Аз уақыт бұрын Үкімет сағатында депутат Нұртай Сәбильянов Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына «Оле Бразил» академиясында оқыған жас футболшылар туралы сауал қойды.

– 2009 жылдан бері Бразилиядағы футбол академиясына балалар жіберіліп жатыр. Биыл да белгілі мөлшерде қаражат жұмсалды. Бірақ біз осы балалардың ешқандай жетістігін көрмедік қой. Неге нәтиже жоқ? Мүмкін, жұмысты басқаша ұйымдастыру қажет шығар, – деді депутат.

Шынын айтайық, бізге сұрақтың қойылуы да, министрдің жауабы да ұнамады.

– Біз футбол ұйымдарына үлкен қаржы жұмсап жатырмыз, бірақ нәтиже жоқ, – деді А.Мұхамедиұлы. – Әрине, Бразилиядағы спорт мектептері жақсы дамыған, әлем чемпиондары сол жерлерден шығып жатыр. Бірақ біздің үмітіміз ақталған жоқ. Қазір осы жұмысты талдау-зерттеу шаралары атқарылып жатыр.

Бірінші мәселе: бұл – Президенттік жоба

Тарихқа үңілсек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылдың қыркүйек айында Бразилияға сапарлап барып, бұл елдің сол кездегі президенті Луис Инасио Лула да Силвамен Қазақстанның балалар мен жасөспірімдер футболын  дамытудағы ынтымақтастық жөніндегі келісімге келді. Қазақстанның туризм және спорт министрлігі 80 млн теңге бөліп, қазақстандық өрендерді «Оле Бразил Клаб» академиясында оқытуға іріктеу жасады. 1994 жылы дүниеге келген 26 бала арман арқалап алысқа аттанды. Олар оқуды 2012 жылы бітіріп келіп, әуелі «Астана-1964» командасында ойнайтын болып шешілді. Бірақ бірқатар маңызды мәселелер бой көтергесін, Мәдениет және спорт министрлігі (ол кезде туризм және спорт агенттігі) «Бәйтерек» командасын осы түлектерге арнап жаңадан құрды. Қазір бұл команданы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Штаттағы ұлттық командалар мен спорттық резерв дирекциясы» РМКК бақылауына алып, жағдайын жасап отыр. Демек, бұл – Президенттік жоба. Қазақстан футбол федерациясы талантты балаларды Бразилиядағы академияға іріктеу жұмысына көмек береді, бірақ «Бәйтерек» командасының ішкі саясатына араласпайды. Өткен жылдан бері жас дарындар «Крузейро» академиясында оқи бастады. Қазіргі дейін «Оле Бразилдің» екі маусымдағы түлектері елге оралып, кәсіпқой футболшы ретінде доп тебе бастады.

Әрине, депутаттың 7 жылдан бергі жұмсалған қаржының өтеуін сұрауы өте дұрыс. Бірақ бұл жерде депутат мырза да, министр мырза да спорттың, оның ішінде футболдың өзіне тән ерекшеліктерін ескермей отырғанын баса айтуға тиіспіз. Осыдан келіп, екінші мәселе шығады.

Екінші мәселе: бұғанасы қатқанша шыдасақ

Бразилияға талантты балалар 15 жасында аттанып, 18 жасында елге оралады. Футбол үшін бұл тым жас көрсеткіш. Қазақстанды қойып, әлемде футболдағы кәсіби ғұмырын 16-17 жасында бастап кеткендер сирек. Футболдың бір ғасырдан астам тарихында олардың саны мыңға жетер-жетпес. Кәсіби дегенде, біз жас футболшылардың үлкен командалардың негізгі құрамында ойнау уақытының басталуын айтып отырмыз. «Оле Бразилдің» алғашқы түлектерінен Рауан Сариев ауызға бірінші ілікті. Ол Пеленің Отанындағы «Атлетико Минейро» клубымен шартқа отырып, жастар құрамында ойнады. Сосын «Қайратқа» келіп, премьер-лигадағы 7 матчқа қатысты. «Жетісуда» 2014 жылы ойнап, 25 матчта 3 гол соқты. Өткен маусымда «Ордабасының» намысын қорғап, алаңға 11 рет шықты. Биыл еш командамен шартқа отырған жоқ.

