Футболдан Бразилия олимпиялық құрамасы Рио олимпиадасының чемпионы атанды. Финалдық матчта алаң иелері Германиямен негізгі уақытта тең ойнап, пенальти сериясында 5:4 есебімен басым түсті. Неймардың 26 минутта соққан голына немістер Мейердің дәл соққысымен 59 минутта қарымта қайырды. Ал ойын соңындағы пенальтиде бразилиялықтар 5 соққыны да мүлтіксіз орындаса, Германия сапынан Нильс Петерсен қателесті.
Сөйтіп, Бразилия құрамасы футболда өзіне 108 жыл бағынбай келген биіктің басын идіріп, әлемдегі ең атақты команда екенін нықтай түсті. Футбол олимпиада бағдарламасына 1908 жылы енгізілген. Содан бері Бразилия құрамасы 3 күміс (1984, 1988, 2012), 2 қола (1996, 2008) иеленіп, алтынға бір жете алмай-ақ қойып еді. Биыл осы олқы тұсты толтырып, «Мараканаға» жиналған 100 мыңға жуық көрерменнің көз алдында олимпиада алтынын жұлып алды.
Бразилия құрамасы — ірі дәрежелі турнирлердің бәрінде топ жарған әлемдегі үшінші команда. Ол — 5 дүркін әлем чемпионы, 8 дүркін Америка кубогының жеңімпазы және 4 дүркін Конфедерация кубогының иегері. Енді осы атақтарға олимпиада чемпионы деген мәртебелі атау да қосылып отыр.
Бразилияға дейін осындай 4 ірі турнирде (әлем, құрлық, конфедерация және олимпиада) Франция және Аргентина құрамалары жеңіске жеткен болатын.