Қазақстан премьер-лигасының 23 турындағы «Ақтөбе» — «Ордабасы» матчы 4:4 есебімен тең аяқталды. Бұл ойында ақтөбеліктердің шабуылшысы Алексей Щеткин қос гол соғып, биылғы тура соққылар санын 3-ке жеткізді. Соншалық таңдай қағатын нәтиже емес, дегенмен көптен көзге түспей кеткен шабуылшының бұл нәтижесінің астарында не жатқанына үңіліп көрсек:
1). Щеткин 2015 жылы «Астанаға» «Тараздан» ауысып, 20 мачта 3 гол соқты.
2). Бір маусымда «Астана» сапындағы 31 матчта 4 рет қана мергендік танытты.
3). Биылғы жыл басынан астаналықтар құрамында алаңға 15 рет шығып, небары 129 минут өткізді. Сонда әрбір матчта орта есеппен бар-жоғы 8,6 минут қана ойнаған болып шығады. Осы 15 ойында Щеткин бір де бір рет негізгі құрамда шыққан жоқ.
4). «Астана» құрамындағы соңғы голын шабуылшы 2015 жылдың 20 маусымында енгізді.
5). Биылғы шілде айында Щеткин «Ақтөбеге» ауысып, дереу негізгі құрам шабуылшысына айналды. Жаңа команда сапында ол 17 шілдеде көзге түсті, «Шахтер» қақпасына жеңіс голын енгізді. Сонда Щеткиннің голсыз уақыты 1 жыл, 27 күнге созылғанын байқаймыз.
6). Қазірге дейін «Ақтөбе» құрамында бұл шабуылшы 5 ойын өткізіп, 3 гол соғып үлгерді. 5 матчта ол алаңда 405 минут өткізді. Демек, «Астана» сапында әр ойында алаңда 8,6 минут өткізсе, «Ақтөбеде» ойын сайын кемінде 81 минут алаңға шығып жүр.
7). Қазақстан құрамасы сапында Щеткин биыл 2 матчқа қатысты. Әзербайжан құрамасына қарсы ол алаңға 2 таймда шығып, 20 минут өткізсе, Грузияға қарсы негізгі құрамда шықты, алайда бірінші таймнан кейін алмастырылды. Маусым айындағы Қытайға қарсы жолдастық кездесуге Щеткин мүлде шақырылған жоқ.
Міне, осындай өзгерістердің өзі футболшының өміріне қатты әсер етуі мүмкін. Талдықорған футболының түлегі бұған дейін «Жетісу», «Атырау», «Тараз» командаларында нәтижелі ойын көрсетті. Тек «Астана» сапары ғана оны тұсап тастағандай. Елордалық клуб былтыр Чемпиондар лигасының топтық турнирінде ойнағанда, Щеткин «Бенфика», «Галатасарай», «Атлетико» командаларына қарсы алаңға шықты, алайда мергендік таныта алған жоқ. «Бенфикамен» кездесуде оның қақпа жақтауына тура тепкені есте қалыпты.