Қазақстан премьер-лигасы
1 тур. 9-10 наурыз
Футболдан Қазақстан премьер-лигасы биылғы жаңа бәйгесін өткен аптада бастады. Футбол жанкүйерлері бірнеше ай тек шетелдік чемпионаттарды қадағалап, еліміздің футбол додасын асыға күткені шындық. Өйткені Доңыз жылы бәсекеге толы. Ішкі жарыстар мен еурокубоктарды айтпаған күннің өзінде, биыл ұлттық құрама Еуро-2020 іріктеу кезеңін бір жыл ішінде аяқтайды. Сондықтан әрбір жаңалыққа құлағымыз түрулі, көңіліміз алаңдаулы.
Алғашқы тур сенімімізді алдамаған сыңайлы. Бұл турда:
а) 20 доп соғылды. Оның 13-ін қазақ футболының түлектері енгізді;
ә) Төрт команда қарсыласын ірі есеппен ойсырата жеңді. 2018 жылғы алғашқы турда жалғыз ғана ірі есеп тіркелген еді;
б) Қостанайда «Тобыл-Арена» манежінде ел біріншілігінің алғашқы ойыны өткізілді. Қостанайлықтар 3 мың орындық манежді толық толтырды;
в) «Астана-Арена» стадионына 10 мың адам келді. Өткен жылы бірінші турда «Астана» — «Ақжайық» (3:0) кездесін небары 2 мың адам ғана тамашалап еді;
г) Үш ойыншы (Жақсылықов, Тұрысбек, Перцух) джокерлік гол соқты. Өткен маусымның алғашқы турында мұндай гол жалғыз ғана болған еді (Нагаев, «Ордабасы»);
ғ) Биыл алғашқы турда пенальти мүлде белгіленген жоқ. 2018 жылы алғашқы турда б1 пенальти белгіленіп, оны Асланбек Кәкімов («Ақтөбе») Қызылордада «Қайсар» командасының қақпасына енгізген еді.
Матчтарға жеке-жеке тоқталсақ:
«Ордабасы» — «Шахтер» — 3:0 (Жоао Пауло, 71, 83, Махлангу 79)
Ойын есебіне қарап, шымкенттіктер «Шахтерді» бас көтертпей жеңді деуге болар еді. Алайда бұл күні кеншілердің жолы болмады. Олар «Ордабасы» қақпашысы Д.Непогодовпен кемі үш рет бетпе-бет шығып, қақпаны таңбалай алмады. Ал «Астанадан» «Ордабасыға» ауысқан шабуылшы А.Щеткин бұл кездесуде үш гол пасын шығарып берді. Шымкенттік команданың жаңа шабуыл жұбы Жоао Паулу мен Май Махлангу жеңіске зор үлес қосып, алдағы қарсыластарын үрейлендіріп те қойғандай. Өткен жылы осы екі команда алғашқы турда Шымкентте ойнап, жергілікті ұжым 2:1 есебімен жеңіп еді. Биылғы жеңіс әлдеқайда қомақты болып тұр.
«Жетісу» — «Окжетпес» — 5:1 (Махамбетов, 9, Наумов, 14, Алтынбеков, 30, Адамович, 78, Жақсылықов 86 – Молдақараев, 55)
«Жетісу» премьер-лигаға оралған «Оқжетпесті» тас-талқан етіп жеңді. Әрине, жас бапкер Андрей Карпович әлі талай от пен судан өтері анық. Дегенмен қарсыласқа ашық футбол ұсынудың осындай ауыр салдары болатынын көңіліне түйе беруге тиіс. Бұл кездесудің назар аударарлық бірнеше ерекшелігі бар. Біріншіден, І лиганың өткен жылғы бас мергені А.Махамбетов бас лигада да көлеңкеде қала қоймайтын сияқты. Ол есеп ашып, биылғы Қазақстан премьер-лигасының алғашқы голының авторы атанды. Екіншіден, бұған дейін «Жетісудың» қосалқы құрамында ғана ойнаған А.Жақсылықов премьер-лигадағы алғашқы матчында мергендікпен танылды. Соңғы жылдары мерген шабуылшыларды көзден таса етіп алғандай едік, Айбардың бұл қадамын жақсылыққа жорып отырмыз. Үшіншіден, «Жетісу» өткен жылы алғашқы алтылыққа ілінуін зор оқиға деп бағалаған жоқ. Алматы облысының командасы өз әлеуетінің еурокубоктарға таласуға жететініне сенімді. Енді соны іспен дәлелдеу басталған секілді.
