Қыдырбек РЫСБЕКҰЛЫ
Спорттық гимнастикадан КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Едіге Жаровпен 2009 жылы болған әңгімені жариялап отырмыз. Едіге Нұрмаханұлы – Халықаралық гимнастика федерациясы (ХГФ) техникалық комитетінің мүшесі, ХГФ жанындағы жаттықтырушылар академиясының бас сарапшысы, Канада гимнастикасы тарихында олимпиада чемпионын дайындаған тұңғыш бапкер. Едіге Жаров — спорттық гимнастикадан Канада ұлттық құрамасының бас бапкері. Қазір ел астанасы Оттава қаласында тұрады. Ол 1988 жылғы Сеул олимпиадасының 2 дүркін жеңімпазы, әлемнің бірнеше мәрте чемпионы Валерий Люкиннің жаттықтырушысы болды.
– Армысыз, Едіге аға!
– Амансыздар ма?!
– Сіздің атыңызға сыртыңыздан қанықпыз. Сақа, сарытіс жанкүйерлер болмаса, кейінгі жастар жағы сізді біле бермейді. Қазақ екеніңізді тілеулестеріңізге өз аузыңыздан айтып берсеңіз…
– Қазақпын! 1952 жылы 19 қаңтарда Алматы облысының Нарынқол ауылында дүниеге келдім. Әкем Нұрмахан Жаров 1930 жылы Нарынқолда дүние есігін ашып, 1957 жылы өмірден озды. Анамның аты-жөні – Нұри Салауатқызы. Әкем қайтыс болған соң Алматыға, әжеміздің қолына көшіп келдік. Анам әкей өмірден өткен соң тұрмыс құрған жоқ. Біздің бар ауыртпалығымызды қайыспай көтеріп, 2007 жылы дүниеден өтті.
— Балалық шақ, гимнастикаға ден қойған арманшыл күндер, алыста қалған сол бір жылдарды көкейде қайта жаңғыртып көрсек.
— 11 жасымнан спорттық гимнастикамен шұғылдандым. Мені гимнастика залына ертіп келген Александр Георгиевич Калиш болатын. Сол кісінің қол астында тер төккен күндерім әлі көз алдымда. Шыны керек, гимнаст ретінде биік белестерге жете алған жоқпын. Бірақ бапкерімнен көп нәрсе үйрендім. Гимнастиканың әліппесін көкейге тоқыдым. Екінші қазақ ғарышкері, батыр бауырымыз Талғат Мұсабаев біздің топта болды.
– Едіге Нұрмаханұлы, Валерий Люкинді қалай жолықтырдыңыз?
– Әлі есімде, республикалық жарыста жұқалтаң келген сары бала көзіме оттай басылды. Валера сол сында жеңімпаз да, жүлдегер де болған жоқ. Бірақ ойлы, өжет қимылымен мені баурап алды. Әр жаттығуға жан-тәнімен беріліп, мінсіз атқаруға тырысады. Көзіне қарасам, ой тұнып тұр екен. Гимнастикаға бейімін, жылдамдығын, үйлесімді қимылын байқап, іздегенім осы бала деп түйдім.
– Содан…
– Содан жарыс біткен соң республикалық «Спартак» ерікті спорт қоғамының төрағасы Мәжит Омарғалиевқа барып, Ақтөбеде Валера Люкин деген бала тұратынын, сол баладан болашақта мықты гимнаст шығуы мүмкін екенін айтып, іссапарға жіберуін өтіндім. «Баланың жасы нешеде?» – деп сұрады Омарғалиев. «Шамамен 10-11-де», – дедім. Мәжит аға:«Өзіңе сенсең, ішкі түйсігің алдамаса, барып қайт», – деді.
