1987 жылдан спорт журналисі болуды армандадым. Жоқ… әуелі журналист болғым келді. 7 сыныпта Ғалия апай қазақ тілінен «Кім болам?» тақырыбында шығарма жаздырды, сонда болашақта журналист болғым келетінін қиялдап отырып көсілгенім есімде.
1988 жылдан футболға ерекше қызыға бастадым. Оның алғашқы дәнегі әкем бар кезде, 1985-1986 жылдары себілген болуы керек. Мына оқиға есімнен кетпейді. Әкем төргі бөлмеде футбол көріп жатты, анам үй тазартып жүрді. Үш ұл әкенің қасында теледидарға тесіліп отырмыз, бірақ футболды ұқпаймыз. Бірінші таймда «Қайрат» «Жальгиристен» 0:1 есебімен ұтылып жатты. Ара-арасында кәрі «Весна» тұтығып қалады, ондайда әкем орнынан атып тұрып, ескі теледидарды жұдырықпен қойып қалатындай төніп келеді де… аз шұқып, ауруын табады. Әкем жарықтық қызуқанды адам еді, лап етіп көтеріліп, тез басылатын. «Қайраттың» қайрансыз жеңіліп жатқанына қатты ренжіді. Әкеміз ренжігесін, біз де ренжіп отырдық…
Екінші таймда «Қайрат» кенет серпілді. Бірінен кейін бірін — төрт доп соқты! Әкем орнынан атып тұрып қуанады, біз атып шығып, анамызға хабарлаймыз. Сөйтіп, анамыздың сыпырып жатқан бөлмесін қайта былғаймыз. Анам бізді төргі бөлмеге қайта қуып тығады. Жақында «Астана» «Жальгириспен» ойнағанда, осы оқиға көз алдымнан жүгіріп өтті.
Әкем 1986 жылы Мексикада өткен футболдан әлемдік доданы да мұқият томашалады. Ол кезде «Мәскеу» арнасы ғана ондай сындардан трансляция жасайтын еді ғой. «Мехико — шинтайшес» («Мехико-86») деген айдармен чемпионат барысын біз де, еш түсінбесек те, әкемізге ілесіп көретінбіз.
1988 жылы «Қайратқа» жаным ауыра бастады. Дәптер бастап, наклейка жинап, аяқдоп қызығына күмп еттім де кеттім. «Қайрат» 1989-91 жылдар аралығында КСРО-ның І лигасында ойнады. Қазіргідей интернет заманы емес, пошташыны асыға күтіп, әр матчтың қорытындысын апта өткен соң біліп жүріп есейдік. Сол кезде спорт журналисі болсам деген ойға одан әрі беки түстім.
«Спорт» газетіне жазылу 84 тиын тұратын еді. Міндетті түрде жазылатынмын. Сейсенбі күні шығатын газет апта соңында қолға тиетін. Бірақ өткен жексенбідегі матчтардың қорытындысы жазылмай қалатын-ды. Сонда Алматыда отырған «жалқау» журналист ағайларға тіс қайрап, қарадай ашуланатынмын. Кейін білсем, «Спорттың» версткасы жұма күні жасалады екен де, жұртқа сейсенбіден бастап таратылады екен ғой. Оған сенбі-жексенбідегі матчтар нәтижесі қалай үлгерсін… Қазіргі ақпарат тасқындаған заманда сондай күндерді бастан өткізгенімізге іштей күліп те аламын.
1994 жылы әл-Фараби университетіне түстік, 1998 жылы бітірдік. Спорт журналисі болдық. Сейдахмет атамыздан басталған жақсы жолды, Сұлтанғали, Рабат ақсақалдар, Несіп, Қыдырбек, Сайын, Дүрәлі, Бақтияр, Зейнел, Сәкен, Дидар, Нұрғазы, Ғалым ағаларым жалғастырған жолды біз де таптадық. Футбол федерациясына дүйсенбі күні таң атпай барып алып, кешегі турдың нәтижелерін ұрысқақ аққұлақ шалдардан жалынып-жалпайып жазып алып, газетке беруге асыққан күндер де өтті. Футболдан әлем чемпионатына, түрлі әлемдік, құрлықтық додаларға, олимпиадаға, Азия ойындарына жол түсті. Біріне комментатор болдық, бірінен жазып хабар тараттық. Еліміздегі тұңғыш спорт арнасын құруға да үлес қостық.
Енді айналып келгенде біз де қырыққа жақындап, кішілерге аға болып қалыппыз. Сол кіші бауырлардың талабы бойынша бүгінгі кез келген журналист заман ағымына ілесуге тиіс екен. Сайт ашсам деп ниеттендім сол кезде. Ауы мен бауы ұзақ шаруа екен, біраз іркілдім. Дегенмен Рио олимпиадасы басталар шақта шалажансар болса да алдарыңызға тосып, баталарыңызды алып, іске кіріссем деймін.
Бұл — қазақ спортының статистикасы тұнған сайт болады. Мұнда лепірме сөз, ауыз көпіріп мақтау емес, нақты деректер салтанат құрады. Соған тырысамын, соған талаптанамын. Әзірше өзім жалғыз болғандықтан, күн сайын ары кеткенде 2-3 ақпарат салып тұрсам да жаман емес. Аяқтан қаз тұрып кетсем, Серік сияқты інілерімді статистикаға қамап қойып, ләззатын көріп отырамын ғой!..
Бізде спорт ақпараты бар, бірақ статистикасы аз. Өз басым спорт статистикасымен шындап айналысатын оншақта азаматты ғана білемін. Қазақстан сияқты елге бұл оншақты жігіт аз, тіпті жоқтың қасы.
Ал статистикасыз спорт — спорт емес. Спорт деген — заңдылық, заңдылық деген статистика!
Әзірше назарларыңызға әр жылдары жазылған материалдарымды ұсындым. Күн сайын жаңа жаңалықтармен толықтыруға уәде беремін. Алдағы уақытта жаңа айдарлар, жаңа мақалалар мен деректер көбейе түседі. Аз уақыт беріңіздер, сайттың құлағында ойнап үйреніп алайын, сосын көреміз бұл спорт статистикасының әуселесін!
Сайт статистика және спорт сөздерінің қосындысынан «Статспорт» болып өмірге келді.
Тимур Бектұр бауырыма зор алғыс! Бірақ Тимекең екеуміз әлі жарқыратамыз бұл дүниені!
Қош келдік ақпарат кеңістігіне!
Есей бауырларыңыз
Құтты болсын! Мұратыңа жет, бауырым!