Қазақстан чемпионаты
22 тур. 30 шілде
«Шахтер» – «Тараз» – 0:1 (Морис, 83)
«Атырау» – «Тобыл» – 1:0 (Сикимич, 28)
«Оқжетпес» – «Қайсар» – 3:1 (Марочкин, 15, Волков, 20, Козлов, 81 – Курьор, 68)
«Ақжайық» – «Ертіс» – 0:1 (Бугаев, 18)
«Ақтөбе» – «Қайрат» – 1:2 (Шестаков, 50 –  Гоу, 29-пенальтиден, Жуков, 77)

Бұл турдағы «Ордабасы» — «Астана» кездесуі 7 тамызға жоспарланғандықтан, «Қайрат» аз күнге болса да чемпиондарға мейлінше жақындауға мүмкіндік алды. Бұл мүмкіндікті алматылықтар сәтті пайдаланды. «Ақтөбемен» кездесу «Қайраттың» жаңа бас бапкері Карлос Феррердің басшылығымен өткен бірінші ойын болатын. Тартысты кездесуді Г.Жуковтың шеберлігі шешті. Ол 77 минутта айып алаңында екі қорғаушыны бірдей алдап, алыс тоғыздыққа тамаша гол соқты. Бұл ойында Ж.Гоу биылғы маусымдағы 15 голын соғып, мергендер көшін жеке-дара өзі бастады.

«Тараз» сырт алаңда «Шахтерді» 1:0 есебімен тізе бүктіріп, екі айналым қорытындысы бойынша үздік алтылыққа енді. Маусым басында ғана жасақталған команда осылайша тур сайын ширап келеді. Тараздықтар соңғы 4 кездесуде 10 ұпай жинады.

«Атырау» өз алаңында «Тобылды» жеңді. Ал қостанайлықтардың осы сәтсіздігін «Ертіс» сәтті пайдаланып кетті. «Пентакампеондар» Оралға сапарлап, үш ұпай олжалап қайтты. Бұл матчта Ф.Коронель пенальти соға алмады. Оралдықтардың жеңіссіз матчтар сериясы 12 ойынға жетті. Соңғы рет «Ақжайық» 5 мамырда қарсыласынан басым түскен болатын.

«Оқжетпес» өз алаңында «Қайсарды» еркін жеңіп, 4 матчқа созылған сәтсіздік сериясына нүкте қойды.

Премьер-лига ойындары енді аз үзілістен кейін 12-13 тамыз күндері жалғасады. Кәсіпқой футбол лигасы кеше ІІІ айналым кестесін жариялады. 23 турда «Тараз» — «Ақжайық», «Қайсар» — «Тобыл», «Атырау» — «Ертіс», «Шахтер» — «Ордабасы», «Оқжетпес» — «Қайрат», «Ақтөбе» — «Астана» кездесулері өтеді. Соңғы, 33 тур 5 қарашаға жоспарланған.