Қазақстандық бапкер Владимир Чебурин Литва чемпионатында топ жарды. Ол жаттықтыратын «Судува» командасы соңғы турда өзінің басты қарсыласы «Жальгирис» командасын қабылдайтын еді. «Судува» еншісінде – 68, «Жальгиристе» 67 ұпай болды. Матч тең аяқталса, Чебурин шәкірттерінің чемпион атануына жеткілікті болар еді.
«Судува» күткеннен де жоғары нәтиже көрсетіп, 3:0 есебімен жеңіске жетті. 7 минутта Самир Керла есеп ашты, бір минут өтер-өтпестен Каролис Лаукземис чемпиондар қақпасының және бір саңылауын тапты. 45 минутта Андро Сврлюга тағы доп енгізіп, «Судуваның» үстемдігін нықтай үсты. 71 ұпай жинаған марямполеліктер тұңғыш рет ұлттық біріншілікте топ жарды.
«Судува» бұған дейін 2007 және 2010 жылдары Литва вице-чемпионы атанды, 4 рет қола жүлде жеңіп алды. 2006, 2009 жылдары Литва кубогын иеленді. Биыл Чебуриннің жетекшілігімен Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде жақсы өнер көрсетіп, «Шахтер» (Беларусь), «Левадия» (Эстония), «Сьон» (Швейцария) командаларын жолда қалдырды. Плей-офф кезеңінде Болгария чемпионы «Лудогорец» командасына жол берді (0:0, 0:2). Бұған дейін «Судува» еурокубоктарда осынша ұзақ өнер көрсеткен емес.
Ал В.Чебурин – қазақстандық бапкерлер арасында шетел чемпионатын ұтып алған тұңғыш жаттықтырушы. Оған дейін әр жылдары Т.Сегізбаев, В.Фомичев, Д.Огай, т.б мамандар шетте еңбектеніп көрді.
— Бүгін жаңа чемпион – мінезді, алдына мақсат қойып, соған жете алатын команда дүниеге келді. Біз ұзақ жол жүріп өттік және елеулі іс тындырдық. Аяқтан тартқан мәселе аз болмаса да, оның бәрін шештік. Үлкен жеңіске әуелде сене қоймағанымыз рас, дегенмен сенім әр жеңіс сайын беки түсті, – деді В.Чебурин.
Ол Литвада екінші командамен жұмыс істеп жатыр. 2014 жылы «Круоя» командасын жаттықтырып, күміс жүлде жеңіп алған еді. Өткен жылы «Судувамен» келісімшарт жасасып, мәреге үшінші болып жетті. Чебурин Қазақстанда «Шахтерді» және «Оқжетпесті» жаттықтырып, қарағандылықтарды 2009 жылы қола медальға жеткізді. Сол жылы «Шахтер» Қазақстан кубогының финалында ойнады.