Міне, Рауанның жүріп өткен жолдарының өзі жас футболшылардың кәсіби ғұмырының қаншалық бұралаңға толы екенін көрсетеді. Бразилияда оқып келсең де, Германияда оқып келсең де сен өзіңнің мықтылығыңды дәлелдеуге тиіссің. Оның үстіне, 18-22 жас аралығы – футболшының сақаюына, аяқдоп өнерін толық түсінуіне кететін уақыт. Бұл жаста олардан «аспандағы айды әперуды талап ету» дұрыс емес. Академияда оқу арқылы жас дарын білігін шыңдайды, ал ересектер футболында ол мүлде басқа әлемге тап болады. Мұнда оны бұрынғыша өбектейтін, аялайтын, алаңдайтын ешкім жоқ. Өзіңді-өзің дәлелде – өмір заңы футболда басқаша деген ешкім жоқ.

«Оле Бразилдің» 2012 жылғы түлектерінің ішінен осы күні премьер-лига командалары сапында 5 футболшы бар: Мирас Төлеев («Оқжетпес»), Рафхат Аслан («Тобыл»), Абылайхан Дүйсен, Берік Шайықов, Алексей Родионов («Астана»). Бірақ биыл осы бестіктің ешқайсысы әлі бір де бір ойынға қатысқан жоқ. Премьер-лига командаларының сапында жасы 21-ге толмаған кемі бір ойыншының болуы міндетті кезінде Аслан да, Төлеев те, Шайықов та негізгі құрамда тұрақты ойнады. Сариевтің де жиі бой көрсететіні сол тұс. Биыл олардың қосалқы құрамда отырғанын түсінуге әбден болады. Мысалы, Аслан ойнайтын шепке «Тобыл» хорват Главина деген ойыншыны сатып алды. Төлеевтің орнында Д.Нейн деген 29 жастағы америкалық сақа легионер ойнап жүр. Дүйсен «Астанаға» биыл барды, Н.Ерич, А.Мокин сияқты тәжірибелі қақпашылардың көлеңкесінен шығу оңай болмасы анық. Ал Шайықовқа «Астана» көп мүмкіндікті о бастан берген жоқ, ол «Жетісу» сапында ғана бір маусымды негізгі құрамда өткерді. Демек, өзіміз байқап жүрген бір мәселе бұл жерде мұхиттың арғы жағынан оқып келген балалардың аяғына тұсау салып тұр. Ол – футболымызда легионерлердің тым көптігі. «Айқында» көтерген бір тақырыбымызда осы күні қазақ командаларының негізгі құрамындағы 8-9 футболшының шеттен келгенін айтып өткенбіз. Ақша мол құйылатын және нәтиже дереу талап етілетін қазіргі жағдайда жастардың «түбіне су құйып, аялап, баптап өсіруге» бапкерлердің дені құлықты емес. Қазір «Тараз» командасында ғана жасы 20-ға я жетпеген, я енді асқан 9 жас жігіт ойнап жүр, басқаларында тіпті жоқтың қасы. Осындай жағдайда «бразилиялық» дарындарымызға «неге мықты емессің?» деуіміз артықтау.

Үшінші мәселе: кім қайда ойнап жүр?

2012 жылғы түлектерден футболды мүлде қойып кеткендер – төртеу (Евгений Алфимов, Армас Құрманәлі, Азамат Серікұлы, Елдар Ғаниев). Ойнаған командалары жабылып, жолортада қалғандар –  төртеу (Әбдімәлік Сәрсекбаев – «Лашын», Шыңғыс Сапарбекұлы – ЦСКА, Магомед Парагульков пен Мұрагер Берікқазиев – «Спартак»), ауыр жарақат алып, футболдан қол үзуге тура келгендер – біреу (Фархат Жәнібеков). Басқаларының бәрі ешқайда кеткен жоқ, еліміздің командаларында. Премьер-лигадағы бесеуінен бөлек, Тимур Бахриден, Әсет Сексенбаев, Серікболсын Кененов, Андрей Неупокоев «Оқжетпес» пен «Жетісудың», «Тобыл» мен «Ақжайықтың» жастар құрамында жүр. І лигада Алмат Тілеуқабылов пен Олжас Ілиясов («Қайсар»), Қуат Мырза мен Бағлан Бөрібай («Қыран»), Аслан Сүлейменов пен Виктор Павленок («Екібастұз»), Мұрат Қаламбеков пен Мұхтар Қалымбетов («Бәйтерек») бар. Рауан Сариев әзірше ешбір командада жоқ, бірақ жазға қарай қайта көріп қалуымыз ғажап емес. Сонда 26 түлектің 17-сі футболмен белсене айналысып жүр. Бұл аса сорлы көрсеткіш емес. Осы ойыншылардың баршасы дерлік Қазақстан жасөспірімдер, жастар құрамасында ойнағанын да ұмытпайық. Демек, ересектер футболына кіріккенше бұл жастар өздері өтуге тиіс сатылардың бәрін артта қалдырды. Енді ары қарай кәсіпқой футболшы бола ма, болмаса өмір жолын басқа тараптан іздей ме – өздеріне байланысты.

