Халықаралық олимпиялық комитет (ХОК) Париж бен Лос-Анжелесті 2024 және 2028 жылдардағы олимпиялық ойындардың астанасы деп жариялады. Алайда қай қаланың олимпиаданы бірінші қабылдайтыны әлі анық емес. ХОК-тың биылғы 13 қыркүйекте Перу астанасы Лима қаласында өтетін 131-сессиясында осы мәселеге нүкте қойылады.

Дегенмен Лозаннада (Швейцария) өткен кезектен тыс сессияда ХОК президенті Томас Бах әуелгі таңдау Парижге түсетінін емеуріндеп те үлгерген секілді. Ол Лос-Анжелес өтініш комитетінің өкілдері «төрт жыл күте тұрса», олимпиаданы өткізу құқығы сөзсіз бұйыратынын айтқан. Егер қос шаһардың өкілдері бұл өтінішті құп алса, Лимада 2024 және 2028 жылдардағы олимпиада астанасы нақты анықталады. Егер келіспесе, онда тек 2024 жылғы олимпиаданы қабылдайтын қала белгілі болады.

Мәселе қайдан туындап отыр? 2024 және 2028 жылдардағы жазғы олимпиадаларды өткізуге әу баста Париж, Лос-Анжелес, Гамбург, Будапешт және Рим қалалары үміткер болған еді. Бірақ соңғы тізімде Париж бен Лос-Анжелес қана қалды. ХОК үшін бұл үлкен мәселе. Соңғы кездері олимпиада өткізуге ынталы шаһарлар тым аз. Сондықтан ХОК барымен базар жасап, қазіргі экономикалық дағдарыстың шеті көрінгенше амалдай тұруға, яғни үміткерлердің ешқайсысының қолын қақпай, емексіте тұруға мәжбүр.

Естеріңізде болса, 2022 жылғы қысқы олимпиада астанасы атағына әу баста Краков (Польша), Львов (Украина), Осло (Норвегия), Стокгольм (Швеция), Алматы (Қазақстан) және Бейжің (Қытай) таласып еді. Бір қарағанда, қиян-кескі майдан күтіліп, біздің оңтүстік астана мен Қытай елордасы үміткерлердің ең нашары секілді көрінген. ХОК талабы бойынша, қатарынан екі олимпиада бір құрлыққа берілмеуге тиіс. Мысалы, Алматы мен Пьенчан (Оңтүстік Корея) 2010 жылғы олимпиаданы өткізу құқығына таласты. Ол кезде таңдау Ванкуверге (Канада) түсті де, Пьенчан өз өтінішін 2014 жылға да тапсырды. Ондағы дауыс беру тартысында Сочидің (Ресей) бағы жанды. Пьенчан 2018 жылғы ақ олимпиаданың астанасы атағына содан соң ғана, осылай зор еңбекпен жетті. Бірақ одан кейінгі олимпиялық ойындарды қабылдауға үміткерлер саны өз-өзінен қысқара бастады. Украинадағы саяси жағдайдың шиеленісуінен Львов өз кандидатурасын қайтарып алды. Ал Краков, Осло және Стокгольм тұрғындары арнайы референдумда өз шаһарларында олимпиада өткізуге қарсы дауыс берді. Сөреде Бейжің мен Алматы ғана қалды. Екі қаланың егесі өте жақсы болды. 44:40 есебімен Бейжің жеңіске жеткенде, әрине, терең демалғандарымыз да, арқасынан жүк түскендей қуанғандарымыз да аз болған жоқ, бірақ өкінгендер де аса көп бола қоймады-ау…

Шындығына келгенде, Бейжіңнің 2022 олимпиаданы өткізуге еш «құқы жоқ» болатын. Жоғарыдай айтып өткеніміздей, бірінші себеп – бір құрлыққа екі олимпиаданың қатар сеніп тапсырылмайтыны болса, екінші себеп – Бейжіңнің 2008 жылы ғана жазғы олимпиада астанасы атанғаны еді. Бірақ дағдарыс қандай да принциптерден бас тартқызып, көрпеге қарай көсілуге мәжбүрлейді екен.

Сондықтан ХОК-тың осы жолы Париж бен Лос-Анжелесті «ұзын арқан, кең тұсауда» ұстап отырғанын да түсінуге болады. Екеудің біреуінің бетін қайтарса, ХОК тіпті үміткерсіз қалуы да мүмкін ғой. Әзірше, осы бір қысылтаяң шақтан өткенше оларды барынша пайдаланған әлдеқайда жақсы.

Франция астанасы олимпиялық ойындарды 1900 және 1920 жылдары өткізді. Лос-Анжелес те 1932 және 1984 жылдары дүние жүзінің мықты спортшыларын жинаған. Демек, екеуінің де тәжірибесі бай. Екеуі де, егер кезектері анықталса, ХОК-тың негізгі ұстанымына қайшы келмейді. Қараңыз: 2020 жылы – Токиода (Азияда), 2024 жылы – мүмкін Парижде (Еуропада), 2028 жылы – мүмкін Лос-Анжелесте (Солтүстік Америкада). Әдемі үйлесім, іздесең таппайтын реттілік!

Франция олимпиялық ойындар соңғы рет осыдан 25 жыл бұрын, 1992 жылы Альбервиль қаласында өтті. Альпі етегінде қала қысқы ойындарды қабылдады. АҚШ болса, 1996 жылы – Атлантада жазғы олимпиаданы, 2002 жылы Солт-Лейк-Ситиде қысқы олимпиаданы өткізгеннен бері «бәйгеге ат қосқан жоқ». Демек, екі елдің қайсысын таңдаса да, ХОК қателеспейді.

Қалалардың олимпиялық ойындарды қабылдауға үркектей қарайтынының және бір үлкен себебі бар. Олимпиада өткен соң оның нысандарын пайдаға қалай жарату мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Мысалы, 2004 жылы жазғы олимпиаданы өткізген Афина ғана емес, бүкіл Грекия содан кейін экономикалық дағдарысқа белшеден батты делінеді. Осы күні Афинадағы олимпиялық нысандардың 70 пайызы қараусыз қалып, мүк басып жатыр. 2008 жылғы олимпиададан кейін Бейжің басшылығы аумақты нысандарды қандай қажетіне жаратарын білмей әлі бас қатырып жүр. Күні кешегі Рио де Жанейро олимпиадасы алдында қайықшылар жарысы өтетін айлақ жарыс алдында ғана тонналаған қоқыстан тазартылып еді, артынша бәз қалпына қайта келді. Мұндай шығындар қала мен ел басшыларының «ақырын жүріп, анық басқаны» дұрыс екенін аңғартады.

Бір кездері олимпиада астанасы атану зор мәртебе еді. Осы күні шамасы жететіндердің ғана шаруасы болып қалды. Кім біледі, бұл да уақытша құбылыс шығар. Олимпиада, қалай дегенде де, достық ойыны ғой. Спортшылардың өз ғұмырындағы басты жеңісі де сонда бұйырады.

Соңғы рет олимпиялық ойындардың бірнеше астанасын қатар таңдау шешімі 100 жыл бұрын қабылданыпты. Онда 1924 (Париж), 1928 (Амстердам), 1932 жылдардағы (Лос-Анжелес) үміткерлер сараланыпты. Бір ғасыр өткен соң сондай аламанға Париж бен Лос-Анжелес қайта қослыып отыр. Тарих қайталанып тұруды ұнататыны рас-ақ…