Париж (Франция) төріндегі Елисей алаңдарында даңқты «Тур де Франс» суперкөпкүндігі мәреге жетті. Бұл жолы да «Скай» командасының шабандозы Кристофер Фрумның асығы алшысынан түсті.

«Астана» командасының капитаны Ф.Ару 5 орын иеленді. Ол кезеңдер арасында екі күн көшбасшының сары жейдесін киді, 5 кезеңде топ жарды. Сондықтан бұл жолғы жарысты қуанышпен еске алатыны анық.

— Биылғы «Тур де Франста» алғашқы үштікке ілінуді мақсат тұтып едім. Жеңімпаздар тұғырына көтерілуге 45 секунд қана жетпей қалды. Әйтсе де тамағым ауырып, жарыс барысында қатты қиналғанымда есепке алсақ, 5 орын – өте тамаша нәтиже. Тамаша тау кезеңін ұтып алғаныма да көңілім тоқ, оны ешқашан ұмытпаймын. Барын салып маған көмектескен командаластарыма ырзашылық білдіремін. Шешуші кезеңдер алдында Якоб Фульсанг пен Дарио Катальдо құлап қалып, жарыстан шығып кетті. Тау кезеңдерінде осы жігіттердің жоқтығы қатты білінді, – деді Ф.Ару.

«Астана» командасының бас менеджері А.Винокуров та жарыс қорытындысын жоғары бағалады. «Біздің команда жарысты өте жақсы өткізді. Өкінішке қарай, Альпі кезеңдері алдында екі шабандозымыздың жарақат алып қалуы және Фабионың сырқаттануы біз күткен нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бермеді. Дегенмен құр қол қайтқанымыз жоқ. Бесінші кезеңдегі тамаша жеңіс пен бірнеше күн киген «сары жейдеміз» және жалпы есептегі бесінші орын – өте жоғары көрсеткіш», – деді ол.

К.Фрум «Тур де Франста» төртінші рет дараланып отыр. Ол 2013, 2015, 2016 жылдары жеңімпаз атанып еді, биыл да чемпион атағын сақтап қалды.

«Тур де Франс» қорытындысы:

  1. Кристофер Фрум (Ұлыбритания, «Sky») – 86:20:55
    2. Ригоберто Уран (Колумбия, «Cannondale-Drapac») – +0:54
    3. Ромен Барде (Франция, AG2R) – +2:20
    5. Фабио Ару (Италия, «Астана») – +3:05
    42. Андрей Зейц (Қазақстан, «Астана») – +1:59:09
    59. Михаэль Вальгрен (Дания, «Астана») – +2:25:36
    65. Алексей Луценко (Қазақстан, «Астана») – +2:39:10
    86. Бақтияр Қожатаев (Қазақстан, «Астана») – +3:04:11
    108. Дмитрий Груздев (Қазақстан, «Астана») – +3:24:42
    113. Андрей Гривко (Украина, «Астана») – +3:32:14.