Ұшақпен Ақтөбеге келіп, гимнастика залын тауып алдым. Сол күні Валераның ата-анасымен кездестім. Баланың болашағы Алматыда екенін, егер ол кісілер рұқсат берсе, Валераның біздің үйде тұратынын, баланың бар жауапкершілігі өз мойнымда болатынын жеткіздім. Жұдырықтай баланы жер түбіндегі Алматыға, бейтаныс бапкерге жетектетіп жіберу қай ата-анаға оңай тисін? Ұзақ сөйлестік. Мен алған бетімнен табандап, қайтпай қойдым. Сол кезде небары 25-те екенмін, «бір отбасының 11 жастағы әлпештеген баласын қасыма алуға қалай тәуекел еттім, тұтас бір отбасының жауапкершілігін қалай ғана мойныма алдым?» деп кейде өзіме-өзім сұрақ қоямын.
1977 жылдан бастап Валерий Люкин біздің үйде тұра бастады. Анам ас-суын әзірлеп, киім-кешегін жуып береді. Мектепке өзім алып барамын, мектептен гимнастика залына бірге барамыз. Үйге бірге қайтамыз. Күніне 6-7 сағат тер төгеміз. Валера менің жаттығу жүйеме тез бейімделді. Жаттығудың ауырлығына мойыған жоқ. Тез көндікті.
– 25 жасыңызда нар тәуекелге бел буыпсыз. Жеңіс, нәтиже көп күттірді ме?
– Қазақстан біріншіліктерінде бірнеше мәрте топ жарған біздер 1980 жылы Тольяттиде өткен КСРО-ның жастар чемпионатына қатыстық. Шынын айту керек, бұл бәсекеге бәйге алу үшін барған жоқ едік. Екі спортшыны үлкен жарыстың дәмін татсын, ысылсын деп алып бардым. Күтпеген жерден Валерий Люкин КСРО чемпионы атағын жеңіп алды.
1984 жылы Ташкентте мектеп оқушыларының Бүкілодақтық спартакиадасы өтті. Сол сынға Қазақстан құрамасы тас-түйін болып аттандық. Себебі, құрама бапкерлері кілең сайдың тасындай іріктелген мамандар еді. 1988 жылы олимпиада чемпионы атанған Владимир Новиковтың жаттықтырушысы Владимир Уфимцев, кейін Ернар Ерімбетовтей мықтының томағасын сыпырған Владимир Еспанов және Виктор Фролов, Алик Якимиди, Александр Ширяев секілді бапкерлер тізе қосып, осы Спартакиадада Ресей, Украина, Белоруссия, Армения, Грузия құрамаларын басып озуды мақсат тұттық. Бұған дейін Қазақстан құрамасы бұл елдердің алдына түскен емес.
Маңдай теріміз ақталып, біздің гимнасттар командалық және жекелей есепте Одақтың бас бәйгесін жеңіп алды. Люкин спорт шеберлері арасында топ жарды.
– Бәрекелді, қазақ маманы баптаған ұлан КСРО-дай алып империяның бас бәйгесін олжалаған сәтті еске түсірудің өзі мерейімізді өсіріп, мәртебемізді көтеріп тастады ғой. Кілең дарабоз бас қосқан КСРО-ның ұлттық құрамасына cіздерді қай жылы шақырды?
– 1986 жылы КСРО ұлттық құрамасының оқу-жаттығу жиынына қатыстық. Осы жиын соңында КСРО құрамасының бас бапкері Леонид Аркаев Люкинге көңілі толғанын, бірақ Валерийдің сырт көзге тым балаң көрінетінін айтты. Шынында да, 20 жастағы Люкин 16-дағы бозбала тәрізді еді. «Келесі жиынға еркін жаттығуда үш мәрте сальто жасауды меңгеріп келіңдер», – деді Аркаев. Бұл оңай шаруа емес еді. Біздің басты қарсыласымыздың бірі қытайлықтардың осы жаттығуға құлшына кіріскенін естігенбіз. Күн тәртібіндегі ендігі мәселе: халықаралық жарыста бұл жаттығуды кім бірінші орындайды? КСРО ма, Қытай ма?
