Қазақстан премьер-лигасы. 29 тур
«Қайрат» — «Ордабасы» — 1:1
Соңғы үш жылда «Қайрат» командасын Қазақстан чемпионы атағынан 29 турдағы ойындар айырып жүр.
2014 жылы «Қайрат» турнир көшбасшысы «Астанамен» бірдей ұпай (33) жинап келе жатып, 29 турда өз алаңында «Қайсарды» ұта алмады — 1:1. «Астана» қонақта «Ордабасыны» 2:1 есебімен жеңді де, қалған үш турда да қарсыластарын қапы қалдырып, чемпион атанды. Елордалықтар соңғы турда Алматыда «Қайратты» 3:2 есебімен жеңіп, Вайсс шәкірттерін ІІІ орынға сырғытып жіберді.
2015 жылғы маусымда «Қайрат» 29 турда өз алаңында «Атырауды» қабылдап, 0:0 есебімен тең тарқасты. Бұл кезде алматылықтар турнир кестесінде «Астанадан» 7 ұпай алда тұрған еді. «Астана» 29 турда «Ордабасыны» елордада 2:1 есебімен жеңді де, ұпай айырмасын 5-ке қысқартты. Сосын 24 турдың кейінге қалдырылған кездесуінде астаналықтар «Атырауды» 4:1 есебімен тізе бүктіріп, ұпай айырмасын тағы жақындатты. 30 турда «Қайрат» «Астананы» өз алаңында қабылдап, 0:1 есебімен жеңіліп қалды да, чемпиондық атақты қолдан берді. Соңғы екі турда екі үміткер де жеңіске жетіп, арадағы 1 ұпай айырмашылығы сақталған күйде мәреге жетті.
Биыл да «Қайрат» 29 турда ұпай жоғалтып отыр. Алматылықтардың алтыннан биылғы үміті өткен екі маусымға қарағанда көмескілеу болатын, енді бұл турдан кейін тіпті жоққа тән десек те болады. Өйткені, тур алдында 4 ұпай озық тұрған «Астананың» бір ойыны кейінге қалдырылған. Оның үстіне, «Астана» 29 турдағы «Оқжетпеске» қарсы кездесуін «Қайраттан» бір күн кейін өткізді. Яғни, алматылықтардың ұпай жоғалтқанын көріп алып, «Астана» еркін ойнады, 3:0 есебімен ұтты.
Демек, «Қайрат» үшін 29 тур — үш жылдан бері ең қауіпті ойын күні. Бұл тіпті, бірте-бірте ыңғайсыз дәстүрге айналып бара жатқан сияқты.
2014 жыл. 29 тур. «Қайрат» — «Қайсар» — 1:1
2015 жыл. 29 тур. «Қайрат» — «Атырау» — 0:0
2016 жыл. 29 тур. «Қайрат» — «Ордабасы» — 1:1