Сәкен СЫБАНБАЙ

Әлемдік доп додасының алғашқы матчында Ресей құрамасы Сауд Арабиясы футболшыларын 5:0 есебімен ойсырата ұтты.

Шыны керек, мұндай ірі жарыстардың тұңғыш кездесулері әдетте оқыс оқиғадан ада, қызықтан жұрдай, голға сараң келеді. Сондықтан бұл жолы да телеэкранға телміріп отырып үміттен гөрі күдікке көбірек бой алдырғанымыз рас. Бірақ нәтиже басқаша болды: беташар матч Ресей құрамасының ғана емес, статистиканың да нағыз бенефисіне айналды!

Біріншіден, мұндай ірі есеп әлем чемпионатының тұсаукесер ойынында тұңғыш рет тіркелді.
Екіншіден, бұл – жалпы беташар кездесулердегі жалғыз ірі жеңіс.
Үшіншіден, тұңғыш рет тұсаукесер кездесуде қосалқы құрам ойыншылары гол соқты. Және біреу емес, екеу емес, үшеу!
Төртіншіден, бұл чемпионаттың алғашқы добы жылдамдығы жөнінен төртінші орынға шықты: 1. Сезар Сампайо (Бразилия, 4-минут, 1998), 2. Филипп Лам (Германия, 6-минут, 2006). 3. Марсело (Бразилия, автогол, 11-минут, 2014). 4. Юрий Газинский (Ресей, 12-минут, 2018).
Бесіншіден, Артем Дзюба алаңға шыға сала гол соғып, ойынға қосылғанына толық 1 минут өтпей жатып қанжығасын майлаған мына шапшаң мергендердің қатарын толықтырды: Эббе Санд (Дания, 1998), Ричард Моралес (Уругвай, 2002), Фред (Бразилия, 2006) және Маркос Уренья (Коста-Рика, 2014).
Алтыншыдан, Денис Черышевтің қос голы – беташар матчтардағы төртінші «дубль»: бұған дейін неміс Мирослав Клозе мен костарикалық Пауло Сезар Ванчопе (2006), сондай-ақ бразилиялық Неймар (2014) нысананы қос-қостан дәл көздеп еді.
Жетіншіден, Ресей құрамасы финалдық турнирлердегі өз рекордын қайталады: 1994 жылы олар Камерунды да бес доп айырмасымен (6:1) жеңген болатын. Бұл – ресейліктердің әлем чемпионаттарындағы небәрі үшінші жеңісі (КСРО кезеңін қоспаймыз).

Жалпы, осындай беташар кездесулердің пайда болғанына биыл 52 жыл толды. Оған дейін қатысушы командалар келген бетте-ақ шүу десіп, додаға тобымен қосылып кете баратын. 1966 жылы ғана ұйымдастырушылардың қиялына «елдің бәрінің ес-түсін алатын әлемдік футбол тойын бар сән-салтанатымен бастайтын ерекше дәстүр енгізсек қайтеді осы?» деген ой келе қалды. Мұндай бастаманың басқа емес, дәл осы спорт түрін ойлап тапқан ұлттың баласының басында пайда болғанын кездейсоқтық дей аласыз ба?

Алайда беташардың сәні келіскенімен, біраз уақытқа дейін мәні келіспей жатты. Ойлап қараңыз: қатарынан төрт әлем чемпионатының тұсаукесер матчында қақпа торы бір бүлк еткен жоқ! Ашылу салтанатына тамсанып, алабұртып отырған жанкүйер жазғанның көзін тым болмаса бір голмен алдай салуға Англия мен Уругвайдың да (1966), Мексика мен КСРО-ның да (1970), Бразилия мен Югославияның да (1974), Германия мен Польшаның да (1978) шамасы келмеді. Сең 82-де ғана бұзылып, беташар кездесудің 63-минутында бельгиялық шабуылшы Эрвин Ванденберг Аргентина құрамасының қақпасын дәл көздеді. Содан бері, Құдайға шүкір, доп додасының тұсауын кесушілердің құрығанда бірінің қанжығасы майланбай қалған емес:
1986 Италия – Болгария – 1:1
(Альтобелли, 44 – Сираков, 85)
1990 Аргентина – Камерун – 0:1 (Омам Бийик, 67)
1994 Германия – Боливия – 1:0 (Клинсманн, 61)
1998 Бразилия – Шотландия – 2:1
(Сезар Сампайо, 4. Бойд, 73, автогол – Коллинз, 38, пен.)
2002 Франция – Сенегал – 0:1 (Буба Диоп, 30)
2006 Германия – Коста-Рика – 4:2
(Лам, 6. Клозе, 17, 61. Фрингс, 87 – Ванчопе, 12, 73)
2010 Оңт.Африка – Мексика – 1:1
(Тшабалала, 55 – Маркес, 79)
2014 Бразилия – Хорватия – 3:1
(Неймар, 29, 71, пен. Оскар, 90 – Марсело, 11, автогол)
2018 Ресей – Сауд Арабиясы – 5:0
(Газинский, 12, Черышев, 43, 90+1, Дзюба, 71, Головин, 90+4)

(Getty Images фотосы)