Биылғы маусым басында қазақ футболының қос ардагері – Қайрат Нұрдәулетов пен Андрей Финонченко футболдан қол үзді. Енді екеуі де осы саланың мамандарына айналады. Шүкір, қос мықтыға жұмыс та тез табылды: Финонченко – «Шахтердің» бас бапкерінің, ал Нұрдәулетов – Қазақстан құрамасы бас жаттықтырушысының ассистенті. Ары қарай өз білгендерін жастарға үйретіп, мүйізі қарағайдай маманға айналып жатса құба-құп.
Жаңа толқынның ізашары
Қайрат Нұрдәулетов – Алматы футболының түлегі. 17 жасында «ЦСКА-Қайрат» командасының негізгі құрамында бой көрсетті. «ЦСКА-Қайрат», «Есіл-Богатырь», «Ертіс», «Қайрат», «Тобыл», «Локомотив»/«Астана», «Қайсар» және «Ақжайық» командаларының сапында өнер көрсетті. Қапталдағы қорғаушы, орталық қорғаушы, артқы жартылай қорғаушы, ойынды ұйымдастырушы ретінде өзін жақсы танытты.
Қазақстан премьер-лигасында 1999-2016 жылдар аралығында 18 маусым бойы өнер көрсетті. Осы уақыт аралығында 379 матч өткізіп, 22 гол соқты. Премьер-лигада ең көп матч өткізген футболшылар санатында Қайрат 16-орында тұр.
Нұрдәулетов – Қазақстан премьер-лигасында өзіндік ізі қалған футболшы. Ол 19 жасында (2001 жыл) «Қазақстан чемпионатының ең үздік жартылай қорғаушысы» атанды. 2012 жылы Қазақстанның үздік футболшысы болып танылды. 2002, 2003 («Ертіс»), 2014 («Астана») маусымдарында Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алды, 3 рет Қазақстанның вице-чемпионы (2007, 2008 жылдары – «Тобылда», 2013 жылы – «Астанада»), 1 рет қола жүлдегер (2001 жылы – «Есіл-Богатырьде») атанды.
«Астана» сапында 2 рет (2010, 2012) Қазақстан кубогына қол жеткізді.
«Ертіс», «Қайрат» және «Тобыл» командаларының құрамында еурокубоктарда 17 матч өткізді. 2007 жылы «Тобыл» Интертото кубогының 3 кезеңін де артта қалдырып, УЕФА кубогына шыққанда, іріктеуде 6 ойында да Нұрдәулетов бастан-аяқ өнер көрсетті.
Нұрдәулетов – Қазақстан құрамасының ардагерлерінің бірі. Ол бас командамызда 35 матч өткізіп, 5 гол соқты. Мергендік көрсеткіші бойынша Қайрат Р.Балтиевтен (13 гол), В.Зубаревтен (12), С.Хижниченко мен Д.Бяковтан (8), Н.Жұмасқалиевтен (7), И.Авдеев, С.Остапенко мен О.Литвиненкодан (6) кейінгі орында келеді.
Әрине, мұның бәрі – құрғақ сандар. Қалың жанкүйер Қайрат Нұрдәулетовті тасқамал қорғаушы, ойынды тамаша ұйымдастырушы ғана емес, мінезді капитан, спорттағы ғұмырын жігермен ұзартқан жан деп біледі. «Ертісте», «Тобылда» және «Қайратта» табысты ойнай жүріп, 2009 жылы ол ауыр жарақат алып қалды. Жарақатынан жазылып қана қоймай, келесі жылдың ортасында Нұрдәулетов «Қайраттан» «Локомотивке» ауысты. Астанада болашақ мықты команданың іргетасын қалаушылардың бірі болды. Ең бастысы, Нұрдәулетов ұлттық құрамаға оралып, М.Беранектің кезінде капитан міндетін абыроймен атқарды.
2015 жылы Нұрдәулетов тағы қатты жарақаттанып, біраз уақытын емдеуге арнады. «Қайсар» сапында 17 матчқа қатысты. Өткен жылы маусым ортасында «Ақжайыққа» келсе де, ескі жарақат бәрібір еркін қимылдауына мүмкіндік берген жоқ. Италияда арнайы емдеу курсынан өтті. Дегенмен сол аяғындағы сырқат сыр бере берген соң, спорттан кететінін мәлімдеді.
Нұрдәулетов – қазақ футболының жаңа замандағы табысты түлегі. Алматының қарапайым бір бұрышынан биікке қол созған жігіт футболымыздағы барлық белесті бағындырды. Енді ол кәсіпқой маман ретінде де өз үлесін қоса беретіні күмән тудырмайды.
Мойындалған мерген
Андрей Финонченко өткен маусымның соңында «Шахтерден» жаңа келісім-шартты қатты күтті. Алайда финн маманы Алексей Еременко оны қажетсінбеді ме, әйтеуір, Қарағанды футболының аңызына өз командасынан орын қайта табылған жоқ. Биылғы ақпанның басында Финонченко футболды ойыншы ретінде доғаратынын жариялады.
