Қазақстан құрамасының шабуылшысы Сергей Хижниченко «Шахтермен» келісімшарт жасасты. Бірақ бұл жолы ол өзіміздің кеншілерге емес, Беларусьтің Солигор қаласының командасына ауысты.

Таныс болыңыздар, «Шахтер» (Солигор) – Беларусьтің 2005 жылғы чемпионы, 5 дүркін күміс жүлдегері, 6 дүркін қола жүлдегері, Беларусь кубогының 2 дүркін иегері.  Еуропа лигасының іріктеуіне 2011 жылдан бері қатысып келеді. Жоғары нәтижесі – 2015 жылғы плей-офф. Бұл шешуші кезеңде солигорлықтар әйгілі ПСВ (Голландия) командасынан екі ойын қорытындысында 0:3 есебімен ұтылды.

С.Хижниченко бұл командада өзінің бұрынғы деңгейіне орала ала ма? Осыны талдап көрейік.

Жасы 25-тен жаңа асса да, бұл шабуылшыны «берерін беріп болды» деп есептейтін мамандар аз емес. Сергей кәсіпқой футболға ерте араласты. 2006 жылы, бар-жоғы 15 жасында Өскеменнің «Восток» командасының қосалқы құрамында ойнады. Екі жыл өткен соң, 17 жасқа толмай тұрып негізгі құрамда алаңға шықты. 2008 жылдың 8 наурызында ол «Оқжетпес» – «Восток» кездесуінің 60-минутында шабуылшы Е.Антоненконы алмастырды. Тұңғыш голын 17 жасқа толғанына 10 күн өткенде, 27 шілде күні сырт алаңда «Ордабасы» қақпасына соқты. Бұл гол «Востокқа» жеңіс (2:1) әкелді.

Алайда «Восток» жиі шатқаяқтап, екі лиганың арасын жол қыла бастағанда, Сергей «Локомотивке» (Астана) жол тартты. Алайда мұнда көп тұрақтамай, 2010 жылғы маусымның екінші бөлігінде «Атырау» жейдесін киді. Бұл маусымда 3-ақ гол соққан шабуылшы «Шахтерді» (Қарағанды) саялағанда, оның жұлдызы биік жанатынына ешкім сенбеген-ді. Кеншілер сапындағы алғашқы маусымда Хижа (лақап аты) қарсыластар қақпасына 16 нәтижелі соққы жасады. Бірақ 2012 жылы аяғын ауыр жарақаттап, маусымды ерте аяқтады. 2013 жылы ол «Шахтермен» бірге қазақ футболына төңкеріс жасады. Қарағандылықтардың шабуылдағы Хижниченко-Финонченко жұбы Еуропа командаларының тізесін дірілдетті. БАТЭ, «Скендербеу» сияқты командаларды жолда қалдырып, «Шахтер» даңқты «Селтикті» де ұтып кете жаздады. Сөйтіп, Еуропа лигасының топтық турниріне шыққан тұңғыш қазақ командасы болды.

Осы 2013 жылдың ортасында Хижниченко Польшаның «Корона» командасына жол тартты. Кельцеліктер сапында екі маусымға жуық ойнаса да, Хижаның статистикасы көңілімізді көншітерлік емес: екі жылда ол небәрі 2 гол авторы атанды. Чемпионатта 26 кездесу (1 гол), кубокта 1 ойын (1 гол) өткізген шабуылшы үшін бұл мақтанарлық нәтиже емесі түсінікті.

Сосын елге оралып, Сергей «Ақтөбе» мен «Тобылдың» жейдесін киді. Екі маусымда 19 гол соқты («Ақтөбеде» – 9, «Тобылда» – 10). Бәрібір жыл сайын оның жылдамдығы кеміп, денесі ауырлап, нәтижелілігі төмендеп бара жатқанын жанкүйерлер көріп-байқап жүр. Кім біледі, әлі жас қой, бірнеше жылдан Қазақстан құрамасының негізгі шабуылшысы болып жүрген өскемендік мерген Солигорда баяғы желісін қайта табар. Ақиқатын айтуымыз керек, Қарағандының «Шахтерінде» 2012 жылы алған жарақатынан кейін Хижниченко шынында да денесін тым ауырлатып алды. Қазір ол қорғаушыларға алаңның әр тұсында қысым жасаудан гөрі, оларды таптап өте шығатын шабуылшы жұмысын сүйіп атқарады.

Сергей Хижниченко 9 жыл ішінде 68 гол соқты (Қазақстан чемпионаты – 53, Қазақстан кубогы – 1, ұлттық құрама – 8, еурокубоктар – 4, шетел чемпионаттары мен кубоктары – 2). Негізгі міндеті гол соғу болып саналатын шабуылшы үшін соншалық жоғары нәтиже емес.

Дегенмен Хижниченконы сыртта өнер көрсетуге екінші рет тәуекел еткені үшін де құрметтеуге болады. Иә, оның Польша сапары тым сәтсіз болды. Левандовскидің елінен ол бұрынғысынан да шабан болып оралды. Мүмкін, Солигор сапары Сергейді қайта түлететін болар. Соңғы жылдары Беларусьтің «Шахтері» жергілікті суперкоманда БАТЭ-ге лайықты қарсылас болып келеді. Хижаның голы бұл команданың турнир көшін бастауына сеп болар. «Көп гол соқсам, команда үшін де, өзім үшін де, жанкүйерлер үшін де жақсы болмақ. Шабуылшы соққан голдарымен бағаланады ғой. «Шахтердің» жоғары нәтижелерге жетуіне көмектесемін» деп ойлаймын» дейді Хижниченко.

Бір «Шахтер» Сергейдің тынысын ашты, футбол көкжиегін кеңейтті. Екінші «Шахтер» қайтер екен? Асыға күтеміз.

С.Хижниченконың статистикалық көрсеткіші:

ЖылКомандаЧемп.ГолКубокГолЕКГолҰҚГолБарлығы
1.2006«Восток-2»838-3
2.2007«Восток-2»20720-7
3.2008«Восток»1411015-1
5.2009«Восток»246409337-9
6.2010«Локомотив» А

«Атырау

15

14

2

1

1

1

0

0

 

2

 

0

 

5

 

0

 

38-3

7.2011«Шахтер» Қ311620405042-16
8.2012«Шахтер» Қ1232014-3
9.2013«Шахтер» Қ205411147141-10
10.2013/14«Корона» (Польша)13113-1
11.2014/15«Корона»130116220-3
12.2015«Ақтөбе»27940205038-9
13.2016«Тобыл»2810107236-12
Барлығы

Қазақстан

Шетел

 

185

26

 

53

1

 

18

1

 

1

1

 

19

 

4

 

46

 

8

 

295-68