Голокин-Альварес кездесуінен кейін қазақстандық бокс жанкүйерлері жеңіл салмақтағы Жақиянов-Барнетт кездесуіне көз тігіп еді. Өкінішке қарай, отандасымыз төрешілер шешімімен қарсыласына жол берді. Өзінің айтуы бойынша, Жанат жаңа жылға дейін демалмақшы. Алдағы жыл жоспары белгілі болған соң ғана Жақиянов жұрт алдына қайта шығады. Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының (WBA) рейтингінде қазір Жанат бесінші орынға сырғып кетті.

Қанат Ислам жақында жаңарған WBA рейтингінде бірінші орынға шықты. Ол америкалық Джон Вераның алдын орады. Бұл нұсқа бойына бірінші орта салмақта әлем чемпионы атағы Ерисланди Лараға тиесілі. Қанаттың промоутерлері даңқты Менни Пакьяомен кездесу өткізуге тырысып жатқандарын жариялап еді. Бәрі оң шешіліп жатса, екі боксшы 2018 жылдың 22 наурызында «Алматы-Аренада» қолғап түйістіруге тиіс. Алайда бокс мамандары бұл кездесудің өтетініне көп сеніп отырған жоқ. Олардың пікірінше, Пакьяоны мол ақша мен мықты атақ қана қызықтыра алады.

Канаданың Монреаль қаласында өткен бокс кешінде отандасымыз Батыр Жүкембаев мексикалық Хосе Емилио Переаны 64 секундта нокаутқа түсірді. Жекпе-жек 8 раундқа жоспарланған-ды. Алайда Батыр қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ. Бокс мамандары Батырдың кәсіпқой бокстағы табысын жоғары бағалап отыр. Отандасымыз 9 кездесудің сегізін нокаутпен аяқтады.

Мадияр Жанұзақ (жеңіл салмақ) «2017 IBF Silk Road Championship Tournament» турнирі аясында тайландтық Суфакит Камфамен кездесіп, екінші раундта нокаутпен жеңді. Енді ол филиппиндік Джон Марк Алеманмен кездеседі. Қос боксшы IBF нұсқасы бойынша аймақ чемпионы атағын сарапқа салады. Жанұзақ кәсіпқойлар арасында үш кездесу өткізіп, бәрінде жеңіске жетті.

Нұрзат Сабыров (3-0, 3КО) Монреальда мексикалық Марио Баесаны тұқыртты. Ол екінші раундта техникалық нокаутпен басым түсті.

Бекман Сойлыбаев 10 раундтық кездесуде Фернандо Варгасты (Мексика) төрешілер шешімімен ұтты. Бұл кездесуде отандасымыз WBC International нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын сәтті қорғады.

Айдар Шәрібаевтың 28 қазанға жоспарланған кездесуі өтпей қалды. Оның қарсыласы Карлос Падильядан (Колумбия) дәрігерлер жекпе-жек қарсаңындағы міндетті медициналық тексеріс кезінде тұрақсыз көрсеткіштер анықтады. Жазатайым соққы тисе, мұндай жағдайдағы боксшы тіпті өмірмен қош айтысуы да мүмкін. Сондықтан ұйымдастырушылар Падильяның кездесу өткізуіне рұқсат берген жоқ.

Әли Балоев (ауыр салмақ) 8 желтоқсан күні өтетін кездесуіне дайындалып жатыр. Отандасымыз бұл күні Техас штатының (АҚШ) Раунд Рок қаласында америкалық Майкл Коронадомен қолғап түйістіреді. Балоев кәсіпқойлар рингінде 2 кездесу өткізіп, екеуін де нокаутпен аяқтады.

Ал Әли Ахметовтің сол күнге жоспарланған кездесуінде қарсыласы ауысты. Бұрын ол кіші Роберт Силвамен жұдырықтасады делінген-ді. Ендігі қарсыласы – америкалық Дешон Уебстер (9-0, 6КО). Бұл жекпе-жекте Ахметовке тиесілі WBC нұсқасы бойынша жастар арасындағы әлем чемпионы және жартылай ауыр салмақтағы Солтүстік Америка чемпионы атағы сарапқа салынады.

Мұса Тұрсынғалиев кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуін 3 қарашада өткізеді. Оның қарсыласы жақында белгілі болады.

Нью-Йорк қаласында (АҚШ) полицей болып істейтін отандасымыз Димаш Ниязов 11 қарашада америкалық Агустин Маураспен қолғап түйістіреді.