Орта салмақта бірнеше нұсқа бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин 16 қыркүйек күні таңда (жергілікті уақытпен түнде) мексикалық қарсыласы Сауль «Канело» Альварестен жеңілді. Бұл екі боксшының бір жыл ішіндегі екінші кездесуі болатын. Өткен жылы да Головкин мен Альварес Мексиканың «Синко ди Майо» (Тәуелсіздік күні) мерекесінде кездесіп, төрешілер тең есеп белгілеген еді. Бұл жолы Альварестің асығы алшысынан түсті.
Жекпе-жек жоспарланған 12 раундқа созылды. Үш төрешінің бірі 114:114 деп тең есеп белгілесе, екеуі 115:113 есебімен жеңісті «Канелоға» берді. Есепке қарасақ, шынында да екі мықтының бір-біріне әбден тең болғанын аңғарамыз. Дәл сондай басымдық Головкин пайдасына қарай болуы да мүмкін еді.
Арада бір-екі күн өтіп, алғашқы әсер сәл суыған кезде, Головкиннің кәсіпқойлар арасындағы алғашқы жеңілісінің себебін талдап көрмекпіз.
1-себеп. «Зор майданға» Головкиннің қолы кеш жетті
2005 жылдың соңында Геннадий Головкин Қазақстан құрамасының бапкерлеріне өзінің кәсіпқой боксқа ауысатынын айтты. 24 жастағы сақа жігітке ешкім қой деген жоқ. Гена бастапқы келісім-шартын Германияның «Юниверсум» компаниясымен жасады. Алайда оны əр жекпе-жек сайын биікке жетелеуге тиіс компания үдеден шыққан жоқ. Головкин 4 жылға жуық уақытын ортаңқол боксшылармен көбірек жұдырықтасып өткізіп алды. Қазіргі ең атақты деген бокс проспектілерінің жүрген жолына қарап отырсақ, олар асып кетсе 1-1,5 жыл ішінде әлем чемпионы атағына таласуға мүмкіндік алады. Ал «Юниверсум» Головкинді WBO нұсқасы бойынша құрлықаралық чемпион атағына 2009 жылдың күзінде ғана таластырды. Гена үш жыл бойы промоутерлеріне қарайлап күн кешті. 24 жасында кәсіпқой боксқа ауысып, біздің оғлан төрт жыл бойы «дене қыздырып жүрді» десек, еш артық болмайды.
2010 жылы Головкин небары екі кездесу өткізіп, екіншісінде WBA нұсқасы бойынша бос әлемдік титул үшін колумбиялық Милтон Нуньесті небары 58 секунд ішінде естен тандырды. Демек, ол әлем чемпионы атағына дейінгі жолды төрт (!) жыл жүріп өтті.
Өзіңіз ойлай беріңіз, қазір Альварестің жасы 28-де. Ал Головкин дәл сол жасында алғаш рет әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасты. Альварес осы жасында әлем боксының бет-бейнесі дәрежесіне жетсе, Головкин қаз-қаз басқан баладай, алғашқы қадамын жасап жатты. Демек, мұның бәрі «қолдағы алтынның қадірін білмеу» демеске не шара!
2011 жылы Головкин «Юниверсуммен» ат құйрығын кесісті. Бірақ бұл өте ұзақ əрі жүйкеге салмақ түсіретін шара болды. Неміс компаниясы отандасымызды өздерінде ұстап қалуға жанталасқанмен, түк шыққан жоқ. Жылдың жартысына дейін Генаның шаршы алаңға шықпағаны да содан. Ақыры Гамбург соты Головкинді еркін боксшы деп жариялады. «Юниверсум» қате мəлімдеме таратып, «сот біздің сөзімізді сөйледі» дегенмен, бəрібір сол жылдың қараша айында Гена басыбүтін «бостандыққа» шықты. Ең бастысы, өз қанатының астында болған төрт жыл ішінде «Юниверсум» Головкинді АҚШ нарығына мүлде шығара алған жоқ. Кездесулерінің бәрін Германияда ұйымдастырды. Бір рет қана – Данияда, бір рет Панамада шаршы алаңға шығарды. Қысқаша айтқанда, германиялық компания қарағандылық боксшының обалына қалды. Оның ең жалынды жылдары осылайша дерексіздік жағдайында өтті де кетті.