1987 жылғы Еуропа чемпионатында Люкин дүние жүзі бойынша еркін жаттығуда үш мәрте сальтоны бірінші болып жасап, құрлық чемпионы атанды. Бұл жаттығу және біздің басқа да тың жаңалықтарымыз халықаралық ережелер кодексіне «Liukin» элементі болып тіркелді. Сол чемпионатта Валерий 5 алтын, 1 күміс, 1 қола медальға ие болып, Еуропаның абсолютті чемпионы атағына қол жеткізді.
1987 жылы Валерий КСРО чемпионатында көпсайыста жеке-дара шықты. Әлемге әйгілі Дмитрий Билозерчев, Валентин Могильный, Юрий Королев секілді мықтылар менің шәкіртіме жол беруге мәжбүр болды. Осы жерде Валераның басты қарсыластарына тоқтала кетейін. Дмитрий Билозерчев — 1983,1987 жылдардағы, ал Юрий Королев 1981,1985 жылдардағы әлемнің абсолютті чемпиондары. Валентин Могильный да әлем чемпионы.
Сол жылы Роттердамдағы әлем чемпионатына Валерий КСРО құрамасының көшбасшысы болып барды. Қонақ үйге орналасқан бойда әр елден келген журналистер Люкинді қоршап алды. Спорттық жолымыздағы алғашқы әлем чемпионатына нағыз бабымызда келген едік. Ертең жарыс деген күні жаттығу залында біраз тер төктік. Жаттығу соңында Валера «Цукахара» элементін екі рет жасап: «Ұстаз, тағы бір секірсем қалай болады»,- деді. Қарсы болған жоқпын. «Цукахара» әдісімен секірген Валера дік етіп түскен жерінде тұрып қалды. Ойымда ештеңе жоқ, «Валера, неғып тұрсың, кешкі асқа барайық», — дедім. «Жарысқа қатыса алар ма екенмін?» — деді Валера барынша сабыр сақтап. «Жүр, кеттік», — дедім әлі де ештеңеге түсінбей. «Жүре алмаймын». Аяғына қарасам, тобығы көз алдымда бұлтиып ісіп шыға келді. Маңдайға жазылған бейнеттен қалай қашып құтыласың? Роттердамдағы әлем чемпионатында Люкин жарақатына қарамай 2 алтын, 1 күміс медальді жеңіп алды.
– КСРО құрамасындағы темірдей тәртіп, қатаң талап туралы талай естідік. Бас бапкер Леонид Аркаев тізгінін ұстаған құраманың құдіреті неде еді?
– Леонид Аркаев — мақсат-мүддесі үшін аянбай айқасатын табанды, бірбеткей, айбатты маман. Ұйымдастыру қабілеті адамды еріксіз тәнті етеді, бұған қоса еңбекқор, диктатор әрі тәкаппар адам. Сол тұстағы КСРО-ның спорттық жүйесі үшін нағыз қажетті бапкер болды. Леонид Аркаев гимнастиканың ішкі иіріміне, техникалық ерекшелігіне терең бойлай бермейтін. Бұл жағын Одақтың әр қиырынан келген бапкерлерге тапсырып, тапсырманың мүлтіксіз әрі сапалы орындалуын қатты қадағалап отыратын. КСРО құрамасының сапында 30 гимнаст болса, соның алтауы ғана ең жауапты жарыстарға іріктеліп алынды. Осы 30 спортшының кез келгенін үздік алтылықтың сапында Олимпиада мен әлем чемпионатына алып барсаңыз, КСРО құрамасы көздеген биігінен көрінер еді.
— Едіге аға, егер сіздер еркін жаттығудағы үш мәрте сальтоны меңгермегенде ұлттық құрамаға табан тіреп, орнығу мүмкін бе еді?
