Дзюдодан Әзербайжан астанасы Бакуде өткен халықаралық «Гранд слэм» турнирінде отандасымыз Ислам Бозбаев 90 келі салмақ дәрежесінде топ жарды. 

Бозбаев белдесулерінің нәтижелері: 

1/8 финал. Аслан Мырзаев (Әзербайжан) — Бозбаев иппонмен ұтты

1/4 финал. Ван Тенд Неол (Голландия) — Бозбаев вазари алтын ұпайын иеленді

Ж/финал. Тұрал Сафгулиев (Әзербайжан) — Бозбаев иппонмен ұтты

Финал. Мәмедәли Мехдиев (Әзербайжан) — Бозбаев 2 вазаримен ұтты

Бозбаев соңғы рет 2015 жылдың маусым айында Будапешт Гран-приіне қатысып, 7 орын алған еді. Сол жылы ол Астанада өткен әлем чемпионатында екінші айналымнан аса алмай, француз балуаны Александр Иддирден жеңілді. Бұдан кейін режим бұзғаны үшін 2 жылға айыпталып, барлық ірі жарыстардан шет қалды. Оның айып мерзімі 2017 жылдың тамыз айында бітуге тиіс еді. Дегенмен Қазақстанның дзюдо федерациясы айып мерзімін қысқартып, Бозбаевтың жарыстарға қатысуына мүмкіндік берді. 25 жастағы спортшы енді жеңіс жолын қайта түскен сияқты. Бакудегі табысынан кейін Бозбаевтың рейтингіне 1000 ұпай қосылады. Демек, 2020 жылғы Токио олимпиадасына ұпай жинау сәтті басталды деуге болады. 

Баку турниріне елімізден 14 дзюдошы қатысты. Ғұсман Қырғызбаев (60 келі), Севара Нышанбаева (57), Зере Бектасқызы (70) және Альбина Амангелдиева жарысты V орынмен қорытындылады.