Бәрін K2 Promotions промоутерлік компаниясы қалпына келтірді. Бірақ атақты боксшылармен кездесу уақыты бәрібір қатты кешеуілдеді. 2013 жылдың 19 қаңтарында Геннадий тұңғыш рет даңқты «Медисон Сквер Гарден» (Нью-Йорк) кешенінде өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Жасы отыздан асқан соң ғана кәсіпқой бокстағы жолы жаңа ашылып, Головкин енді өткеннің есесін қайтаруға кірісті. Бірақ Мигель Котто, Флойд Мейуезер, Сауль Альварес сияқты мықтыларды қанша шақырғанмен, ешқайсысы өткен жылға дейін мойын бұрған жоқ.
Міне, осылайша ең жұлдызды сәттерінде Головкин уақытын босқа сарп етіп алғандай болды. Канелоның өзі екі кездесуде 36 жастағы «қарттан» айқын басымдық таныта алмаса, Головкиннің жалынды жылдарында ол қарсылас болып жарытар ма еді деген де ой келеді.
2-себеп. Головкин осы кездесу үшін екі рет кері шегінді
Шынында да, отандасымыз Альвареспен кездесуге үміттенбей-ақ, өз атағын үміткерлерге қарсы қорғап, рекордтарды шетінен жаңартып, зейнетке кетуіне де болар еді. Бірақ сонша талантты азамат бәрібір бокс әлемінде ішкі қалауын толық қанағаттандыра алмасы анық-ты. Мейуезер мен Котто боксты қойған соң, Альвареске бәрібір ұмтылу қажет болды. Головкин мен промоутерлері отандасымыздың бокстан «ноунейм» болып кетуін қалаған жоқ. Сонша талантты бір жарқ еткізіп көрсете алмау шынында да тым обал болар еді.
Сондықтан былтыр да, биыл да Том Леффлер бастаған команда Альварес командасының шарттарына толық көнді. Естеріңізде болса, екі ретте де шаршы алаңға Головкин бірінші көтерілді. Бір емес, үш-төрт нұсқа бойынша әлем чемпионы рингке үміткерден кейін шығуға тиіс болатын. Бірақ промоутерлері бала шағынан жақсы жылжытып, осы күні «бокс бет-бейнесіне айналған» Альварес қалай керілсе де жарасымды болатын. Одан бөлек, жекпе-жек қаламақасының басым бөлігін Альварес алатын болды. Биыл ақпанда допингпен ұсталған соң ғана Оскар де ла Хойя (Альварестің промоутері) қаламақы мәселесінде шегініс жасады, екі боксшының табысының айырмашылығы 10 пайыз ғана болды.
Екі ретте де жекпе-жектің Лас-Вегас қаласында өтуі, екеуінің де Мексика тәуелсіздігі күніне орайластырылуы Головин командасының қаншалық құрбандыққа барғанын айқын аңғартады.
3-себеп. Головкиннің командасы тағы да дәрменсіз болды
Шілде айында Мәскеуде Абел Санчестің шәкірті Мұрат Гассиев (бірінші ауыр салмақ) біріккен атақ үшін жекпе-жекте украиналық Олександр Усиктен жеңілді. Сол кезде бапкерде Б жоспары болмағаны үшін көпшілік қатты жазғырды. Яғни Гассиев жекпе-жек барысында тактиканы өзгерте алмай, Усиктің қалауына көнді де отырды.
