2016 жылы Қазақстан ұлттық құрамасын жаттықтырған Талғат Байсуфиноа жаңа қызметке тағайындалды. Енді ол – Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері.

2017 жылы орнын күтпеген жерден ресейлік А.Бородюк басқан соң, Талғат Мәруаұлы Қазақстан футбол федерациясында техникалық директор қызметіне ауысқан-ды. Оның басшылығымен Қазақстан құрамасы 7 кездесудің екеуінде жеңіске жетті, төрт рет тең ойнады, екі ойында жеңілді. Бұған дейін Қазақстан жастар құрамасын В.Никитенко жаттықтырған еді. Ол биыл «Тобылдың» тізгінін ұстады.

Дегенмен әлі күнге ұлттық құрама тағдыры анық емес. Бас бапкер А.Бородюкпен келісімшарт тоқтатылғаны туралы бір ақпарат айтылды да, артынша ҚФФ «ресми мәлімдеме жасалады» деп тұжырды. Бірақ мәлімдеме екі аптадан бері айтылған жоқ.

Федерацияның өзінде де үлкен өзгеріс бар. Президент С.Байшақов өз еркімен отставкаға сұранды. Оны кім алмастыратыны ақпан айындағы кезектен тыс жиналыста мәлім болады. Ал көп сынға ұшыраған бас хатшы Қ.Әубәкіров жаңа жыл қарсаңында «отбасы жағдайына» байланысты қызметтен кетті де, оның орнын Қазақтан кәсіпқой футбол лигасының басшысы А.Айтқожин басты.