Бәріміз асыға күткен 100 метрге брасс әдісімен жүзу бағдарламасында ұлыбританиялық Адам Пити олимпиада чемпионы атанды. Финалдық сында ол әлем рекордын тағы жаңартты. Іріктеу кезеңінде Пити өзінің былтырғы әлемдік рекордын 0,38 секундқа жаңартса, финалда жаңа рекорды тағы 0,42 секундқа ілгерілетті.

Ал отандасымыз Дмитрий Баландин финалда сегіз спортшының соңы болды. Ол мәреге 59,59 секундта жетті. Яғни, қашықтыққа 0,1 секунды кем бір минутжұмсады. Бұл – Баландиннің Риодағы ең төменгі нәтижесі. Іріктеу кезеңінде – 59,47 секунд, жартылай финалда 59,45 секунд уақыт көрсеткен еді.

Баландин жарыста өте баяу бастағанын, 200 метрліктің өлшеміне сай жылдамдықпен жарысқа кіріскенін, мұның бәрі өзіне зор тәжірие болатынын айтады.

Естеріңізге сала кетейік, 100 метрге брасс әдісімен жүзу сынында қазақстандықтардың олимпиадалардағы ең жоғары нәтижесі – V орын. Бұл жетістікке 2004 жылы Афинада Владислав Поляков (1.01,34) қол жеткізген еді.