Рио олимпиадасында Қазақстан құрамасының ту ұстаушысы болған таеквондошы Руслан Жапаров жүлдеге іліне алмады. Ол жұбаныш жекпе-жектерінде де қарсыластарына есе жіберді.
Қазақстан құрамасы қатысқан 6 жазғы олимпиялық ойындарда көк байрағымызды 5 спортшымыз ұстап шықты. 1996 жылғы Атланта ойындарының ашылу салтанатында даңқты Дәулет Тұрлықанов ту ұстаушы болуға тиіс еді. Бірақ ол олимпиаданың алғашқы күндерінде кілемге шығатын болғандықтан, ту боксшы Ермахан Ыбырайымовқа тапсырылды. Ермахан байрағымызды төмендеткен жоқ, қола жүлдеге қол жеткізді.
2000 жылы Ермахан Ыбырайымов Сидней олимпиадасы қарсаңында Президент Н.Назарбаевтың қолынан туымызды алып тұрып, олимпиада алтынын әкелуге уәде беріп еді. Сол уәдесінде тұрып, 71 келі салмақ дәрежесінде топ жарды.
2004 жылы Афинада ортаға көк туды Асқат Житкеев ұстап шықты. Бірақ Асқаттың өміріндегі басты жетістігі бұдан 4 жыл кейін екен. Афинадан Асқат жүлдесіз қайтты.
2008 жылы Бейжіңде ту ұстаушымыз зілтемірші Бақыт Ахметов болды. Ол 105 келі салмақ дәрежесінде қоссайыс қорытындысында 415 (190+225) ұпай жинап, V орын алды.
2012 жылы грек-рим балуаны Нұрмахан Тыналиев Лондон олимпиадасына қазақ спортшыларын бастап шықты. Өкінішке қарай, ол іріктеу кезеңінде швед балуаны Йохан Ойреннен ұтылды.
Салыстыра қарасақ, ту ұстаушылар ішінде Ермахан Ыбырайымовтың тұғыры биік. Ол өзі ту ұстап шыққан екі олимпиадада да (Атланта және Сидней) Қазақстан қоржынына олжа салды.