Мәскеудегі «Олимпиялық» спорт кешенінде бірінші ауыр салмақтағы әлемнің абсолютті чемпионы атағы сарапқа салынып, украиналық Александр Усик ресейлік Мұрат Гассиевті таза жеңді. Үш төреші де Уисктің жеңгенін ресми тіркеді – 120-108, 119-109, 119-109.

Сөйтіп, Украина оғланы бірінші ауыр салмақтағы төрт негізгі белбеуді иеленді. Енді ол – WBC, WBО, IBF және WBA нұсқалары бойынша әлем чемпионы. Бұрын Усиктің өзіне WBО (2016 жылдан бері) және WBC (2018 жылдан) нұсқалары бойынша чемпион атағы тиесілі еді. Енді ол Гассиевтің еншісінде болған тағы екі атақты қанжығалады.

Бұл – WBSS (бүкіләлемдік бокс сериясы) бойынша мәресіне жеткен алғашқы жарыс. Екі боксшы 2017 жылдың қыркүйек айынан бері ширек финал,жартылай финалдағы қарсыластарын жеңіп, финалға шықты. Гассиев ширек финалда – Кшиштоф Влодарчикті (Польша), Усик Марко Хукті (Германия) нокаутпен жеңді. Жартылай финалда Мұрат кубалық Юниер Дортикосты еркін жеңсе, Усик латвиялық Майрис Бриедисті ұпай санымен жеңді. Екі мықтының финалдық кездесуі 11 мамырда Сауд Арабиясының Джидда қаласында өтуге тиіс еді. Алайда арабтар жекпе-жекті өткізуден бас тартты, Усик те жарақаттанып қалды. Кейін кездесу орны Мәскеу қаласы болып белгіленді.

Жекпе-жектің статистикалық деректері мынадай:

  • Гассиев денеге 32 салмақты соққы жұмсады, Усиктікі – 5;
  • Жалпы соққылар саны: Усик – 939, Гассиев – 313;
  • Раундтардағы соққылар саны (орта есеппен): Усик – 78 (21-і дәл), Гассиев – 26 (8);
  • Соңғы раундта Усик 117 рет ұрды, оның 47-сі дәл тиді;
  • Усиктің 252 соққысы дәл тиген. Оның 99-ы – джеб.

Осылайша, Уиск қарсыласынан анағұрлым басымдық танытты. Ол – бокс тарихында төрт белбеу жеңіп алған төртінші боксшы. Оған дейін Джермейн Тейлор мен Бернард Хопкинс (АҚШ, орта салмақ) және Теренс Кроуфорд (АҚШ, бірінші орта салмақ) осындай жетістікке жеткен еді.

Усик – қазір өнер көрсетіп жүрген боксшылар ішінде әлемнің абсолютті чемпионы атағы бар жалғыз боксшы. WBSS жеңімпазы ретінде оған Мұхамед Әли кубогы да табысталды. Осы атақты да Усик жуын жұдырық боксшылар арасында бірінші болып иеленіп отыр.

Иә, мұның бәрін неге тәптіштеп отырмыз? Мұрат Гассиев – Геннандий Головкинмен бір залда жаттығатын боксшы, яғни Абель Санчестің шәкірті. Оның осы сәтсіздігінен кейін жанкүйерлер көңілінде ептеп қорқыныш пайда болған сияқты.

Головкин Алматыдағы Денис Теннің жерлеуіне қатысқан соң, бірден Мәскеуге бет алды. «Олимпиялық» кешенде ол өз командаласының жеңілісін көзімен көрді.

Жанкүйерлер Гассиевтің жекпе-жек барысын өзгертуге ешқандай қосымша жоспары болмағанына алаңдап отыр.
«Гассиев бүкіл жекпе-жек бойы Усикті таба алған жоқ. Бұл ешқандай да «мексикалық стиль емес. Головкинге жаңа бапкер керек».
«Санчес – асыра бағаланған бапкер. GGG-ға кездесіп, оның жолы болды».
«Бұл – Санчестің масқарасы. Бұдан кейін Головкиннің «Канелоға» қарсы жеңі мүмкіндігі жоқ-ау деген ойға бекіп отырмын.
«Абель Санчес Гассиевке мүлде көмектескен жоқ. 15 қыркүйекте оларды тағы сәтсіздік күтіп тұр».

Міне, әлеуметтік желілердегі, басқа да платформалардағы жазбалардың дені осыған саяды. Бірақ бір кездесудің қорытындысы арқылы бапкердің білігін таразыға салу дұрыс бола қоймас. Ең бастысы, Головкин алаңсыз жаттығуын жалғастырып, алдағы кездесуге сақадай сай болып шығуға тиіс.