2018 жылғы әлем біріншілігіне іріктеу
Е тобы
5 қазан. Румыния – Қазақстан – 3:1 (Будеску, 33, 38-пенальтиден, Кешеру, 73 – Тұрысбек, 82)
8 қазан. Қазақстан – Армения – 1:1 (Тұрысбек, 62 – Мхитарян, 26)
Қазақстан құрамасы 2018 жылғы әлем біріншілігіне іріктеу кезеңін өте төмен нәтижемен аяқтады. Он ойында 3 ұпай жинады. Бұдан да төмен көрсеткіші УЕФА қанаты астындағы ең алғашқы іріктеуде – 2006 жылғы әлемдік додаға іріктеу кезеңінде тіркеліп еді. Сол жолы отандастарымыз 12 ойынның біреуінде ғана тең ойнағаны есімізде.
Сонымен, бұл іріктеу несімен есімізде қалады?
- Қосылғыштар өзгерді, қосынды – сол баяғы
Өткен жылдың жазында ұлттық құрама бапкері міндетіне Талғат Байсуфинов кірісті. Жыл басында ол бапкер міндетін атқарушы болған-ды. Байсуфинов басшылығымен Қазақстан құрамасы үш жолдастық кездесу өткізіп, соның екеуінде жеңіске жетті, біреуін тең аяқтады. Бұл нәтиже жанкүйер үмітін оятқаны күмәнсіз. 2018 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңін Байсуфинов шәкірттері таңдай қақтырып бастады: «Астана-Аренада» поляктардан 0:2 есебімен жеңіліп жатып, есепті теңестіріп кетті. Одан кейін Қаратау еліне сапар шегіп, отандастарымыз қарымтасыз 5 гол жіберіп қайтты. Румындармен өз алаңымыздағы кескілескен майдан голсыз аяқталды. Содан кейінгі Данияға сапар Ғафуржан Сүйімбаевтың тамаша голымен ғана санада тұр. Бірақ Покатилов бұл кездесуде өз қақпасына 4 гол енгізіп алды. Сөйтіп Қазақстан құрамасы іріктеудің алғашқы 4 кездесуінде 2 ұпай жинап, Армениядан – 1, Румыниядан 3 ұпай ғана артта тұрды.
Арада бір жыл өткенде жағдай қалай өзгерді? Армения – 7, Румыния 13 ұпай жинап, Қазақстанды көз ұшына тастады. Әлем чемпионатының жүлдесіне таласқан Польша, Дания және Черногория құрамалары туралы айтпай-ақ қояйық. Ең басты мәселе – Қазақстан футбол федерациясының басшысы өзгеріп (С.Байшақов келді), 2017 жылдың 27 ақпанында құраманың жаңа бас бапкерін таныстырды. Бұл ешкім күтпеген жаңалық еді. Сырт алаңдағы ресми екі кездесуде ірі есеппен жеңіліп қайтса да, Байсуфинов жетекшілігіндегі құрама жігерсіз емес екені бірден байқалған. Бірақ қашанғы әдетімен, еліміздің футбол федерациясы көпшілікке ештеңе түсіндіріп әуре болған жоқ. Байсуфинов құрама командалар департаментіне ауысты, орнына… Александр Бородюк келді. Иә, бір жыл бұрын ғана «Қайраттың» тізгінін қағып, ел суперкубогын жеңіп алған, алайда премьер-лиганың үш турында жалғыз ұпай ғана иеленіп еліне қайтқан ресейлік маман… Қосылғыштардың орнын ауыстыру кімге қажет болғаны түсініксіз.
