«Барыс» командасының шабуылшысы Найджел Доус «Слованмен» (Братислава, Словакия) кездесуде ҚХЛ рекордын жаңартты. Ол ойынның 2 және 43, 43 минуттарында 3 шайба енгізіп, лигадаға хет-триктерінің санын 9-ға жеткізді.
Доус «Барыс» сапында 2012/2013 маусымынан бері өнер көрсетіп келеді. Ол «Амур», «Адмирал», «Лада», «Металлург» М командаларының қақпасына — бір реттен, «Медвешчак» және «Салауат Юлаев» қақпасына екі реттен хет-трик жасады. Міне, осы қатарға енді «Слован» да еніп отыр.
Бұдан бөлек, Найджелдің еншісінде 2013 жылы сырт алаңда «Трактар» қақпасына соғылған бір «покер» бар.
Доус ҚХЛ-дың бұрынғы рекордшысы Сергей Мозякинді артқа тастады. Ол Магнитогордың «Металлургының» сапында 8 хет-трик жасаған еді.
Данис Зарипов болса, 2 команда сапында 8 хет-трик тіркеді. Ол «Ақ Барыс» (Қазан, Татарстан) құрамында — 3, «Металлургте» М 5 хет-трик жасады.
Биылғы маусымда Доус ерекше нәтижелілігімен таң қалдырып отыр. Қазірдің өзінде ол 37 (28 гол+9 пас) жинап, мергендер сапында көш бастап келеді. Мергендік көрсеткіші бойынша Найджел СКА шабуылшысы Илья Ковальчукті көз ұшына тастап кетті. Ковальчук еншісінде 20 дәл соққы бар.
«Слованды» тізерлеткеннен кейін «Барыс» Шығыс конференциясында екінші орынға көтерілді.