— Оқу-жаттығу жиындарына шақыруы мүмкін, бірақ айтулы бәсекелерге бара алмас едік. Құрама сапында 8-10 жыл үздіксіз тер төгіп, Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатына жолы түспеген мамандар мен спортшылар өте көп. Мысалы, Люкин екеуміз КСРО құрамасының сапында 10 жыл бірге болдық. Бір апта — үйде, үш апта – Мәскеудегі КСРО құрамасының оқу-жаттығу жиынында. Бала-шағасы бар адам үшін табандатқан 10 жыл бойы осылай бейнет кешу оңай ма?
Біз жаңалық жағынан еркін жаттығудағы үш мәрте сальтомен ғана шектелген жоқпыз. Дүние жүзі бойынша және Кеңес одағында ешкім жасамаған бірнеше элементтеріміз болды. Сол әдістердің бірі — белтемірде (турник) 360 градус бұрылыспен алға бүгіліп жасайтын сальто. Бұл әдісті де дүние жүзінде біз бірінші болып меңгердік. Халықаралық ережелер кодексіндегі «Liykin» элементінің құрамына бұл сальто да енді.
– Бапкерлік кәсіпті ғалымдық дәрежеге көтеріпсіз, аға. Егер сіздің шығармашылық қуаты мол, терең ізденісіңіз болмағанда, Люкиннің әлемдік гимнастика тарихындағы ең үздік гимнасшының бірі болуы екіталай еді. Қазақтың ғана емес, бүкіл спортттық гимнастиканың бапкерлік мектебін жаңа саты, соны белеске жеткізіпсіз. Ақиқатына келсек, бапкерлік дегеніміз машақаты көп, бейнеті бел қайыстыратын нағыз еңбекторының кәсібі. КСРО құрамасы сіз үшін де шыңдалу, ізденіс мектебі мектебі болды емес пе?
– Маған «КСРО құрамасының сапында болған жылдарыңыз сізге қандай пайда берді?» деген сауалды жиі қояды. Кеңес одағы құрамасындағы 10 жыл мені ең алдымен төзімділікке баулыды. Күнделікті үш мәрте жаттығу, белгілі бір әдіс-тәсілді күн сайын бірнеше рет қайталайсың. Әрбір әдіс-тәсілді көзді жұмып жасайтын деңгейге жетуің керек. Ал тосын қимыл, тың жаттығуларды үйде түзесің, үйде ұштайсың. КСРО құрамасында шығармашылық ізденіске уақытың жоқ. Себебі, ұлттық құраманың жиынына күш-қуаты толысқан, техникалық шеберлігі жетілген, жүйкесі берік, өзіндік қолтаңбасы бар спортшылар ғана іріктеліп шақырылады. Тоқ етері, ұлттық құрама білгеніңді әлемдік деңгейде жетілдіріп, кем-кетігіңді жонып түзейтін мықты механизм болды.
Валера екеуміз КСРО құрамасының бар бейнетіне төздік, жүйкені жүндей түткен небір пендешіліктерге, қиыншылықтарға мойымадық. Құрамада басқа одақтас республика спортшыларына қарағанда ресейліктердің десі басым болды. Ұлттық құрамаға табан тіреуің үшін ресейлік спортшыдан оқ бойы алда тұруың керек. Ресейліктерге берілген бұл артықшылық бізді қатты қамшылады. Тынымсыз ізденіс, күнделікті жанкешті жаттығу үздіксіз жалғасып жатты. Намыс үшін аянбадық. Бір сәт кері шегінген жоқпыз.
Валера менің қолымда сегіз жыл тұрды. Бірде ол мені өзі тұратын Даллас (АҚШ) қаласына жарысқа шақырды. Дүниенің әр қиырынан жиналған 200 адамдық дастархан үстінде: «Менің құдайдан кейінгі сыйлайтын бір адамым бар. Ол – бапкерім Едіге Жаров», — деді. Ұстаз үшін бұдан асқан бақыт бола ма?!