Әрине, Геннадий екінші жекпе-жекте Альварестің айдауына жүрді дей алмаймыз. Бірақ Абел Санчестің өзі: «Қанша ақыл айтсақ та, Гена өз қалауынша жұдырықтасты. Мен оған 11 және 12 раундта қалайда жеңуіміз қажет дедім, бірақ Головкин соңғы раундты беріп қойды. Бұл бір раундтың жекпе-жегі болды», – деді. Иә, Альварес бұл жекпе-жекте шегінген жоқ, қайта отандасымызды артқа жүруге мәжбүрледі. Міне, Головкин қарсыласының дәл осы тактикасына қарсы жаңалық таба алмаған сияқты. Ол оң қолымен қарсыласын көп мазалады. Тіпті 11 раундта әне-міне дегенше Канело сансырап қалатындай да көрінді. Бірақ Головкин бұл жолы да денеге көп соққы жұмсаған жоқ. Қоян-қолтық ұрыста Канело дәл осы көрсеткіш бойынша (оның денеге жұмсаған соқысының саны – 49, Головкиндікі – 6) шешуші болып кеткені анық.
Жекпе-жек статистикасы (Compubox компаниясының есебі)
Барлық соққылар саны: Альварес – 622, Головкин – 879
Дәл тиген соққылар: Альварес – 202 (33%), Головкин – 234 (27%)
Джеб: Альварес – 256 (дәл тигені – 59 немесе 23%), Головкин – 547 (118 немесе 22%)
Күшті соққылар: Альварес – 366 (тура тигені –143 немесе 39%), Головкин – 332 (116 немесе 35%).
Куәгерлер не дейді?
Геннадий Головкин: «Аса бір тосынсый бола қойған жоқ. Дайындығым күшті болды, жекпе-жекті бастан-аяқ бақылауымда ұстадым. Раундтардың ешқайсысында ұрыс арқауын босатқаным жоқ. Соңғы раундта жеңіске жеттім деп ойладым. Төрешілердің жеңісті маған бермегені менің пробламам емес. Мен өз жұмысымды адал атқардым. Мен ораламын! Тағы бір кездесуге келісе аламыз деп ойлаймын. Бәрі де жақсы, ешқандай жарақатым жоқ. Бұл жолы бәрі сәл басқашалау болды. Ол қашқан жоқ. Бірақ оның қашпағаны жеңгені деген сөз емес. Шаршы алаңда ол таңғаларлық ештеңе көрсеткен жоқ. Есептің өзі де оның басым болғанын көрсетпейді. Бәрібір оны жеңісімен құттықтаймын».
Леннокс Льюис, ауыр салмақта бұрынғы әлем чемпионы: «Менің ойымша, жекпе-жек тең өткен сияқты. Дегенмен Головкин жақсы жұдырықтасты, қарсыласынан екі раунд артық жеңді деп санаймын. Екі жауынгер де барлық күшін сарп етті! Екеуіне де жеңіс беруге болатын раундтар болмай қалған жоқ. Ең бастысы, бұл керемет жекпе-жек болды! Біз екі ұлы жауынгерді көрдік. Екеуін де қатты сыйлаймын. Бұгін Канело – чемпион. Ол соған лайық».
Андре Уорд, жартылай ауыр салмақта әлем чемпионы: «Голвкин – үнемі алға жылжып, қарсыласына қысым жасайтын боксшы. Бірақ Канело оны шегінуге мәжбүрледі. Ол алға жылжып, денеге ауыр соққылар жасады. Голвокиннің командасы Альварестің мексикалық үлгіде жұдырықтасқанын қалап еді, бірақ өздері соған дайын болмай шықты. Канело «бұқаға бұқа болды». Жекпе-жектің қарқынын Альварес реттеп отырды. Головкин де жақсы төбелесті, оның джебтері керемет өтті, бірақ Альварестің күшті соққылары оны көп тығырыққа тіреді».
Сауль Альварес: «Мен лайықты түрде жеңдім. Тамаша боксшы екенімді дәлелдедім. Керемет жекпе-жек өткізгеніме көңілім тоұ Бүл таза жеңіс болды. Жанкүйерлер біздің тағы бір рет кездескенімізді қалайтын болса, мен дайынмын!»