- Қорқақ тактика құрбандары
Байсуфинов та, Бородюк те ортақ бір «сырқатқа» ұшырағанын көрсетіп алды. Екі бапкер де ең алдымен өз жанкүйерлерінің көз алдында, яғни Астанада өтетін ойындарға бар күшін салды. Қараңыз: Қазақстан құрамасы былтырғы күзде Черногориядан 0:5 есебімен жеңіліп қайтты. Байсуфинов бұл кездесуге негізгі құрам ойыншылары болып есептелетін С.Сымақовты, Ғ.Сүйімбаевты, М.Байжановты шығарған жоқ. Үш күннен кейінгі Қазақстан – Румыния кездесуінде Сүйімбаевтан басқалары төбе көрсетті. Төбе көрсетіп қана қойған жоқ, жанын сала ойнап, тең нәтижеге көп еңбек сіңірді. Бородюк те осы жолдан тайған жоқ. Армяндарға қарсы Сүйімбаев пен Қуат айыпталуына байланысты қатыса алмады, әйтпесе румындармен үш күн бұрынғы ойынға бапкердің Байжановты, Лорияны неге іркіп қалғаны әлі түсініксіз. Демек, бапкерлерге Астанадағы кездесулер мейлінше қалқа, яғни кез келген мәселеден (мысалы, отставкадан) қорған секілді. Бородюк 2017 жылы өз басшылығымен құрама 7 кездесу өткізіп, соның біреуінде ғана тең түссе де, отставка жайлы тіпті ойланып отырған жоқ. «Енді өз еркіңізбен құрамадан кетесіз бе?» деп сұраған журналистке: «Сіз маған ұрындыратын сұрақ қоймаңыз», – деген маманның әзірге жылы орнын суытуға құлқы жоқ екенін аңғару қиын емес.
Байсуфинов та, Бородюк те іріктеудің 10 кездесуінде (Байсуфинов – 4, Бородюк – 6) де 3-4-2-1 нұсқасын пайдаланды. Яғни әр ойын сайын кемі үш орталық қорғаушыны алаңға шығарды. Логвиненко айыпталып, Шомко жарақаттанып қалғанда Е.Ахметовпен бірге В.Дмитренконы (биыл ала-құла ойнап жүрген, премьер-лигада 15 ойында жеңілген «Шахтердің» қорғаушысы), соңғы кездері алаңнан мүлде көрінбейтін С.Малыйды («Астана») алаңға қойды. Тіпті осы 3 орталық қорғаушы нұсқасының Қазақстан құрамасының ойын өрнегіне тым қолайсыз екенін екінің бірі байқай алады. Команда қорғанысқа көшкенде қапталдағы екі қорғаушы (Сүйімбаев пен Шомко) артқа оралып, біздің қорғаныс шебіміз бес саусақтай жұмылып, жұдырық болуға тиіс еді. Алайда құрама 10 кездесуде 26 гол жіберіп (ойын сайын шамамен 2,6 доп), бұл жүйенің тиімсіз екені әбден дәлелденді ғой. Оның үстіне, екі бапкер де міндетті түрде алаңда екі артқы жартылай қорғаушы ұстады (көп жағдайда Қуат пен Байжанов). Олар қарсыластың шабуылын алаңның ортасынан күтіп алса, сыртында үш орталық қорғаушы әлекедей жаланып тұрса, қақпамызға аз гол соғылса керек еді. Бірақ бәрі керісінше. Соңғы төрт кездесуге айыпталуына байланысты, одан кейін жарақатынан жазылмауына қарай Б.Исламхан қатысқан жоқ. Әрине, Бауыржан ойнаған кезде де құраманың нәтижелілігі аса жоғары болған жоқ. Бірақ 10 кездесуде 6 гол ғана соға алдық. Демек, құрамада мерген футболшы, оған қоса соңғы пас шығарып бере алатын мықтының жоқтығы да жан ауыртады.
- Жігер жоқ болса – дөрекі ойна
Әрнені бір айтып, құраманың 2018 жылғы әлем біріншілігіне іріктеу кезеңіндегі нәтижесін сан-саққа жүгіртуге болады. Бірақ бәрінен абзалы – статистикаға жүгіну. Ал есеп-қисап ешқашан алдамайды, барлық нәрсенің нақты бейнесін ашып береді.
Сонымен, ӘЧІ-2018 іріктеу кезеңіндегі Қазақстан құрамасының статистикалық деректері:
- 1. Отандастарымыз қарсыластар қақпасына 10 ойында 95 соққы (Армения – 84, Румыния – 133, Дания – 135, Польша – 148, Черногория – 100) жасаған. Әр ойынға шамамен 9,5 соққыдан келеді. Оның 23-і қақпаға тура тебілген. Алтауы голға айналған. Демек, Қазақстан құрамасы әрбір төртінші дәл соққысынан гол туындатып отырған. Салыстыра қарасақ: тура соққы Арменияда – 35, Румынияда – 42, Данияда – 59, Черногорияда – 42, Польшада – 58. Поляктардың әрбір екінші тура соққысы қақпада гол болып тулап отырған.
2. Қазақстан құрамасының 52 соққысы қақпадан қиыс кеткен. Әр ойын сайын кемі 5,2 соққыны далаға теуіп отырған. Салыстырсақ: Армения – 37, Румыния – 60, Дания – 65, Черногория – 49, Польша – 50.