– Еңбегіңіздің жанып, мәртебеңіздің өскеніне шын жүректен қуаныштымыз, Едіге аға! Сеул олимпиадасынан кейінгі бапкерлік белесіңіз туралы айтсаңыз.
– Сеул олимпиадасынан кейін Франция мамандары қолқа салды. 1990 жылы отбасыммен осы елге көштім. Францияда 2000 жылға дейін тұрып, Канада құрамасына бас бапкер болып ауыстым.
– Енді Франциядағы жетістіктеріңізге тоқталайық. Кеңес одағы кезінде «қазақ күрес пен боксқа ғана бейім» деген қасаң стереотип қалыптасты. Осы түсінікті тас-талқан қылған маманның бірі сізсіз, Едіге аға! Құлағым сізде.
– Он жыл бойы Францияның ұлттық құрамасын баптадым. Францияның спорт басшылары сенім артып шақырған соң, намысты қолдан бермеуге күш салдым. Оқу-жаттығу жиындары біте сала елдің әр қиырынан мамандар мен спортшылар ақыл-кеңес сұрап, кем-кетіктерін түзеу үшін маған келеді. Құраманың жұмысынан тыс осындай шаруаларға жегілдім. Ұлттық құрамаға келсек, арқа сүйейтін, ақыл сұрайтын ешкімім жоқ. Бүтін бір мемлекеттің гимнастикасын өрге сүйреу үшін табандатқан он жыл арпалыстым. Еңбегім еш кеткен жоқ. 1995 жылы шәкіртім Жил Стабло жеке жаттығуда Еуропаның 2 дүркін чемпионы атанып, көпсайыста күміс жүлдеге қол жеткізді. Тағы бір шәкіртім 1997 жылы Франция чемпионатында топ жарды. Францияның жастар құрамасына үш шәкіртім енді. Еңбегім жанды, беделім де ешкімнен кем емес. Бірақ жауапты бәсекелер кезінде ұлттық кемсітушілікті көп көрдім. Оқу-жаттығуда құраманың бар бейнетін көтересің, ал жарыс алаңына шәкірттеріңмен бірге шығуға хақың жоқ. Өзіңіз көз алдыңызға елестетіп көріңізші, ұзақ жыл талмай баптап, жауапты сын алдында ащы терін алып, бәйгеге қосқан шәкіртіңіз шығыршықта не белтемірде шырқ үйіріліп, өнер көрсетіп жатады. Сен болсаң, ел қатарлы қасында бола алмайсың, шәкіртіңнің қимыл-қозғалысын бапкер бөлмесіндегі теледидардан немесе трибунадан тамашалайсың. Мұндай кемсітушілікке қашанғы төзесің? 2000 жылы Канадаға қоныс аудардым.
Өзге елге қоныс аудару оңай емес. Елді, жерді сағынып, өзегің өртенеді. Тіл білмей бір тұсаласың, өгей ортаға көндіге алмай екі қиналасың. Туған ел жатсаң да, тұрсаң да жадыңда тұрады. Тасбауыр болып кетті демеңіздер, қазақ екенімді бір сәт есімнен шығарған емеспін. Қазақ боп тудым, қазақ боп қаламын.
– Едіге аға, тағдыр-талайыңызға жазылғаны осы болса, қалай жазғырамыз? Кісі есігінде жүрген жоқсыз, мүйізі қарағайдай Канаданың керегіне жарап, гимнастикасының екі тізгін, бір шылбырын ұстап отырсыз. Осыған да шүкір. Енді әңгіме арнасын Халықаралық гимнастика федерациясымен қарым-қатынасыңызға қарай бұрсақ.
– 1991 жылы Халықаралық гимнастика федерациясы (ХГФ) бапкерлердің білімін көтеру академиясын ашты. Академияға техникалық эксперт таңдау үшін ХГФ — АҚШ, Жапония, Ресей, Англия, Италия, Румыния, Украина, Қытай т.б. мемлекеттерден білікті деген мамандарды шақырып, емтихан алды. Сол емтиханның қорытындысы бойынша мен үздік шығып, академияның сарапшысы қызметіне қабылдандым.