«Тобыл» — «Ертіс» — 3:0 (Нұрғалиев, 17, 35, Тұрысбек, 80)
«Тобылдан» ойсырай жеңілсе де, «Ертіс» бұл кездесуде жаман әсер қалдырған жоқ. Бір Дарабаевтың өзін есеп айырмасын қысқартатын екі мүмкіндік болды. Ойын тағдырын капитан шешті: А.Нұрғалиев 17 минутта айып добын шебер орындаса, 35 минутта М.Фединнің пасын мүлтіксыз пайдаланды. Екінші таймда ол хет-трик жасауға жақын болып еді, алайда қақпашымен бетпе-бет шығып тұрып, допты дұрыс тебе алмады. Осы екі дәл соққы Азатты Қазақстан чемпионаттары тарихындағы үздік сұрмергендер көшінде 27 орынға шығарды. Нұрғалиев ҚПЛ-дағы доптарының санын 70-ке жеткізді. Қазір премьер-лигада Азаттан көп гол соққан екі мерген ғана бар: М.Хайруллин («Қайсар») – 80, Т.Нөсербаев (әзірге ешбір командада емес) – 75 гол авторы. Ал Б.Тұрысбек екінші жыл қатарынан алғашқы турда доп соғып отыр.
«Қайрат» — «Тараз» — 2:0 (Нұрмұғамет, 26, Әбікен, 67)
Суперкубоктағы сәтсіздіктен кейін «Қайрат» чемпионатты сәтті бастауға тырысты. Негізгі құрамның 5-6 ойыншысы жарақаттанып жатқанда, жас футболшылар сенімді ақтаған секілді. Бұл кездесуде «Қайраттың» өз мектебінің түлектері жеңіс әкелді. Р.Нұрмұғамет пен А.Әбікен алыстан дәл соққы жасап, премьер-лигаға оралған «Таразды» бос қайтарды. Айта кету керек, Рифат та, Айбол да Қазақстан чемпионаттарындағы екінші доптарын енгізіп отыр.
«Қайсар» — «Атырау» — 0:1 (Мәжитов, 2)
Турдағы ең күтпеген нәтиже осы. «Қайсардың» ерекше басым болғанына қарамастан, В.Кумыков шәкірттері ойын соңына дейін бір гол айырмасын сақтай алды. Ең бастысы, бұл допты өткен жылы ауыр жарақат алып, сегіз ай футболдан тыс қалған талантты жас футболшы Д.Мәжитов соқты. Бұл – Дәуреннің премьер-лигадағы алғашқы дәл соққысы. «Атырау» биыл сырт алаңда жеңіске жеткен бірінші команда болып отыр.
«Қайсар» 2018 жылғы маусымды да өз алаңындағы сәтсіздікпен бастаған болатын. Қосалқы құрам ойыншыларынан жасақталған «Ақтөбе» Қызылордада жергілікті команданы 1:0 есебімен тізе бүктіріп кеткен-ді.
«Астана» — «Ақтөбе» — 4:1 (Томасов, 19, 39, Логвиненко, 33, Перцух, 90+3 – Әйімбетов, 3)
«Ақтөбеліктер» соңғы сәттерге дейін жаңа ойыншылар тіркеуге мүмкіндік беріледі деп күтті. Алайда бұрынғы қорғаушы А.Аделейенің қарызын толық жапса да, ФИФА әлі «пентакампеондарға» рұқсат бермей отыр. Астанадағы кездесуде В.Седневтің жас командасы бірінші есеп ашқанмен, чемпиондар түк те сасқан жоқ. Хорватиялық мықты М.Томасов қос гол соғып, қос доптың пасын шығарып беріп, «Астананың» сенімді жеңісіне жол ашты. Ақтөбе футболының түлегі Ю.Логвиненко жеңіс голын соққанмен, қуанышын жасыра білді. «Астана» биылғы чемпионатта жігерлі жеңіске жеткен алғашқы команда болып отыр.
Келесі тур ойындары 15 наурызда өтеді. Бұл күні «Ордабасы» — «Ақтөбе», «Атырау» — «Ертіс», «Қайсар» — «Жетісу», «Тобыл» — «Тараз», «Қайрат» — «Шахтер», «Астана» — «Оқжетпес» жұптары кездеседі.