Серік ҚАНТАЙ

Үш дүркін ел чемпионы «Алтай» Өскеменде волейболдан қыздар арасында өтіп жатқан Аазия клубтық чемпионатының топтық кезеңіндегі ойындарын толық аяқтады. Топтағы екі кездесуден алты ұпай алып, бірінші орынға тұрақтады.

«В» тобы

«Алтай» (Қазақстан) — «СМFC» (Қытай Тайпейі) – 3:1 (21:25, 25:18, 25:13, 25:23 – 96:79).

* «Алтай» өз қатысқан Азия клубтық чемпионаттарында бірінші рет топтан бірінші орынмен шықты. 2016 жылы – «НЕК Ред Рокетстен» (Жапония), 2017 жылы «Суприм» (Тайланд) командаларынан кейін екінші орынмен шыққан болатын.

* «Алтай» бапкері Юрий Панченко «СМFC-мен» ойында барлық ойыншыны іске қосты. Көп күткен бразилиялық Перейра бірінші минуттан ойнаса (сол ойындағы ең нәтижелі волейболшы, 17 ұпай алды), «Алтайдың» қара қызы Роблес те соңғы минуттарда алаңға шығып, бір ұпай алды.  Биылғы чемпионатта «Алтай» сапындағы ең жас ойыншы Ботагөз Сәрсенбаева алғашқы кездесуін өткізді. Жалпы тарихтағы «Алтай» сапында ойнаған ең жас волейболшы болып есімі жазылды.

* Бірінші ойында жарақат алған Алла Богдашкина үшін Азия клубтық чемпионаты аяқталды. Дәрігерлік сараптаманың қорытындысын жасаған Мәскеудегі мамандар ештеңеге сүйенбей жүре алатынын, бірақ міндетті түрде алдағы уақытта аяғына ота жасалатынын айтты. Алаңға қашан оралатыны белгісіз.

* «Алтай» ширек финалдағы ойынын «С» тобында үш ұпаймен екінші орын алған Вьетнамның «Ви ТиВи Бин Дьен Лоң Ан» командасымен өткізеді.

*Бүгінгі күннің басты фотосы. Бұл жанкүйер қыздың есімі – Жадыра. Жапонияның «НЕК Ред Рокетс» командасының фанаты. Сүйікті ойыншысы – Мидзуки Янагита. Жапон волейболын қарап, қадағалау арқылы сары-ала доптың жанкүйері болған, ықыласы оянған. «Қызыл зымыран» (Жапон клубының атын қазақшаласақ) клубына бала кезден жанкүйер. Биыл Азия клубтық чемпионатын сүйікті клубы жеңіп алатынына сенімді.