26 және 28 қыркүйек күндері Қытайдың Сямын және Синзян қалаларында Бүкәлемдік бокс сериясының (WSB) финалы өтеді. Ақтық сында еліміздің «Астана Арланс» командасы «Куба Домадореспен» кездеседі.
Шаршы алаңға шығатын жұптар қазірдің өзінде нақты белгілі.
Бірінші күн:
49 келі. Теміртас Жүсіпов — Дамиан Арсе Дуарте
56 келі. Ілияс Сулейменов — Освиел Давид Кабальеро Гарсия
64 келі. Ділмұрат Мижитов — Энди Круз
75 келі. Әбілхан Аманқұл — Ослейс Иглесиас Эстрада
91 келі. Нұрбол Алтаев — Эрисланди Савон
Екінші күн:
52 келі. Сәкен Бибосынов — Хорхе Гриньян
60 келі. Зәкір Сафиуллин — Лазаро Альварес
69 келі. Асланбек Шымбергенов — Рониел Иглесиас
81 келі. Бек Нұрмағанбет — Хулио Ла Круз
+91 келі. Қамшыбек Қоңқабаев — Хосе Лардует
Есеп тең болса, жеңімпаз 64 келі салмақтағы Бекдәулет Ибрагимов пен Хорхе Моиран Винент арасындағы жекпе-жекте анықталады.
Нұрлан Ақүрпеков, «Астана Арланс» командасының бас жаттықтырушысы:
— Т.Жүсіпов Дамиан Арсе Дуартені соңғы екі маусымда да жеңген. 56 келі салмаққа Сүлейменовті әдейі қойып отырмыз. Ол бүйректен ауыр соққы жасап, қарсыласын есінен тандыра алады. Қарсыласы Освиел Гарсия WSB-да жаңа бой көрсетті, бұған дейін ресейлік боксшылармен екі рет кездесіп, бір рет басымдық танытты, бір рет жеңілді. Сондықтан оған қарсы тәжірибелі боксшы қажет. 64 келіде Д.Мижитов өткен жылы Э.Круздан жеңілген еді, биыл қарымта қайтарады деп үміттенемін. Ділмұрат бес раундтық жекпе-жекте өзін еркін сезінеді. Шәкіртім Әбілхан Аманқұл (75 келі) Азия ойындарын жоғары деңгейде өткізді. Төрт кездесуінде де ширақ көрінді. Оның қарсылас О.Эстрада – бойы ұзын, алыстан соққы жұмсағанды ұнататын боксшы. Әбілхан дәл осындай боксшымен жақсы жұдырықтасады. 91 келіде Савонмен бұған дейін Антон Пинчук те, Василий Левит те кездескен. Пинчук жеңіліп, Левит жеңген еді. Сондықтан олардың бокс мәнерін білетіндіктен, мен әзірше жұмбақ Нұрлан Алтаевты әдейі қойып отырмын. Нұрлан кез келген қарсыласы үшін ыңғайсыз бокс көрсете алады. Сонысына сенемін. Екінші күні ортаға Сәкен Бибосынов бірінші шығады. Оның қарсыласы өте жылдам. Сәкен осыған дайын болуға тиіс. 60 келідегі әлем және олимпиада чемпионы Лазаро Альваресті Сафиуллин жақсы біледі. Екі рет кездесіп, кезек жеңді. Шаршы алаңға біраз уақыт шықпаса да, Зәкірдің дайын екенін сеземін. Көзі жанып тұр. Олимпиада чемпоны Ронел Иглесиасты (69 келі) Асланбек осыған дейін екі рет тұқыртты. Сыралғы қарсыласына бұл жолы да бас көтертпейді, сенімім зор. Олимпиада чемпионы, әлемнің төрт дүркін чемпионы Хулио Ла Круздың соңғы кездері қорғанысы сыр беріп жүр. Соны Б.Нұрмағанбет жақсы пайдалануға тиіс. Жақында Қазақстан Республикасының Президенті кубогында Бек танымал өзбек боксшысы Бектемір Меликузиевпен ашық жекпе-жек жасады. Төрешілер өзбек боксшысының қолын көтерсе де, өз басым Бек басым түсті деп есептеймін. Ол Қытайдың қаһарман болып оралады деп сенемін. Ауыр салмақтағы Қ.Қоңқабаев қазір бабында. Оның қарсыласы аса сыралғы емес. Бірақ ашық жекпе-жекте соққы алмасуға шебер екені байқалады. Сондықтан Қамшыбекке жабық мәнерде жұдырықтасуды тапсырып отырмын.
© WorldSeriesBoxing.com фотосы