздерінің екінші олимпиадаларына қатысқан Алмат Кебісбаев пен Нұрмахан Тінәлиев жүлдегерлер тізіміне енбеді.
Айтпақшы…


Жұбаныш белдесуге мүмкіндік алып, жүлдегер болған тұңғыш қазақ – Әсет Мәмбетов (2008 жыл, Бейжің). Ол 1/16 финалда Асланбек Хуштовтан жеңіліп, ресейліктің финалға шығуына байланысты екі жұбаныш белдесуін сәтті өткізіп, қола медаль үшін болған кездесуде чех Марек Швечті жеңді.
Қыздар күресінен олимпиададағы Қазақстанның алғашқы жүлдесі жұбаныш белдесу арқылы келді. 2008 жылы Бейжіңде 63 келіде күрескен Елена Шалыгина 1/8 финалда Алена Карташовадан ұтылып, ресейлік қыздың финалға шығуы арқалы жүлдеге жол ашты. Шалыгина үшінші орын үшін өткен белдесуде француз Лиз Гольо-Легранды ұтты.


Бейжіңнен Риоға дейін…
1/32 финалдан жеңілді: Рио – 1 (Аслан Кахидзе).
1/16 финалдан жеңілді: Бейжің  — 2, Лондон – 4, Рио – 7 = 13 балуан
1/8 финалдан жеңілді: Бейжің – 5, Лондон – 4, Рио – жоқ = 9 балуан
Ширек финалда жеңілді: Бейжің -2, Лондон – 4, Рио – жоқ = 6 балуан
Жартылай финалда жеңілді: Бейжің – 5, Лондон – 2, Рио – 1 = 8 балуан
Қола медальға күрескендер: Бейжің – 7, Лондон – 6, Рио – 4 = 17 балуан.
Финалда жеңілді: Бейжің – 1, Лондон – жоқ, Рио – 1 = 2 балуан