Риода 56 келіде сынға түскен Қайрат Ералиев 1/8 финалда өзбек боксшысы Мұратжан Ахмадалиевтен 0:3 (28:29, 28:29, 28:29) жеңіліп қалды. Қайрат өзінің жеңілмегеніне, төрешілердің бұра тартқанына сенімді. Бас бапкер Мырзағали Айтжанов шәкіртінің І және ІІІ раундтарда басым болғанын айтады. Алайда жеңілген соң қылышты тасқа шауып бекер. Қайрат елге жүлдесіз оралады.
56 келі – даңқты Бекзат Саттарханов сынға түскен салмақ дәрежесі. Яғни, қазақ боксы тарихында дәл осы салмақта жеңіс дәстүріміз жаман емес. Ендеше, қазіргі батырларымыз неге сол биіктің етегіне де жақындай алмай жүр? 2000 жылдан кейін ешбір боксшымыз бұл салмақта олимпиада жүлдесіне ілініп көрген жоқ. Өкінішті-ақ…
2012 жылғы Лондон олимпиадасына дейін бұл салмақ 57 келі шегінде еді. Бекзат та олимпиада алтынын 57 келіде ұтып алды. 2012 жылы салмақ дәрежелері қоғамдастырылып, 54 келі мүлде жойылды да, 52 келі 51-ге, 57 келі 56-ға өзгерді. Бірақ одан біздің боксшылар табысы жақсарып кеткен жоқ.
Ең алғаш бұл салмақта ел намысын Атланта олимпиадасында Бақтияр Тілегенов қорғады. Бірақ ол алғашқы іріктеу кезеңінде кейін кәсіпқой бокста зор табысқа жеткен Флойд Мейуезерден (АҚШ) ІІ раундтың 57 секундында нокаут алып қалды.
Сиднейде Бекзат Саттарханов Қазақстанға алтын медаль сыйлады. Ол румын Овидий Тибериуді – 14:5, оңтүстікафрикалық Джефри Матебуланы – 16:5, түркиялық Рамазан Палианиді – 12:11, марокколық Таһир Тамсаманиді 22:10 есебімен жеңді. Финалда америкалық Рикардо Хуаресті 22:14 есебімен қапы қалдырып, 20 жасында олимпиада чемпионы атанды. Амал не, 2000 жылдың 31 желтоқсанында Бекзат өмірден өтті.
Афина олимпиадасында ел намысын әлем чемпионы Галиб Жафаров қорғады. Ол әуелі Ахмед Сохалиді (Пәкстан) нокаутқа жіберді, 1/8 финалда өзбек Бекзат Қыдыровты ірі есеппен (40:22) ұтты. Ширек финалда Галибтің жолын болашақ олимпиада чемпионы Алексей Тищенко (Ресей) кесіп кетті – 26:36.
Бейжің олимпиадасында да Жафаров сынға түсіп, бірінші кездесуде-ақ әзербайжан Шахин Имрановқа есе жіберді – 5:9.
Лондон олимпиадасында 56 келі болып өзгерген салмақ дәрежесінде Қанат Әбутәліпов сынға түсті. Ол олимпиадаға WSB сындары арқылы жолдама алған-ды. Қанат Вессам Сейланнан (Дания) 21:6 есебімен басым түсіп, ширек финалда болашақ күміс жүлдегер Джон Джой Невиннен (Ирландия) 10:15 есебімен ұтылды.
Міне, байқап отырғандарыңыздай, соңғы үш олимпиадада 56 (57) келі салмақ дәрежесінде сынға түскен отандастарымыз ширек финалға жетсе жақсы, жетпесе ерте сүрініп жатты. Биыл да сол соқпақты шиырлап қайттық. Екінші Бекзат қашан шығар екен?