Қазақстан садақшылары тарихта тұңғыш рет Әлем кубогының кезеңінде топ жарды. Қытайдың Шанхай қаласында өткен бірінші кезеңде отандастарымыз қарсыластарының бәрін қапы қалдырып, ең биік тұғырға көтерілді. Бүгін кешкі 19:30-да жеңімпаздар елге оралды. Оларды журналистер мен жанкүйерлер ерекше ықыласпен күтіп алды.
Қазақстан намысын бұл сында Санжар Мұсаев, Ойбек Сайдиев және Денис Ганкин қорғады.
Бірінші кезеңде садақшыларымыз америкалықтармен мергендік сынасып, 5:3 есебімен жеңіске жетті. Коллин Климичек, Брейди Еллисон және Заг Гарреттен жасақталған команданы отандастарымыз 54:53, 55:55, 57:52 және 54:57 есептерімен қапы қалдырды.
Ширек финал Ресей садақшыларымен өтті. Александр Кожин, Арсалан Балданов және Артем Махненко әуелгі кезекте қазақ садақшыларына 56:57 есебімен есе жіберді. Бұл кезеңде отандастарымыз 6 мүмкіндіктің бесеуінде ондыққа дәл тигізді. Екінші кезекте де Қазақстан құрамасы 1 ұпай алда болды – 52:51. Үшінші және төртінші жолы Ресей асығы алшысынан түсіп (53:54, 54:57), есеп теңесті. Шешуші кезек басталғанда, біздің жігіттер темірдей жүйке, тамаша құштарлықпен жеңіске жетті. Мұсаев пен Сайдиев ондықты дәл көздесе, Ганкин 9 ұпай алды. Ал ресейліктер 10, 9 және 8 ұпаймен жиыны 27 ұпай жинап, бізге жол босатты.
Жартылай финалда да отандастарымыз қарсыласын 5 кезекте ұтты. Бұл жолы жапон садақшылары Кикучи Хидеки, Сугио Томоки және Фурукава Такахару қатты қарсыласты. Таразы басы екі жаққа кезек ауды – 57:59, 56:54, 55:53 және 56:57. Шешуші кезекте Ганкин ғана сәл қиыс атты (6 ұпай), ал Мұсаев пен Сайдиев ондықтан жаңылған жоқ. Жапондар 9, 8, 7, жиыны 24 ұпаймен жол босатты.
Финалда Қазақстан құрамасын олимпиада чемпиондары күтіп тұрды. Бұл туралы Халықаралық садақ тарту федерациясының ресми сайты былай деп жазды: «О Джин Хек, Ким Ву Жин және Им Доң Хюн сияқты олимпиада чемпиондарынан жасақталған Корея құрамасы әлемдік рейтингте 43, 129 және 175 орындарда тұрған садақшылардан таяқ жеді».
Әуелгі кезекте оңтүстіккореялықтардың екпіні тау жыққандай болды. Олар 6 мүмкіндіктің төртеуінде он ұпайдан алып, біздің садақшылардан анағұрлым ұзап кетті – 57:50. Екінші кезекте отандастарымыз бір рет қана 8 ұпай алып, 55 ұпай жинады, ал корейлер екі 8 ұпаймен 54 ұпайға қанағаттанды. Үшінші кезекте олимпиада чемпиондары кімнің кім екенін танытқандай болды – 56:50. Бірақ 4 кезекте қазақстандықтар тағы да таразы басын теңестірді – 56:54. Шешуші атыста Ганкин де, Мұсаев та, Сайдиев те 9 ұпайдан қанжығалады. Ал қарсыластардан Ким ғана ондыққа дәл тигізгенмен, О мен Им 8-ден асыра алмады. Есеп – 27:26. Қазақстан садақшылары осылайша еліміздің спорт жылнамасының жаңа парағын ашты!
«Жеңіске жеткенімізге әлі сене алар емеспін» деді Сайдиев. «Біздің басты мақсатымыз Кореяны жеңу ғана емес, Қазақстанда да мықты садақшылар бар екенін көрсету еді. Соны көрсете алдық деп ойлаймын» деді Мұсаев.
(Финалдың бейненұсқасын сайттың арнайы бөлімінен көре аласыздар).