Жыл басы ерекше жаңалықпен басталды. Қазақстан футбол федерациясы ресми ақпарат таратып, ұлттық құраманың бас бапкері Станимир Стойловпен арадағы келісімшарт екі жақты келісім негізінде үзілгенін жария етті.
Басқа-басқа, дәл осы Стойловтың құрама тізгінін ұстауы жанкүйерлер қатты қалап еді. Болгариялық маман сенімді толықтай ақтай алмаса да, құраманың ойын өрнегіне көп өзгеріс енгізгені, ең бастысы, жаңа буын қалыптастырып үлгергені сөзсіз. Иә, Ұлттар лигасында Қазақстан «айды аспанға шығара» алмады, Андорраны да, Латвияны да еркін жеңе алмады. Бірақ біз білетін Стойлов ойынды ақырындап ширата берсе керек-ті.
Сондықтан федерацияның тосын шешімін үрке қабылдадық. Арада көп уақыт өтпей-ақ жаңа бапкердің есімім белгілі болды. Ол – Михал Билек, чех маманы.
Өз уақытында тамаша футболшы болған Билек бапкер ретінде де жақсы танылды. 2012 жылы Чехия құрамасын Еуропа чемпионатының ширек финалына жеткізді. Оған Михал Хипп (Словакия), Талғат Байсуфинов, Николай Родионов (Қазақстан) сияқты мамандар көмектеседі.
Қазақстан құрамасы алдағы наурызда Еуро-2020 іріктеу кезеңін бастайды. Сондықтан Билек бірден білек сыбана кіріспек. 21 ақпанда Түкрияда Молдова құрамасымен жолдастық кездесу жоспарланған. Армениямен немесе Эстониямен кездесу мүмкіндігі де бар.
Соңғы үш жылда Қазақстан құрамасында үш бапкер ауысты. Бұл жақсы әдет емес. Билек тәуелсіз Қазақстанның құрамасын жаттықтыратын 17 (он жетінші) жаттықтырушы болмақ.