22 сәуір күні «Астана» велокомандасының шабандозы Микеле Скарпони өмірден өтті. Мамыр айында басталатын кезекті «Джиро д’Италия» көпкүндігінде ол «Астананың» капитаны болуға тиіс еді. Жақында ғана «Альпі турының» бірінші кезеңінде жеңіске жетіп, Микеле «Джироға» жақсы дайындалып жүргенін аңғартқан-ды.

21 сәуір күні ол «Альпі турын» аяқтап, Италиядағы өз үйіне, Филоттрано қалашығына оралды. Ертеңіне жаттығуға шыққан кезде, бұрылыстардың бірінде автофургон қағып кеткен. Жүргізуші велошабандозды мүлде көрмегенін айтады. Жедел жәрдем тез келіп жеткенмен, Микеленің қаза тапқанын ғана тіркеуге мәжбүр болды…

Барша жанкүйер Скарпони қазасын өте ауыр қабылдады. Италия аумағындағы барлық жарыстар даңқты велошабандозды еске алудан басталды. «Хорватия турының» жаңа кезеңі алдында «Астана» командасының шабандоздарын алға жіберіп, қатысушылар Скарпониге тік тұрып құрмет көрсетті.

«Біз бәріміз сансырап қалдық. Микеленің отбасы, достары мен әріптестері – бәріміз үшін бүл үлкен қайғы. Микеле Скарпони ұлы чемпион болды. Қандай азаматтан айырылып қалғанымызды, жанымызды кемірген қиналысты айтуға сөз жоқ. «Астана» командасының атынан Микеле Скарпонидің отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын» деп жазды бас менеджер Александр Винокуров.

Велоспортта «ұлы чемпион» деген тіркес бар. Ол екінің біріне айтыла бермейді. Мұндай атаққа өмірімен, жетістіктерімен үлгі болған адам ғана жете алады. Винокуровтың нұсқап тұрғаны осы. Скарпони өзінің спорттағы ғұмырын италиялық шағын командаларда бастап, «Джиро д’Италия» көпкүндігінің кезеңдерін, 2009 жылы «Тиррено-Адриатика» жарысын жеңіп алды. 2011 жылы «Ләмпре» командасымен шарт жасасып, «Джирода» топ жарды. Ол жалпы есепте екінші болған-ды. Бірақ көшбасшы Альберто Контадор допинг айыбына жығылған соң, Скарпони жарыс жеңімпазы болып танылды.

«Астанаға» ол 2014 жылы келді. Үш жыл ішінде даңқты үш көпкүндікте де өнер көрсетіп, Винченцо Нибали, Фабио Ару секілді капитандарға талмай көмектесті. Ару жарақатын емдеп үлгермегесін, Скарпони алдағы «Джирода» команданың серкесі болуға тиіс еді.

Микеленің артында екі егіз ұлы қалды. Үнемі күліп жүретін, командаластарын жайдары мінезімен баурап алған ұлы чемпион жанкүйерлер есінде де жайсаң қалпында қалатыны сөзсіз…

(«Жас Алаш», №32, 25.04.2017)