Əлем чемпионатында қыздарымыздың арасынан Эльмира Сыздықова ғана жүлдеге таласуға мүмкіндік алды. Ол бүгін түнде қытай қызы Ю Ханмен қола жүлдеге таласады.

Сыздықова 1/8 финалда германиялық Алине Фокеннен 3:9 есебімен жеңіліп қалды. Бұдан кейін іркілмей, барлық қарсыласын тұқыртқан Фокен финалға шықты да, Эльмираға жұбаныш белдесулеріне жол ашылды. Отандасымыз əуелі литвалық Дануте Домикайтитені 3:23 минутта таза ұтты. Одан кейін моңғол қызы Насанбурмаа Очирбатты 7:5 есебімен еңсерді. Айта кететін жайт, Сыздықова Домикайтитемен күресіп жатқанда, Очирбат осы белдесудің жеңімпазын күтіп отырды. Демек, біздің балуанға қарағанда тың болды. Сонда да Сыздықова барын салды, таразы басын өзіне аударды.

Өзге отандастарымыз қуанта алған жоқ. Естеріңізде болса, Э.Сыздықова өткен жылы қазақ қыздарының арасынан бірінші болып олимпиада жүлдесін  (қола) алып еді. Енді сол жүлдеге əлем чемпионатының қола медалін қосатын мүмкіндігі бар. Сəт дейік!