Рио олимпиадасында түрлі оқиғалар жұртты елең еткізіп үлгерді.
1).Француз гимнасы Самир Айт Саид қол тіреп секіру сынында сол аяғын екі жерден сындырып алды. «Соры қайнаған» спортшыны алып кетуге келген медицина қызметкерлері дұрыс ұстамай, жерге құлатып та алды. Бірақ зембілге жақсылап таңылған спортшы абырой болғанда, басқа жерін зақымдаған жоқ. Саид 2012 жылғы Лондон олимпиадасында дәл осы бағдарламада оң аяғын сындырып алған-ды. Сол жарақат гимнасттың психологиясына қатты әсер еткен көрінеді.
2). 52 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен дзюдошы Майлинда Кельменди Косовоның тұңғыш олимпиада чемпионы атанды. 2008 жылы тәуелсіздігін жариялағанмен, БҰҰ-ға мүше 193 елдің 109-ы ғана мойындаған Косово биыл дербес ел ретінде тұңғыш рет олимпиялық ойындарға қатысқан-ды. Кельменди олимпиаданың ашылу салтанатында ту ұстаушы болды. Оны жеңісімен ХОК президенті Томас Бах құттықтап, алтын жүлдесін мойнына тақты.
RIO DE JANEIRO, BRAZIL — AUGUST 07: Majlinda Kelmendi of Kosovo (blue) shows her emotions as she celebrates winning the gold medal against Odette Giuffrida of Italy during the Womens -52kg gold medal final on Day 2 of the Rio 2016 Olympic Games at Carioca Arena 2 on August 7, 2016 in Rio de Janeiro, Brazil. (Photo by Laurence Griffiths/Getty Images)
3).Әлемнің бірінші ракеткасы Новак Джокович (Сербия) Рио сынында алғашқы айналымнан-ақ жарыстан шығып қалды. Ол аргентиналық Хуан Мартин Дель Потродан 6:7, 6:7 есебімен ұтылды. Осылайша Джокович олимпиада чемпионы атағын тағы төрт жыл кешеуілдетіп алды. Ол 2008 жылы Бейжің олимпиадасында қола жүлдеге қол жеткізген болатын.
4).Өзбекстандық гимнаст Оксана Чусовитина өзінің жетінші олимпиадасына қатысып жатыр. Қол тіреп секіру бағдарламасының шебері 1992 жылы Барселонада ТМД құрамасы сапында командалық сынның алтын жүлдесін жеңіп алған еді. Одан кейін Өзбекстан атынан сынға түсіп, әлем чемпионаттарында, Азия ойындарында олжа салды. 2002 жылы ұлы Әлішердің сырқатына байланысты Германияға қоныс аударып, 2012 жылға дейін осы елдің намысын қорғады. Бейжің олимпиадасының күміс жүлдесін иеленді. 2013 жылы қайтадан Өзбекстан азаматтығын алып, Рио олимпиадасының іріктеуін сәтті аяқтады. 41 жастағы ардагер спортшының қарсыластары ұлы Әлішермен қатарлас – 17-20 жас маңайындағылар.
5).Голландиялық велошабандоз қыз Аннемик ван Влөтен мәреге 6 шақырым қалғанда қатты құлап, ауыр жарақаттанды. Ол қарсыластарынан 40 секунд алда келе жатыр еді. Еңісте шайтанарбасының алдыңғы дөңгелегі ойыққа түсіп кетіп, Аннемик рөлден асып барып шалқадан түсті. Жолдың тас жиегіне бас мен қабырғасын ұрып, дәрігерлер келгенше еш қозғалыссыз жатып қалды. Шайтанарбашы қыздың сегізкөзі үш жерден сынғаны және миы шайқалғаны кейін белгілі болды.
6).Арли Чонтеймен бір салмақта сынға түсіп, олимпиаданың қола жүлдесін жеңіп алған тайландтық зілтемірші Синхпет Круайтхоң өз табысына қуанып та үлгермеген болар. Оның әжесі теледидардан дәл сол трансляцияны тамашалап отырып о дүниеге аттанып кетіпті. Немересінің табысы кейуананы қатты толқытып жіберді ме екен…
Есей! Сайтың құтты болсын!!! Саған үлкен жетістіктер тілеймін, аман бол!!!
Рахмет!
Сайтыңыз әрбір спорт сүйер қауымның көңілінен шықсын және қаралымы көп болсын!
Рахмет!
Есаға,мынау бір əдемі дүние екен. Сайтыңыз құтты болсын!Ісіңізге Алла береке берсін!