Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің жекпе-жегіне санаулы күн қалды. Лас-Вегас (АҚШ) қаласындағы «Т-Мобайл-аренада» жергілікті уақытпен 16 қыркүйек күні кеште, Астана уақытымен 17 қыркүйекте таңғы 8 шамасында орта салмақтағы қос мықты бірнеше чемпиондық атақты сарапқа салады. Осы жекпе-жек қарсаңында боксшылардың өзі, басқа да боксшылар мен мамандар қандай пікірде?
Геннадий Головкин:
— Мен толық дайынмын. Бабым келісті, көңілімде алаң жоқ. Иә, Лас-Вегаста Альварес бірнеше рет өнер көрсетті, ал мен бірінші рет келіп отырмын. Мұнда тұрған ештеңе жоқ. Маған шаршы алаң ғана керек. Ол Лас-Вегаста бола ма, Нью-Йоркте ме, тіпті айда болсын, маған бәрібір. Бұл – тарихи боксқа деген алғашқы қадам. Бұдан соң екіншісі болатынына сенемін. Тіпті Альвареспен де екінші майдан болып қалар. Қатты толқып жүрмін. 16 қыркүйекте өзімнің ғана емес, «Канелоның» да кім екеніне көз жеткізу қызық болып тұр. Бұл екеумізге де ойғай жекпе-жек болмайды. Алғашқы раундтар қоян-қолтық ұрыспен өтер. Ол менің стратегиямды зертейді, мен онікін зерттеймін. Ал кездесудің екінші бөлігі ерекше болады. Тіпті көше төбелесіне де ұқсап кететін шығар.
Сауль «Канело» Альварес:
— Әрине, бұл сөзсіз маңызды жекпе-жек болмақ. Головкинді естен тандыруға бұрын дәл қазіргідей дайын болмаған шығармын! Өз жанкүйерлеріме әдемі жекпе-жек ұсынып, сансыз сұрақтарға жауап тапқым келеді. Головкин – қарсыластарын нокаутқа түсіруге тырысатын мықты боксшы. Мен болсам, контрпанчермін, шегінбей ұрыс салуға бейіммін. Осы екі стиль ұлы жекпе-жек жасайды.
Деон Николсон, бірінші ауыр салмақтағы боксшы, Головкиннің спарринг-әріптесі:
— Головкин өте дәл ұрады, еш соққысын далаға жібермейді. Ол кезек-кезек сансыз соққы жұмсап әуре болмайды, сілтеген қолы діттеген жеріне дәл тиеді. Оның бұған дейінгі барлық нокаутына қараңызшы, соққыларының бәрі қарсыластарына жоспарлы түрде барып дарыған. Ол түгел есептейді. Аяқ қимылы тіпті ерекше! Гена шаршы алаңды керемет қиып түседі. Бұл дегеніңіз – тұнып тұрған математика! Ол қалай қадам жасауды біледі, онысы қаншалық жылдам және кең болуға тиіс, ең бастысы – қашан қадам жасауы керек, бәрін мүлтіксіз істейді. Барлық жекпе-жегінде қарсыластары амалсыз төбелесуге, боксты ұмытып, әншейін жұдырықтасуға көшуге мәжбүр болады. Шынын айтқанда, олардың бұдан басқа барар жолы да қалмайды. Менің ойымша, GGG жеңеді. Ол 160 фунт салмаққа (72 келі) әбден төселген. Ал «Канело» орта салмаққа жету үшін сәл толысуға тиіс. Артық салмақ жекпе-жектің ортасында бәрібір оны шаршатады. GGG Альваресті шаршатып, сілелетіп барып дегенін істейді деп ойлаймын. Оның қарсыласы физикалық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да титықтайды. Әрине, «Канело» шаршы алаңға күшті болып шығады, бірақ Головкиннің алғашқы соққыларынан кейін-ақ бәрі өзгереді. Генаның қорғанысын жаратпайтындар көп. Бірақ бұл бекер. Жекпе-жек созылған сайын «Канело» қалжырай береді де, Головкин қысымын еш босатпайды. Бәрі соңғы раундтарда аяқталуы мүмкін. Тіпті соңғы жылдардағы ең керемет нокаутты көретін шығармыз.
Әнтони Джошуа, аса ауыр салмақтағы әлем чемпионы:
— Головкин – шегінбейтін боксшы. Оның Майк Тайсонға ұқсайтын тұстары да бар. Екеуі де осынша жаста ерекше жеңістерге жетті, қарсыластарын естен тандырудан жалыққан жоқ. Бірақ қарсы бетте жылдар өте керемет өскен «Канело» бар. Ол 15 жасында бастады. Қазір 27 жаста ғана. Бұл ойында әлі балақай болса да, кемелденуі тым тәуір. Альварес Мейуезер сияқты ұлы боксшымен кездесті. Әрине, ондағы жеңілісінен де өзіне пайдалы нәрселерді көбірек тапқан болар. Маған «Канело» ұнайды. Боксшы ретіндегі машығына назар аударатын болсақ, өзін көрсете алатыны көңілімнен шығады. Ол жеңсе де жақсы болар еді, бірақ… GGG сияқты мықтымен бетпе-бет келген кезде, бір ғана нәрсеге – не өлуге, не өлтіруге бекініп шығуың керек. Бұл жағдайда Головкиннің мүмкіндігі басымдау. «Канелоның» жеңімпаз болғанын көргім келеді. Бірақ ол жеңіске жеткісі келсе, Головкиннен бойын аулақтау ұстап, күшті соққылардан жалтара білуге тиіс. Бұл дене күшінің ғана емес, мінездердің де қақтығысы болмақ. Сондықтан мұндағы мүмкіндік – 50 де 50.
Карл Фроч, екінші орта салмақтағы экс-әлем чемпионы:
— «Канело» Головкинді естен тандырады деп ойламаймын. Головкин – қатал боксшы. Оны ұпай саны арқылы жеңуге болады. Өйткені GGG көп соққы жібереді. Альварес қарсыласын іздеп әуре болмайды. Головкинге соққы жұмсасаңыз болды, оның бәрі болмаса да басым бөлігі діттеген жерге тиеді. Қазір оның жасы өсе түсті. Альварес оны қатты састырады.