2015 жылғы түлектерден премьер-лигада Владислав Васильев («Шахтер») бар. Ол өткен жылы кеншілер сапында негізгі құрамда 15 матчқа қатысып, 1 гол соқты. Биыл әзірше 7 турда алаңнан бой көрсеткен жоқ. Бұл шақырылымнан 2015 жылы ешбір командада төбе көрсетпегендер – төртеу (Ерназар Құмар, Асқат Садыров, Әлібек Батырбеков және Абай Сайфуллин). Биылғы премьер-лига командаларының жастар құрамында Айболат Макуов пен Әбілмансұр Рашетов («Атырау»), Руслан Әлімбаев пен Сергей Комаров («Шахтер»), Жасұлан Шубаев («Тобыл»), Айсұлтан Сейдахмет пен Шыңғысхан Ахласов («Жетісу») сияқты футболшылар тіркелген. І лигадағы «Қыран» командасында Бекжан Тоқтарбай ойнайды, ал «Бәйтеректе» 12 түлек алаңға шығып жүр.

Төртінші мәселе: мамандар пікірі

Фархат Жәнібеков, «Оле Бразил» академиясының 2012 жылғы түлегі:

– Елге оралған соң «Бәйтеректе», «Астана» командасының жастар құрамында ойнадым. Екі аяғымнан бірдей ауыр жарақат алған соң, футболдан қол үзуге тура келді. Қазір басқа жұмыс қарастырып жатырмын, футболдың маңынан жұмыс табылып қалатын сияқты. Екі ретте де тіземдегі айқыш байланыстырғыштар жыртылып кетті. Қазір денсаулығым жақсы, бірақ бір қол үзіп қалған соң команда табу қиын екен. «Қайратта» ойнауды армандайтынмын. 2012 жылы Алматыда байқаудан да өттім. Қайрат Советайұлы жақсы шаруалар атқарып жатыр, оның игілігі ұшан-теңіз болмақ. Бірақ жанкүйерлер де, журналистер де бізден ерекше нәрсе күтіп, қазір сырт айнала бастағандай. «Ой, «бразильчиктер» түк бітірмеді ғой» дегендей пікірлерді көп естиміз. Бірақ футболдың ерекшелігін түсіну керек. Қазір премьер-лигада Рафхат, Мирас, Берік, Абылайхан, Алексей сияқты бірге оқыған достарым ойнап жүр. Олар біздің бекер оқымағанымызды әлі-ақ дәлелдейді.

Сейілдә Байшақов, ҚФФ вице-президенті:

– Қазақстан футбол федерациясы Бразилияда оқыған балаларды іріктеуге практикалық көмегін берді. «Әркімнің танысы кетті, талантты балалар сырт қалды» деген әңгімені жиі естиміз. Мұның бәрі бос сөз. Бразилияға үш ретте де жергілікті балалар мен жасөспірімдер мектебінің дарынды оқушылары алынды. Біз шынайы мықтыларды таңдадық. Жас дарындарымыз қайта біздің елдегі футболдың жаңа бетбұрысына жол ашты. Елімізде де футбол академиялары ашыла бастады. Әуелі «Қайрат» ашып еді, артынша футбол федерациясы оңтүстікте жаңа академияның тұсауын кесті. Ал «Оле Бразил» түлектерінің қазір көзге түсіңкіремей жүргенін түіну қиын емес. Премьер-лига командаларында негізгі құрамда бір мезетте 6 легионер алаңға шыға алады. Басқа бес орынды ұлттық құрама мүшелері толтырады. Демек, жастарға жарып шығу қиын. Бірақ олар ертең-ақ өсіп-жетіледі, естияр тартады. Сөйтіп, футболымыздың ар-ұятына айналады. Мен осыған күмәнсіз сенемін.

(«Айқын» газеті, 27.04.2016 жыл)