Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында «Astana Polo Club» шөген клубы «Нұр» қайырымдылық отбасылық балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнап іс-шара өткізді, деп хабарлайды  «Astana Polo Club» клубының баспасөз қызметі.
Алматы облысы, Талғар ауданы, «Ақбұлақ» спорттық сауықтыру кешенінде балалар үшін атқа міну және шөген спорты бойынша шеберлік сабақтары, ойын-сауық пен табиғат аясында тамаша демалыс ұйымдастырылды. Дәмді дастарханнан дәм татқан балаларға спорттық киімдер жиынтығы мен естелік сыйлықтар таратылды.
«Нұр» қайырымдылық отбасылық үйі 1998 жылы құрылғалы бері 70-ке жуық баланы тәрбиелейді. Ұядан ұшқан балалардың орнын жас сәбилер басады. Оның өзге балалар үйінен айырмашылығы балалар үйінің тәрбиеленушілері жанұя жылуын сезініп өседі. Алайда «Нұр» отбасылық балалар үйі зейнеткерлер -Әнуарбек Байсарин мен Тұяқ Есқожинаның жеке бастамалары болғандықтан, демеушілердің көмегін қажет етеді.
«Astana Polo Club» клубы  «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен «Нұр» қайырымдылық отбасылық балалар үйіне арнап қайырымдылық іс-шаралар өткізіп тұруды дәстүрге айналдырмақ» дейді «Astana Polo Club» атқарушы директоры Айдын Жакежанов.
Естеріңізге сала кетейік, «Astana Polo Club» командасы 2016 жылы Аргентинаның Лухан қаласында өткен халықаралық турнирден I орынмен оралған болатын. Сондай-ақ, 2017 жылы Аргентинадағы «Santa Catalina Summer Cup» және «Torneo Summer Polo Match» халықаралық турнирлерде біздің командалар шетелдік шөгеншілерді басып озып, I орыннан көрінді. Биыл өз елімізде өткен «Almaty Snow Polo Cup» халықаралық додадада — I орын өзімізге бұйырды.
Бұл күндері «Astana Polo Club» командасы «Munich Gold Cup 2017» (Мюнхен, Германия, 25-28 мамыр аралығы) халықаралық турнирінде Қазақстанның намысын қорғап жатыр.