Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) ойнайтын Астананың «Барысы» өз тарихында екінші рет плей-офф кезеңінің ширек финалына шықты. 1/8 финалдағы соңғы матчын елордалықтар өз айдынында өткізіп, Челябінің (Ресей) «Тракторын» 2:1 есебімен ұтты. Сөйтіп, сериядағы есепті 4:2-ге жеткізді.

ҚХЛ плей-офф кезеңдерінің «Барысқа» қатысты статистикасы мынадай:

1. «Барыс» ҚХЛ тарихындағы 9 маусымның сегізінде плей-оффқа шықты. Тек 2015/2016 маусымында ғана тұрақты чемпионатты 17-орымен қорытындылап, Гагарин кубогына таласу мүмкіндігіне ие бола алмады.

2. Алғашқы 3 маусымда, яғни, 2009-2011 жылдар аралығында «Барыс» 1/8 финалда Қазанның (Татарстан) «Ақ барыс» командасынан өте алмады – 0:3, 0:3, 0:4. Одан кейінгі 2 маусымда (2011/2012 және 2012/2013) Магнитогорскінің «Металлургінен» және Челябінің «Тракторынан» 7 матчқа созылған серияда 3:4 есебімен жеңілді.

3. Өз тарихында тұңғыш рет «Барыс» ширек финалға 2013/2014 маусымында жолдама алды. Астаналық хоккейшілер 1/8 финалда «Автомобилистті» (Екатеринбург) 4:0 есебімен жеңіп, ширек финалда Өфөнің «Салауат Юлаев» командасын 2 мачта ғана тізерлете алды — 2:4. 

4. 2014/2015 маусымында «Барыс» Омбының «Авангардына» 1/8 финалда бір жеңіс айырмашылығымен жол берді — 3:4.

5. «Трактор» мен «Барыстың» жолы 1/8 финалда осымен екінші рет тоқайласты. Әзірше ара қатынас 1:1 болып тұр. 

6. «Барысты» ширек финалға бастап шыққан мамандар екеу: финн Яри-Пекка Селин — 2013/2014 маусымында, белорус Эдуард Занковец биыл жақсы жетістікке жетеледі. 

7. Ширек финалда «Барыс» «Металлургпен» кездеседі. Магнитогорскіліктер биылғы 1/8 финалда Қытайдың «Куньлунь Ред старс» командасын 4:1 есебімен қапы қалдырды.