Венгрия астанасы Будапешт қаласында су спорты түрлерінен әлем чемпионаты өтіп жатыр. Отандастарымыз аса жоғары нәтиже көрсетпесе де, көңіл демдейтін табыстар бар.
Ең әуелі олимпиада чемпионы Дмитрий Баландинге тілеулес екеніміз жасырын емес. Дима Рио олимпиадасындағы жеңісінен кейін жарты жылға жуық демалып, жарыс жолына жақында ғана оралды. Ол Болгария ашық біріншілігінде топ жарып, бабына ене бастағанын аңғартты.
Алайда Будапешттегі алғашқы жарысынан-ақ Баландиннің әлі біраз еңбектенуге тиіс екенін байқадық. Ол 100 метрге брасс әдісімен жүзу бағдарламасында ерекше көзге түсе алған жоқ.
Баландин 7 іріктеу тобында сынға түсті. Алғашқы 50 метрді 28,42 секунда жүзіп өтті. Бұл – маусымдағы ең жақсы көрсеткіштерден едәуір төмен нәтиже. Қалған 50 метрде Дмитрийдің қарқыны тағы баяулай түсті (29,87 сек). Сөйтіп, ол іріктеу кезеңінде өз тобындағы Никола Мартиненги (Италия), Ясухиро Косеки (Жапония) секілді жүзгіштерден ғана емес, тағы 18 спортшыдан кейін қалып қойды. Жартылай финалға 16 адам ілінсе, Баландин 21 орында қалып қойды.
Енді ол 50 және 200 метрлерге жүзу сынына қатысады. Бірте-бірте бабына еніп, Баландин жеңіс жолына оралар деп күтеміз.
Әзірше отандастарымыз ішінде ең жоғары нәтижені Виталий Худяков көрсетіп отыр. Ол 25 шақырымға ашық суда жарысу сынында 7 орын иеленді. Ол мәреге 5 сағат, 04:36,10 минутта жетті. Худяков чемпион атанған француз Аксель Раймоннан 1:49,70 минут ұтылды. Отандасымыз Кенесары Кененбаев бұл бағдарлама 25 орында қалды. Әйелдер арасында осы қашықтықта жарыс жолына шыққан Ксения Романчук 18 орын иеленді.
Ал ашық судағы 5 шақырымдық эстафетада отандастарымыз К.Кененбаев, К.Романчук, Н.Рахимова және Л.Черепанов 19 команданың ішінде 18 орын алды.
Су добынан Қазақстан әйелдер құрамасы Жапонияға 8:17 есебімен есе жіберді. Енді ватерполшы қыздарымыз 15 орын үшін Оңтүстік Африка құрамасымен кездеседі.