Кеше кешке Алматы қаласында балуан Нұрбақыт Теңізбаевқа Бейжің олимпиадасының күміс медалі ресми түрде табыс етілді.
Жүлдені Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиялық комитетінің бас хатшысы Данияр Әбілғазин табыстады. Бұл туралы ҰОК-тың ресми сайты хабарлады.
Өткен жылы Халықаралық олимпиялық комитет (ХОК) Бүкіәлемдік антидопинг агенттігімен бірлесе отырып, Бейжің-2008 ойындарына қатысқан спортшылардың допинг сынамасын қайта тексерген еді. Грек-рим күресінен 60 келіде күресіп, финалда жеңілген әзербайжандық Виталий Рагимовтың сынамасынан рұқсат етілмеген заттар қалдығы шығып, ол күміс медалін қайтарып берді. Теңізбаев олимпиаданың жартылай финалында осы Рагимовке есе жіберген еді.
Н.Теңізбаевтың Бейжің олимпиадасындағы жеңіс жолы мынадай:
1/8 финал. Стиг-Андре Берге (Норвегия) — 3:0, 3:0
1/4 финал. Юң Жи Хиун (Оңтүстік Корея) — 1:2, 3:2, 2:0
1/2 финал. Виталий Рагимов (Әзербайжан) — 1:1, 0:7
ІІІ орын үшін. Шең Жиаң (Қытай) — 4:1, 1:2, 3:0
Жаңа шешім бойынша, Бейжің олимпиадасының грек-рим күресі бойынша 60 келі салмақ дәрежесіндегі жеңімпаздар төрттігі мынадай:
1. Исламбек Әлбиев (Ресей)
2. Нұрбақыт Теңізбаев (Қазақстан)
3. Руслан Түменбаев (Қырғызстан)
3. Шең Жиаң (Қытай)
Қазір Н.Теңізбаев – Алматы облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры. Күміс медальдің өзіне табысталатыны жайлы пікірін балуан біздің порталымызға берген сұхбатында да айтқан еді.