Зілтемірші Карина Горичева (63 келі) Рио олимпиадасының қола жүлдесін жеңіп алды. Отандасымыз жұлқи көтеру бағдарламасында алғашқы талпынысында 107 келіні игере алмады, дегенмен екіншісінде тік көтерді. Үшінші мүмкіндікте Горичева 111 келіге тапсырыс берді де, оны да бағындырды. Бұл бағдарламада Каринаның алдын 2 дүркін әлем чемпионы Дең Уей ғана орап кетті. Қытай зілтеміршісі кезек-кезек 108, 112, 115 келілерді тік көтеріп, өзінің басты фаворит екенін нықтай түсті.
Серпе көтеру бағдарламасын Горичева өте жақсы бастады. Ол 132 келіні еркін еңсеріп, нәтижесін кем дегенде қола медальға жеткізіп қойды. Бірақ бұдан кейін ол екі рет 137 келіні көтеруге әрекеттеніп, күміс жүлдеге «шабуыл» жасаған-ды. Алайда бұл салмақ оған «бас имеді». Қорытындыда отандасымыз 243 ұпай жинады.
Қарсыластарының ішінде қолаға Мерседес Перес (Колумбия) мен Сирипух Гүлнои (Тайланд) ғана көз алартуы мүмкін еді. Алайда Гүлнои 132 келіні үш рет талпынып та бағындыра алмады. Ал Перес 130 келіні алып, артынша 137 келіден сүрінді.
Егер біздің Карина 137 келіні ырқына көндірсе, күміске де таласуы мүмкін еді. Бірақ сотүстіккореялық Чио Хе Сим бәрін жігермен алды. Ол 135 келінің өзін алғашқы талпынысында жер тістеп тұрып көтерген сияқты еді. Бұдан кейін 138 келіні де, 143 келіні де корей қызы сүйегіне ілініп тұрып көтеріп кетті. Сөйтіп ол 248 ұпай жинап, күміс жүлдені жұлып әкетті.
Ал Дең Уей әуелі 138-ді, артынша 147 келіні тік көтерді де, олимпиада чемпионы атанып қана қоймай, әлемнің, олимпиаданың рекордын қатар жаңартты. Уей үшінші кезегіне тіпті шыққан да жоқ.
Карина Горичева осылайша Қазақстан құрамасына Рио олимпиадасының төртінші жүлдесін сыйлады. Оған дейін Елдос Сметов (дзюдо) — күміс, Отгонцецег Галбадрах (дзюдо), Фархад Харки (ауыр атлетика) қола жүлде жеңіп алған болатын.
Карина Горичева бұған дейін жасөспірімдер арасында ірі табыстарға жетті. Ол жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттарының күміс (2011) және қола (2012) жүлдегері атанды, жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының (2012) қола жүлдегері болды.
Қазан (Татарстан) қаласында өткен Бүкіләлемдік жазғы универсиадада Горичева күміс медаль жеңіп алды, қоссайыс қорытындысында ол 225 ұпай жинады (олимпиададағы нәтижесінен 18 ұпай кем).
2013 жылғы әлем чемпионатында Горичева қоссайыста 242 ұпай (107+135) жинап, IV орын алды. Бас жүлде иеленген Тима Туриева (Ресей) 252 ұпай жинады.
2014 жылғы әлем чемпионатында Горичева 246 (113+133) ұпаймен VI орында қалды. Дең Уей ол сында 252 ұпаймен бас жүлдені олжалады.
2015 жылы Хьюстонда (АҚШ) Горичева жұлқа көтеруде 112 келімен үздік үштікке енді де, серпе көтерудегі 132 келі нәтижесімен V орында қалды. Бұл сында Дең Уей серпе көтеруде әлем рекордын жаңартып (146 келі), екі дүркін әлем чемпионы атанды.
Байқап отырсақ, жыл сайын Горичеваның нәтижесі өсе түскен. Ересектер арасындағы ірі табыс осылайша Горичеваға Рио олимпиадасында келді. 23 жастағы отандасымыз ендігі жарыстарда 69 келі салмақ дәрежесінде сынға түсуге бел буып отыр. «Медаль алып тұрып жыладым, бірақ бұл өкініштің емес, қуаныштың жасы» деді Рио олимпиадасының қола жүлдегері Карина Горичева.