2002 жылғы әлем чемпионы, даңқты футболшы Ривалдо күні кеше былай деді: «Неймардың кетуі футболдың ескі ақиқатын тағы дәлелдей түсті. Ойыншылар келеді, кетеді – бәрібір команда қалады». Иә, бұл шындыққа еш күмәніміз жоқ. Дегенмен дәл осы Неймар бүгінде футболға төңкеріс жасады. Ол футболдағы қаржы әлемін төңкерді. Әрине, жаман жағына…

Бұған дейін футболдағы ең қымбат ойыншы болып Поль Погба («Манчестер Юнайтед»)  саналып келген-ді. 2016 жылы ол «Ювентустан» «Манчестер Юнайтедке» 105 млн еуроға сатылды. Биыл Неймар бұл рекордты екі есе жаңартып, «Барселонадан» «Пари-Сен-Жерменге» 222 млн еуроға ауысты.

Шындығында, «ПСЖ» бүкіл әлемнің аузын айға қаратып кетті. УЕФА біраздан бері клубтарға «фейр-плей» заңын ұсынып,қаржы шегінен аспауды міндеттеп еді. Яғни шығысы кірісінен әлденеше есе асып кетпеуі тиіс етіп мәжбүрлеген болатын. Жылдың шығыны 30 млн еуродан асып кеткен команда «фейр плей» талабын сақтамаған болып саналуға тиіс еді. Бірақ «Пари-Сен-Жерменнің» миллиардер қожайындары бұл талапты айналып өтудің ретін тапты. Олар не істеді? Әуелі Неймардың өзін қызықтырды. «Алтын доп» иеленгің келе ме? Онда сен неге «Барселонада» Лионель Месси мен Луис Суарестің тасасында жүрсің? «ПСЖ-ға» келсең, алдыңнан даңғыл жол ашылады. Бізге де жақсы. Сенің көмегіңмен Чемпиондар лигасын жеңіп алуға мүмкіндігіміз зор», – деді олар.

Бұл лебізге Неймар майдай еріді ме, әлде 5 жыл ішінде 150 млн еуро табатынына мастанды ма, әйтеуір, ауысуға келісті. Дәл қазір әлемде Испанияның Ла-Лигасы өте мықты саналады. Осы лигадан Францияның 1 Лигасына ауысу, жұқартып айтқанда, сәл ақымақтау адамның ісіндей көрінер еді. Бірақ Неймар бәрін тәрк етті.

«ПСЖ» «Барселонаға» әуелі тікелей ұсыныс жасап көрді. Алайда каталондықтардың президенті Хосеп Мария Бартомеу үзілді-кесілді бас тартты. Кейін ол осы трансфердің қалауына мүлде бағынбағанына өкініш білдірді. Шындығында, Неймардың келісім-шартында оны «Барселонадан» сатып алғысы келетіндер 222 млн еуро көлемінде төлем жасауға тиіс деп көрсетілген-ді. Бартомеу мұндай ақшаны әлемнің ешбір командасы төлей алмағанына сенімді болған секілді. Бартомеу ғана емес, бүкіл әлем сенімді болды ғой. Сондықтан «ПСЖ-ға» иелік ететін Qatar Investment Group комапнаиясының қожайындары келіп, «Барселона» қалаған ақшаны төлейтінін айтқанда, ол ғана емес, бүкіл әлем таңдай қақты. Бірақ париждік клуб «фейр-плей» талабын қалай сақтамақ? Оның қожайындары бұл жұмбақтың да шешуін тапты. Олар Неймарды 2022 жылы Қатарда өтетін футболдан әлем біріншілігінің ресми өкілі ретінде жариялап, оған тиесілі ақшаны осы қазір аударуға тиесілі екенін білдірді. Сөйтіп Неймар әлемдік доданың елшісі ретінде бұйырған қаламақысымен өзін «Барселонадан» сатып алды.

Бір қарағанда, өте мықты жүріс. Алайда бұл қазір футболдың айналасында ұят дейтін категорияға орын аз қалып тұрғанын дәлелдегендей болды. Өз трансферін өзі сатып алған Неймар бір сағат ішінде еркін агент болып шыға келді. Оның төрт тарабы да ашық, қайда барам десе де еркі. Осылайша «бос қалған» ойыншыны «ПСЖ» бауырына баса қойып, 2022 жылға дейін келісім-шарт ұсынды. Жыл сайын салықты есептемегенде Неймар 30 млн еуро табыс табады.

Осылайша, футболға үлкен өзгеріс келді. Әзірше «Манчестер Сити», «ПСЖ» сияқты мықты командаларды иеленген қатарлық бай арабтардың ақшасы сарқылар түрі жоқ. Демек, олар қалаған ойыншысын қалаған бағаға қалаған уақытында сатып алуы мүмкін.

Бұдан 20-30 жыл бұрын ғана командалар қаржыны жанкүйерлері арқылы табатын еді. Футболка сататын, маусымдық абонементтер ұсынатын, матч барысында шоу-бағдарламалар ұйымдастыратын. Қазір мұндай табыс көл-көсір кірістің бір тармағы болып қана қалды. Футболды телевидение арқылы көркейту де бір дәуір болды. Мысалы, ағылшын премьер-лигасы әлемнің 160-қа жуық еліне көрсетіледі. Әр елдің жетекші телеарналары өте ірі көлемде ақша төлеп, премьер-лига ойындарын көрсету құқығын иеленеді. Осы құқықты сатып алудан түскен қаржы командаларға бөлінеді де, олардың табысының басым бөлігі болып саналады.

Міне, алпауыттар неше жыл қалыптасқан осы заңдылықтардың бәрін белден басып жатыр. Қазір Еуропада тасасында небір байлар мен компаниялар жоқ командалардың таңдаулы болуы екіталай. Ендеше, алдағы бес-он жыл ішінде біз Неймар үшін төленген 222 млн еуроны орташа сома деп есептеуіміз де мүмкін.

1990 жылдардың басында футболшылардың 5-10 млн долларға бағалануы шетін жағдай саналатын-ды. Мысалы, Германияның белгілі футболшысы Бернд Шустер сол жылдары өзінің бағасы 1,5 млн доллар болғанын айтады. Сол кездің өлшемімен қарағанда өте үлкен баға. Бірақ қазір 1,5 долларға ортақол футболшыны алуыңыз екіталай. Жақында Испанияның «Реал Сосьедад» командасы «Манчестер Юнайтедтен» Аднан Янузай есімді футболшыны 10 млн. еуроға сатып алды. Осы Янузайыңыз кезінде манкуниандықтар сапына сән-салтанатпен ауысқан еді. Бірақ «Олд Траффордта» ол өзін көрсете алмады. Германияның екі командасына жалға беріліп, биыл Испанияға жол тартты. Арыны қойып, 2000 жылдарды алсақ, Янузайдың шын бағасы 300-400 мың доллар ғана болар еді. Қазір әлі де талантты саналатын, бірақ барған жерінде көптің бірі болып қала беретін футболшы үшін де бас айналдырарлық ақша төленеді.

Оны айтасыз, «Бавария» жақында «Реалдан» колумбиялық Хамес Родригесті жалға алды. 10 млн еуроға! Сатып алған жоқ, уақытша «пайдаланатыны» үшін ғана 10 млн «құнды» қағаз санап берді. Жалдың құны осынша болып тұрған соң, футбол әлемінің естен танып жатқанын мойындамай қайтейік…

Осылайша миллиондар ойыны саналатын футбол ғаламшарымыздағы ең бай адамдардың байлық жарысына айналып бара жатыр. Ақырын берсін…