Данияр Елеусінов (69 келі) — Рио олимпиадасының чемпионы!
Қазақстан құрамасының капитаны финалда өзбек Шахрам Ғиясовты 3:0 (29:28, 29:28, 29:28) есебімен жеңді. Алғашқы екі раундта Данияр қаша ұрыс салып жүріп, қажет ұпайларды жақсы жинап алды. Соңғы кезеңде Ғиясов барын салды, алайда ұпай айырмасын сəл қысқартқаны болмаса, алтынға лайық еңбек сіңіре алған жоқ.
«Қазақтың алтын салмағы» атанып кеткен 69 келіде Данияр Елеусінов қатарынан төртінші рет алтын медаль жеңіп алған боксшы болып отыр. 2004 жылы Афинада — Бақтияр Артаев, 2008 жылы Бейжіңде — Бақыт Сəрсекбаев, 2012 жылы Лондонда Серік Сəпиев осы салмақта олимпиада чемпионы атағын иеленді. Салмақ дəрежелері өзгермей тұрған кезде, 2000 жылы Сиднейде Ермахан Ыбырайымов 71 келіде топ жарды. Демек, қатарынан 5 олимпиадада қазақ жігіттері орта салмақтың дарабозы атанып келеді.
Данияр Елеусінов Олимп биігіне барар жолда Серік Сəпиевтің соқпағымен жүрді десек те болады. Серік алғашқы олимпиадасында (Бейжіңде) 64 келіде сынға түсіп, ширек финалда сүрінді, тай Манус Бунжамноңнан ұтылды. Данияр болса, əуелі Лондонда 64 келі салмақта ширек финалдан аса алмай, италиялық Д.Манжиакапреге есе жіберді. Серік Лондон олимпиадасына 69 келіде бақ сынады, Қазақстан құрамасының капитаны болды. Данияр да биыл Бразилияға капитан ретінде аттанып, 69 келіде топ жарды. Олимп биігіне шығардан бір жыл бұрын, 2011 жылы Сəпиев əлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленді. Ал Елеусінов өткен жылы Доһадағы əлемдік доданың финалында Мұхаммед Рабииге (Марокко) есе жіберіп, вице-чемпион атанды. Міне, чемпиондарымыздың өмір жолындағы ұқсастық осындай.
Данияр Елеусінов қазақ боксшыларының Атлантадан бергі жеңіс жолын жалғады. Ол — Жиров, Саттарханов, Ыбырайымов, Артаев, Сəрсекбаев, Сəпиевтерден кейін чемпион атанған жетінші былғары қолғап шебері. Биыл ол Қазақстан құрамасының қоржынына Н.Рахимов (ауыр атлетика), Д.Баландиннен (жүзу) кейін үшінші алтынды салды.