3. Қарсы команда қорғаушылары біздің 25 соққыға тосқауыл қойған. 2 соққы қақпа маңдайшасы мен жақтауына тиіп серпілген.
4. 10 кездесуде отандастарымыз 33 рет бұрыштама көтерген. Әр ойынға – 3,3 қана. Демек, қарсыластардың қорғанысына тым аз қысым жасаған деуімізге болады. Салыстырсақ: Арменияда – 37, Румынияда – 52, Данияда – 61, Черногорияда – 35, Польшада 55 бұрыштама болды.
5. Қос қақпашымыз (Покатилов пен Лория) 41 сейв жасаған, 26 гол жіберген. 1 ойында ғана (Румыния – 0:0) қақпаны «құрғақ» ұстай алған.
6. 10 кездесуде отандастарымыз 33 рет ескерту алып, 2 рет алаңнан қуылған (Малый мен Исламхан). Алдымызды ораған Армения құрамасын ғана біз сияқты дөрекі деуге болады. Армяндардың 3 ойыншысы алаңнан қуылды, 22 футболшысы ескерту алды. Салыстырайық: Румыния – 21 ескерту, 1 – алаңнан қуылу, Дания – 12 ескерту, Черногория – 21 ескерту, Польша – 9 ескерту. Демек, шеберлік жетпеген жерде отандастарымыз тым дөрекі ойнауға мәжбүр. Қақпамызға енген 26 голдың бесеуін қарсыластар пенальтиден соқты. 2004 жылдан бергі іріктеу кезеңдерінің барлығында Қазақстан қақпасына осынша 11 метрлік айып добы белгіленген емес.
4. Алда не күтіп тұр?
2018 жылдың жазында УЕФА Ұлттар кубогы басталады. Бородюк қазірден соны ойлап отырғанын аңғартты. Бірақ ресейлік маманнан біздің құрамаға пайда бар ма? Қазақстан құрамасын осы уақытқа дейін 15 маман тізгіндесе, соның ішінде ең төменгі нәтиже – осы Бородюктікі (бір ғана жолдастық кездесуде бапкер міндетін атқарушы болған В.Фомичевті есепке алмай-ақ қояйық). А.Бородюктің 7 ойында жинаған ұпай көрсеткіші – 4,76 пайыз ғана. Оның отандасы Л.Пахомов 9 кездесудің екеуінде ғана тең ойнап (2003-2004 жылдар), 7,41 пайыз тиімділік көрсеткішімен еліне қайтып еді. Бородюк соған да жете алмай қалатын секілді.
Биылғы іріктеу кезеңінен кейін құрамадан кетуі мүмкін футболшылар санаулы ғана. Қақпашы Д.Лория мен жасы 33-тен асқан М.Байжанов қана «қарттық» ауылына таяу тұр. Демек, біздің құрама – салыстырмалы түрде жас команда. Ендеше, осы жас құрама неге жақсы нәтиже көрсетпейді? Өкінішке қарай, жастар құрамасы ұлттық командамен бір мезгілде Еуро-18 іріктеуіне қатысып жатқандықтан, жасы жиырманың айналасындағы жігіттер бұл жолы құрамаға шақырылған жоқ. Әйтпесе, құрама сапынан Д.Жалмұқан, М.Федин, Ю.Перцух секілді жастарды көруге біз де «кетәрі» емеспіз.
- Іріктеу қорытындысы
Е тобынан 2018 жылғы әлем біріншілігіне Польша құрамасы тікелей жолдама алды. Дания қосымша іріктеуге қатысады. Польша шабуылшысы Роберт Левандовски 16 гол соғып, бір іріктеу кезеңіндегі рекордты жаңартты. Қорытынды кесте мынадай:
№ | Команда | Ойын | Ұтыс | Тең ойын | Жеңіліс | Доп | Ұпай |
1. | Польша | 10 | 8 | 1 | 1 | 28:14 | 25 |
2. | Дания | 10 | 6 | 2 | 2 | 20:8 | 20 |
3. | Қаратау | 10 | 5 | 1 | 4 | 20:12 | 16 |
4. | Румыния | 10 | 3 | 4 | 3 | 12:10 | 13 |
5. | Армения | 10 | 2 | 1 | 7 | 10:26 | 7 |
6. | ҚАЗАҚСТАН | 10 | 0 | 3 | 7 | 6:26 | 3 |