105 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен зілтемірші Александр Зайчиков Рио олимпиадасының қола жүлдесін жеңіп алды.
Жұлқи көтеру бағдарламасында ол 185, 190 жəне 193 келіні кезек көтеріп, өзбекстандық Руслан Нурудинов (194) жəне Иван Ефремовтан (194) кейін үшінші сатыда тұрды. Серпе көтеруде Зайчиков 223 келіні бірден көтеріп, екінші мүмкіндігінде 227 келіні еңсере алмады. Үшіншісінде бұл салмақты тік көтерді, төрешілер есепке алды. Алайда қазылар алқасы техникалық қателік кеткенін алға тартып, талпынысты есептен шығарып тастады. Осының салдарынан Зайчиковтың алдын Симон Мартиросян (Армения) орап кетті. Ол 227 келіні бағындырып, қоссайыста Александрдан бір ұпай артық (417 келі) артық жинады. Чемпион атағын Р.Нурудинов иеленді (194+237=431).
— Қола жүлдеге де қанағат білдіремін. Мұндай табысқа жете алмай жүргендер қаншама! Серпе көтеруде төрешілердің талпынысымды есептеп, қазылардың жоққа шығарғаны ауыр тиді. Дегенмен ішкі толқынысымды сыртқа шығарғаным жоқ,- деді Зайчиков.
Қазақстан зілтеміршілері Рио додасында 1 алтын (Рахимов, 77 келі), 1 күміс (Жапарқұл, 69 келі), 3 қола (Горичева, 63 келі, Харки, 69 келі, Зайчиков, 105 келі) жүлде жеңіп алды. Төрт жыл бұрын Лондонда еншімізге 4 алтын бұйырған болатын.