Геннадий Головкин мен Сауль «Канело» Альварестің жекпе-жегі жақындаған сайын түрлі әңгіме көбейіп келеді. Екі боксшының қалаларды аралағандағы кескін-келбетінен бөлек, күші мен ақылын, қандай қарсыластарды жеңгенін, осы кездесуден кейін болашағы қалай болатынын сараптаушылар аз емес. Тіпті жиындардың бірінде Альварестің Головкинге жүрексіне қарап тұрғанын әжуалағандар да жетіп-артылады.

Ал боксшылардың өзі қандай көңіл-күйде? Бізге осы жай қызық.

Жанкүйерлерге керемет жекпе-жек көрсетуге дайынмын. Бұл кездесу бокс тарихындағы үздік жекпе-жектердің бірі болуы мүмкін. Мен қазір баяғы Мейуезермен кездесуге қарағанда өзіне сенімді және кемеліне келген боксшымын. Головкин – тәжірибесі бай қарсылас. Оның командасы менің соққымның күшін жете бағаламайды деп ойламаймын. Бокста бәрі де болуы мүмкін, оның үстіне, бұл жолы қарсыластарын естен тандырып, бокс тарихын жасап жүрген екі жауынгер бетпе-бет кездеседі ғой. Әрине, Головкинді нокаутпен жеңгім келеді. Оның әлсіз тұстары бар, біз 16 қыркүйекте соны жарқыратып көрсетеміз. Кез келген қарсыласқа дайынмын, Геннадиймен кездесуде барымды салуға әзірмін. Кездесудің Лас-Вегас қаласында өтетіні маған басымдық береді дегенге келіспеймін. Бәрін шаршы алаң шешеді, – деді Альварес.

Оның сөзіне аз-кем түсініктеме бере кеткеніміз жөн болар. «Канело» Флойд Мейуезермен 2013 жылдың 14 қыркүйегінде кездесті. Екі мықты келісілген салмақ дәрежесінде – 152 фунтта (69 келі) жұдырықтасты. Жекпе-жек толықтай Мейуезердің басымдығымен өтті. Төрешілердің екеуі (116:112, 117:11) Флойдтың жеңісін растады, біреуі кездесу тең өтті (114:114) деп бағалады. Бірақ көзбе-көз тамашалаған мамандар да, жанкүйерлер де Альварестің еш қайран жасай алмағанын айтты. Бір төрешінің тең есеп белгілегеніне таң қалғандар аз болған жоқ. Альварес кәсіпқойлар арасында осы күнге дейін 41 кездесу өткізсе, жалғыз жеңілісі – сол Мейуезерден ғана.

41 жекпе-жектің сегізін Альварес Лас-Вегас қаласында, оның екеуін (Ә.Ханмен және Х.С.Чавеспен) алдағы кездесу орны ретінде белгіленген T-Mobile Arena кешенінде өткізген. Демек, ол Лас-Вегасты өз үйіндей көреді. Головкин болса, бұл қалада бірінші рет өнер көрсеткелі тұр.

Отандасымыздың ұлы жекпе-жек алдындағы сенімділігі марқайтады. Әуелгі кездері Головкин Альвареске құрметін көбірек байқататын еді, қазір тіпті тура кесіп, тік айтып жүр.

Орта салмақ дәрежесінде менің тәжірибем көп. «Канело» болса, оған жақында ғана ауысты. Ол соңғы кездесулерінде өзін өте жақсы көрсетті. Бірақ енді тіпті бөлек, жаңа тарих жазылады. Мен – орталық дивизионның нағыз чемпионымын. «Канелоның» бұған дейінгі қарсыластары секілді ұсақ емеспін. Менің «Биг драма шоу» көрсеткім келеді. Қарсыласымды нокаутқа түсіргім келеді. «Голден бой» бұрын істен гөрі сөзді көбейтіп, бос уақыт өткізді. Соңғы екі-үш жыл бойы тек уәде берумен болды. Сондықтан Альваресті естен тандырсам деймін. Көп сөйлеу спортқа, оның ішінде боксқа мүлде жараспайды. Бұл – үлкен жекпе-жек. Егер жеңіске жетсем, өте бақытты боламын. Өйткені жұрттың боксқа құрметін қайтарамын ғой, – дейді Головкин.

Екі мықтының жекпе-жегінде орта салмақ дәрежесінде Головкинге тиесілі WBC, WBA, IBF және IBO нұсқалары бойынша, сондай-ақ The Ring нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағы сарапқа салынады. Кезінде өзін белгілі бір уақытқа дейін Головкинмен кездесуге мәжбүрлеген WBC ұйымының чемпиондық белбеуінен Альварес саналы түрде бас тартқан-ды. Бұл жолы да ол осы атаққа көз тігіп отырған жоқ. WBC алдағы жекпе-жек үшін «Канелоға» арнайы белбеу дайындамақ болып еді, мексикалық боксшы одан да бас тартты.

Қалай дегенде де, жекпе-жек алдында Головкиннің сенімділігі ерекше секілді көрінеді. Бұл санатқа отандасымыз ұзақ жол жүріп жетті. Енді шегінбек емес. Жақын арада салмағын арттыратын ойы да жоқ. Ол орта салмақ дәрежесіндегі барлық чемпиондық атақты уысына түсірген соң ғана «ауырлауы» мүмкін. Әзірше WBO-ның чемпиондық белбеуіне британиялық Билли Джо Сондерс ие. GGG онымен шаршы алаңда жолығуды алдағы жекпе-жектен кейін қолға алатын болар.