Түркияның Анталия қаласында дзюдодан кезекті Гран-при аяқталды. Қазақстан құрамасының қоржыны тоқ. Ең бастысы, әлемдік рейтингте балуандарымыз жақсы ұпай жинап келе жатыр.
Ғұсман Қырғызбаев (60 келі) жарыс жолын жеңіспен жүріп өтті. Ол Батыр Гирбаниязовты (Түркменстан), Баяр Амартувшинді (Моңғолия) және Яң Юңді (Тайпей) жеңіп, финалға жолдама алды. Қарсыласы Өзлу Бекир (Түркия) екеуі негізгі уақытты тең аяқтап, алтын ұпай сарапқа салынғанда, Ғұсман вазариді еншілеп кетті.
Рио олимпиадасының қола жүлдегері Отгонцецех Галбадрах та (48 келі) табысымен қуантты. Жарыс иесі Сентур Гүлқадырды таза жеңіп, жартылай финалда ресейлік Сәбина Гилязованы жерге қаратты. Финалда Ришони Шира (Израиль) отандасымызға қайрат көрсете алмады.
Анталия татамиінде Мариан Ордабаева (63 келі) мен Максим Раков (100 келі) күміс жүлде иеленді. Ордабаева Мажа Благоевич (Хорватия), Ольга Крюкова (Ресей), Катарина Хакер (Австралия) сынды қарсыластарын жеңіп, финалда австриялық Катрин Унтервурцахерге есе жіберді. Ал Максим жартылай финалда ресейлік Нияз Ілиясовты тұқыртып, финалда оның отандасы Адлан Бисұлтановтан жеңілді.
78 келіде күрескен қос балуанымыз Зарина Раифова мен Альбина Амангелдиева қола жүлде иеленіп оралды. Қазақстан құрамасы 2 алтын, 2 күміс, 2 қола медальмен жалпы есепте Ресейден кейінгі екінші орынға қол жеткізді.
Севара Нышанбаева (57 келі) және Азамат Мұқанов (66 келі) жұбаныш белдесулерінде жеңіліп, жарысты 5 орынмен аяқтады. Бұл сынға Қазақстан атынан 22 балуан қатысты.
Осы Гран-приден кейін дзюдошылар рейтингі жаңартылды. Қазақстандық балуандардың көрсеткіштері мынадай:
Ерлер. 60 келі. Елдос Сметов — 8 орын (1737 ұпай), Ғұсман Қырғызбаев — 14 (1250 ұпай), Рустам Ыбыраев — 24 (946 ұпай). 66 келі. Азамат Мұқанов — 18 (1172 ұпай), Елдос Жұмаханов — 36 (562 ұпай). 73 келі. Жансай Смағұлов — 45 (462 ұпай). 81 келі. Әзиз Қалқаманұлы — 25 (730 ұпай). 90 келі. Ислам Бозбаев — 14 (1282 ұпай). 100 келі. Максим Раков — 13 (1222 ұпай). +100 келі. Ержан Шынкеев — 22 (1072 ұпай).
Әйелдер. 48 келі. Отгонцецег Галбадрах — 2 (3200 ұпай). 52 келі. Айкүнім Түйтекова — 50 (348 ұпай). 57 келі. Севара Нышанбаева — 24 (818 ұпай). 63 келі. Мариан Ордабаева — 16 (1159 ұпай). 70 келі. Ділбар Өміралиева — 46 (406 ұпай), Зере Бектасқызы — 48 (384 ұпай). 78 келі. Альбина Амангелдиева — 13 (1387 ұпай), Зарина Раифова — 31 (550 ұпай). +78 келі. Гүлжан Исанова — 23 (798 ұпай).
Анталиядағы Гран-Приде жарыс жеңімпаздарына – 700, күміс жүлдегерге – 490, қола жүлдегерге 350 ұпай берілді.