– Бәрекелді, аға! Қазақтың ақыл-ойының озықтығын бүкіл әлем алдында дәлелдепсіз. Ісіңіз өрге бассын!
— Рахмет! 1999 жылдан бастап жер шарының әр түкпірінде ағылшын, француз, орыс тілдерінде 15 лекция оқыдым.
2005 жылы ХГФ президенті Брюно Гранди федерациясының техникалық комитетіне мүшелікке таласуға кеңес берді. Ол кезде мен заң жүзінде Қазақстан азаматы болатынмын. Қазақстан гимнастика федерациясына мені қолдаңыздар деп өтініш айтып едім. Сөзім далада қалды. Бұл жағдайды естіген Канада федерациясы маған Канада азаматтығын әперіп, ХГФ-ға кандидатурамды ұсынды.
Сөйтіп, 2008 жылы ХГФ-ның Хельсинкиде өткен конгресінде Канаданың атынан сайлауға түсіп, ХГФ ерлер техникалық комитетінің 6 мүшесінің бірі болып шыға келдім.
– Сіздің ХГФ-ның бас сарапшысы әрі техникалық комитет мүшесі болуыңыз — қазақ спорты тарихындағы соны қадам. Бізде кандидаттық және докторлық диссертацияны зорға қорғағандар аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермейді. Сондайлардың кесірінен қазақ спорты аяғына жем түскен аттың кебін киіп отыр. Ендігі жерде білім-білігіңізді бағалап, қадіріңізді біліп, қолқа салып шақырған Канада жұртына сіңірген еңбегіңізге тоқталсақ.
– Мен барған тұста Канада гимнастикасы бауырын жерден зорға көтеріп, тұралап тұр еді. 1999 жылғы әлем чемпионатында елдің ұлттық құрамасы 18-орында қалған еді. 2001 жылы канадалықтар 12-орынға көтерілсе, 2003 жылғы әлем чемпионатында тарихта бірінші рет командалық 5-орынға табан тіреді.
Канада гимнасттары 1976 жылдан кейін олимпиадағатолық құраммен 2004 жылы, 28 жыл үзілістен соң бір-ақ қатысты. Афина олимпиадасында канадалық Кайл Шифелт еркін жаттығуда олимпиада чемпионы атағын жеңіп алды. Шифелтке дейін Канада тарихында гимнастикадан олимпиада чемпионы болмаған екен.
2005 жылы Брандон Онил әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Бұл жігіт екі рет Әлем кубогын жеңіп алды.
2007 жылғы әлем чемпионатында біздің құрама мықтылар қатарынан орын теуіп, Бейжің олимпиадасына толық құраммен қатысу мәртебесіне ие болды.
2009 жылы Лондонда өткен әлем чемпионатының жеңімпазы, жапон гимнасты Кохей Ушимура ұстазы Такаши Кабояши екеуі маған бірнеше рет арнайы келіп, ақыл-кеңесімді тыңдап, бізбен бірге жаттықты. Кабояши менің қасымда 8 жыл бірге тер төкті.
Жапония федерациясы бірнеше рет қолқа салып, қызметке шақырды. Еңбегім жанып, тасым өрге домалап тұрған елден кеткім келмеді. Жапондар ренжіген жоқ. Қарым-қатынастарын үзбей, Канадаға оқу-жаттығу жиындарына келіп тұрады.
Осындай қадіріңді біліп, ізденісіңді бағалайтын елде тірлік кешіп жатырмыз. Маңдайға жазылған тағдыр осы болса, басқа не айтайын.
– Әңгімеңізге көп рахмет! Қайда жүрсеңіз де аман-сау, бақытты болыңыз!