Қоланы қайтарасың-ау, Сынкраян…

Октябрь 11th, 2016 | by Есей

Ауыр атлетика

1

Рио олимпиадасының ауыр атлетикадан 85 келі салмақ дәрежесіндегі қола жүлдесі ресми түрде отандасымыз Денис Улановқа табысталуы мүмкін.
Бүгін Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) өзінің ресми сайтында (http://www.iwf.net/) Рио олимпиадасына арналған журналының ғаламторлық нұсқасын жариялады. Осы журналдың 39 бетінде Риодағы 85 келі салмақ сынының ресми қорытындысы беріліп, қола жүлдегер отандасымыз Денис Уланов екені көрсетілген. Оның нән суретінің астына «Денис Улановтың арқасында Қазақстан тағы бір қола медаль иеленді» деп жазылған. Ал олимпиадада даңқ тұғырының ІІІ сатысына шыққан румын Габриель Сынкраян тізімнің соңына DSQ таңбасымен көрсетіліпті. Бұл — «айыпталған» дегенді білдіретін белгі.

Рио олимпиадасында Сынкраян қоссайыс қорытындысында 390 ұпай (173+217) жинады. Уланов та дәл сондай көрсеткішке қол жеткізгенмен (175+215), румын ауыр атлетінен салмағы сәл ауырлау болғандықтан жүлдеден тыс қалды. Сынкраянның салмағы — 84,33 келі, Улановтікі 84,95 келі еді.
Рио додасы аяқтала салып, нақты айтқанда, 30 тамызда Сынкраянның сынамасынан допинг табылғаны туралы сөз гу ете қалды. Бірақ бұл сөз не терістелген жоқ, не расталған жоқ.
Журналдың 38 бетінде 85 келі салмақтағы жүлделердің жай-жапсары толық айтыла келіп, мынадай ой түйінделеді (сөзбе-сөз беріп отырмыз): «румын спортшысы Сынкраян өзінің қола медалімен қош айтысуы мүмкін. Өйткені, ерлер арасындағы 85 келі салмақта жаңа рейтинг бекітіледі. Ресми мәлімдеме айтылмай тұрып-ақ,  допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін Сынкраянның өз олимпиялық медалінен айырылатынын Румыния мемлекеттік телеарнасы хабарлап қойған болатын. 85 келіде қола алған 27 жастағы румын спортшысы «күнәлілер» қатарынан саналады:  ол 2013 жылы жарыстардан тыс кезде алынған сынама қорытындысында ұсталып, 2 жылға айыпталған болған. Енді тіпті өзінің спорттық ғұмырымен қош айтысуы ғажап емес. Оның орнын қазақ атлеті, 2016 жылғы Азия чемпионы Денис Уланов иеленуі мүмкін. Ол олимпиада тұғырына салмағының ауырлығынан ғана шыға алмады, әйтпесе Сынкраянмен бірдей ұпай жинады». Байқасаңыздар, шешім әлі де ресми және нақты емес. «Қола медальді Уланов алуы мүмкін» деген болжам ғана айтылған.


Әлемдік федерацияның журналы мен сайты қателеспейтін болар. Не де болса әліптің артын бағамыз.
Егер қола жүлде шығысқазақтандық ұланымызға табысталар болса, Қазақстанның Риода иеленген медальдар саны 18-ге жетеді (қазір 3 алтын, 5 күміс, 9 қола).
Бразилия жерінде өткен додада Қазақстан ауыр атлеттері 1 алтын (Н.Рахимов), 1 күміс (Ж.Жапарқұл), 3 қола (Ф.Харки, К.Горичева, А.Зайчиков) жеңіп алды.

Did you enjoy this article?

One Comment

  1. Өскемен says:

    Қола тұрмақ алтын алсын өткен дәурен және өкінішті әурең, Ильин ақталды деген ақпарат болса міне той!!!болмаса сенім жәйлі сенімнен емес киелі кітаптардан сұраныс.