Жергілікті футбол басшылары ізінше-ақ оны «Шахтер» командасының бапкерлерінің бірі етіп бекітті. Біздің ойымызша, бұл өте дұрыс шешім болды. Тәуелсіз қазақ футболының тарихында спорттағы ғұмырын бастан-аяқ «Шахтерде» өткізген екі-ақ ойыншы бар: бірі – Руслан Иманқұлов, бірі – Андрей Финонченко.
Қазақ футболының табалдырығынан қарғадай кезінде аттап, 16 жылын бір ғана командаға арнаған Андрей қандай құрметке де лайық. Ең қызығы, бапкерлер оған алғаш қапталдағы қорғаушы міндетін жүктеген. Алғашқы екі маусымда (2001 және 2002) жылдары жоғары лигада 22 кездесуге қатысса да, болашақ мергеннің қанжығасы майланбағанын содан десек болады.
2003 жылы Финонченко шабуылға ойысты да, алғашқы маусымда-ақ Қазақстан чемпионатының бас мергені (18 гол) болып шыға келді. 2003-2014 жылдар аралығында ол өз қоржынын кем дегенде 5-7 голмен толтырып отырды. 2015 жылдан мергеннің денсаулығы сыр бере бастады. Сол жылы ол өзі қатысқан 12 матчта бір рет те болса қарсыластар қақпасын дәл көздей алған жоқ. 2016 жылы 15 ойында 2 рет қақпа кілтін ашты. «Шахтер» сапында сұрмерген барлық турнирлерде 131 гол авторы атанды.
Финонченконың мерген ретіндегі ерлігінің бір парасы мынадай:
- Ол – Қазақстан чемпионаттарында 100-ден асыра гол соққан 7 футболшының бірі. Финонченкодан (103 гол) бөлек, бұл межені Н.Жұмасқалиев (166), М.Тілешев пен О.Литвиненко (148), Н.Мазбаев (142), А.Мирошниченко (115) және Ұ.Бақаев (111) қана бағындырған.
- Ұлттық құрама сапында 21 матч өткізіп, 4 гол соқты. Мергендік көрсеткіші бойынша ол құрамада алғашқы ондыққа кіреді. Пайдасы жөнінен оның 4 голы да аса маңызды: алғашқы добы 2004 жылы Арменияммен кездесуде тең нәтижеге жеткізді (3:3); екінші голын 2007 жылы Шымкентте өткен «Алма-ТВ» кубогында алаңға шыққанына 5 минут толмай соғып, Қазақстанның Әзербайжанды 1:0 есебімен жеңуіне жол ашты; 2013 жылдың күзінде Фарер қақпасына екі ойында енгізген екі дәл соққысының бірі – жеңіс, бірі тең нәтиже әкелді. Демек, Андрей – өте пайдалы мерген.
- Финонченко – тәуелсіз Қазақстан тарихында ел кубогы үшін ойындардың бас мергендерінің бірі. М.Тілешев екеуі бұл сында 23 голдан соғыпты. Қазіргі футболшылар ішінде оларды өкшелеп келе жатқан Дәуренбек Тәжімбетов қана. Ол да «Шахтерде» ойнайды, еншісінде 19 гол бар. Бірақ Тәжімбетов 19 голды бірнеше команда құрамында соқты.
- Финонченко еурокубоктарда да мергендігімен танылды. Ол әуелі «Селтик» (Шотландия) қақпасын 2013 жылдың жазында дәл көздесе, одан кейін «Маккаби» (Хайфа, Израиль), АЗ (Голландия), «Ширак» (Армения), «Хайдук» (Хорватия) қақпаларын таңбалады. Ең бастысы, Андрей 2013 жылы тұңғыш рет Қазақстан клубының еурокубоктың топтық турнирінде ойнауына еңбек сіңірген футболшының бірі болды. «Селтикті» састырған жылы «Шахтер» Чемпиондар лигасының топтық турниріне бір қадам ғана жетпей, Еуропа лигасында ойнады.
- «Шахтер» сапында Финонченко 2 дүркін Қазақстан чемпионы (2011, 2012), 2 дүркін қола жүлдегер (2007, 2009) атанды, 2013 жылы Қазақстан кубогын, Қазақстан суперкубогын жеңіп алды.
Өкінішке қарай, соңғы жылдары маусым сайын кемі 10 гол соғатын Финонченко сияқты мергендер азайып барады. Тіпті, жоқтың қасы. Қазір Қазақстанда барлық ірі деңгейлі турнилердегі нәтижені қоса есептегенде 80-ге жуық гол соққан шабуылшылар санаулы-ақ. С.Хижниченко, Т.Нөсербаев, Д.Тәжімбетовтер ғана. Кейінгі толқыннан Р.Муртазаев пен Б.Исламханның қарқыны жақсы. Дегенмен Финонченко сияқты мергенді әлі біраз күтетін сияқтымыз.